Құқық қорғау органдарының деректеріне сүйенсек, Ольга Клейнард біздегі алаяқтарды басқарған. «Ақшаның астында қаламын» деп алданғандардың есебі мыңнан асып жығылады. Ал одан келген залалдың сомасы болса, тіпті миллиард теңгеден асады. Қазақстан төңірегіне жауапты ұйымдастырушы Беларусь аумағында ұсталған. Экстрадиция нәтижесінде ол бүгінде Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілген. Күдікті тергеу изоляторында. Бұған дейін Questra World компаниясының тобына қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сегіз адамның тұтқындалғаны белгілі болған. Оның ішінде төртеуі – қазақстандық азамат. Олар қаржы пирамидасының аумақтық филиалдарын басқарған. Алаяқтардың жұмысы былайша өрбіген: инвестициялық портфельдер сатылатыны туралы ақпарат веб-сайтқа салынады. Ал ондағы ақпарат, әлбетте, шындыққа жанаспайды. Сөйтіп, ауадан ақша табуды көздегендер компанияға адам тартып, инвестициядан түсетін табысты жылына 300 пайыздан астам деп сендірген. Осылайша, оңай табысқа жүгіргендер ақша құйып, артынша қолда барынан қағылған. Questra World Қазақстаннан бөлек, бірнеше елде де жұмыс істеген. Біздегі қаржы пирамидалары тұтынушы кооперативтері, жалған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, түрлі коммерциялық интернет-жобалар түрінде іске асырылады. Алаяқтар тұрғындардың аңқаулығы мен табан астында байып кетуге құмарлығын пайдаланып, алдап-арбайды. Қатысушылар болса, мұның соңы заңмен қудаланатынын аса бағамдай бермейді. Қаржы пирамидасы – жаңа салымшылардың есебінен табыс табудың заңсыз түрі. Сондықтан мұндай қадамға барып алданып қалмас үшін заңдық және қаржылық сауат қажет. Олай болмаған жағдайда сан соғып қалатындардың қатары толыға береді.
Айша ЕРСҰЛТАН