Алайда ол ешкімге өкпе артқан емес. Еңбексүйгіш, өмірдің жағымды жақтарын көруге тырысады.
Балалар үйінен шыққан соң, 2000 жылы Қарағандыдағы училищеге тапсырып, сылақшы мамандығын меңгеріп шығады. Осы жұмысты жаны сүйетін. Өзі армандаған құрылыс саласында қазір де еңбек етіп жүр. Бір қыз бен ұлдың анасы.
2010 жыл оның есінен кетпейді. Қарағандыда болатын. Жолдан өтіп бара жатқанда аяғын автобус басып кетті. Зақымданған аяғымен 8 жыл алысты. Ақырында дәрігерлер аяғын алуға мәжбүр болды. Иә, 2018 жылы ол бір аяғынан айырылды.
«Бұл жағдай маған оңай тиген жоқ. Қиналдым. Ұлым ол кезде 4 жаста болатын. «Мама, уайымдама, мен өскенде аяғыңызға ең қымбат, ең керемет протез алып беремін» деді. Маған осы сөз күш берді. Одан бері біраз жыл өтті. Қолымнан келгенше жұмыс істеп келемін. Ертең не боларын білмейміз ғой. Әр күнімде бағалаймын, шүкір етемін. Рас, кейде бәрінен шаршайтын кез болады. Бірақ мен тез қалпыма келемін. Балаларым шабыт береді. Ештеңеден қорықпаймын, тіпті өлімнен де. Тек балаларым балалар үйінде өспесе екен... Оларды жеткізсем деймін. Бар тілегім – осы», – дейді Жанна Бакенова.
Өзінің айтуынша, Жаннаның аурухана мен үй арасында жүргеніне жолдасы шыдамай, өз жөнімен кеткен. Қазір қызы, ұлы үшеуі Теміртауда тұрады. Қызы 17-де. Ұлы Арман биыл бірінші сыныпқа барады.
«Ұлым сабақты күтіп жүр. Өте сезімтал, ерке. Жақында сабағына қажетті дүниелерді Nur Otan партиясы алып берді. Осы үшін партияға шын жүрегімнен алғыс айтамын», – дейді.
Жанна – еңбекқор. Уақытын бос өткізген емес. Құрылыста жұмыс істейді. Талай адамның үйін сылап берді. Олар Жаннаның кәсібилігіне, тиянақтылығына дән риза. Ал тапсырыс болмаған кезде, қолдан түрлі дүниелер тоқиды.
Бір өкініштісі, енді оның екінші аяғы да ауырып, сыр бере бастапты. Балаларын уайымдап отырғаны да сондықтан болар...
https://www.youtube.com/watch?v=1T-fEDtJvns