Тіркелгендер 6 мыңнан асты
Тіркелгендер 6 мыңнан асты
5,128
оқылды
– Қазіргі таңда қазақстан­дық­тар­дың праймеризге деген қызығу­шылығы өскенін байқап отырмыз. Соңғы 2 айда бізге ша­мамен 15 мың қазақстандық прай­мериздің өту шар­тын түсін­діруі­мізді өтініп хабарласты. Праймериз бастал­ған бір апта ішінде «Nur Otan» қатарына 6 мыңнан астам адам тір­кел­ді, – деді пар­тия хатшысы. Сондай-ақ Марат Сембеков ауыл шаруашылығы өкілдерін алдағы прай­мериз мүмкіндіктерін барынша пайда­ланып, өз сала­сындағы маңызды мәсе­лелерге қатысты ұсыныс-пікірін біл­діруге ша­қырды. Одан бөлек, «прайме­риз­ге кімдер қатыса алады, үміт­керге қойы­латын шарттар қандай?» деген сұрақ­тарға слайд арқылы жауап берді. – Біз сіздерден конструктивті ұсы­ныс күтеміз. Партия кез кел­ген ұсы­нысқа ашық екенін айт­қым келеді. Әлеу­меттік желілер арқылы азамат­тардың барлығы праймериздің өту тәртібін біле бермейтінін көрдік. Сол себепті біз қазір түрлі салалық кәсіподақ мүшелері және көшбас­шыларымен кездесіп, праймериз туралы кеңі­рек ақпарат тарату үшін түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Сіздерді де аталған жұмыста белсенді болуға шақырамын, – деді ол. Онлайн форматтағы кездесудің модераторы Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Берік Оспанов болды. Сондай-ақ жиынға еліміздегі жұмыртқа өндірісі қауымдас­тығының бас­шысы Владимир Божко, Қазақстан Омарташылары ұлттық ұйымы­ның басшысы Владимир Тере­щенко сынды ауыл шаруашылығы сала­сының басшылары қатысты. Айта кетейік, 17 тамыздан бастап Қазақстанда «Nur Otan» пар­тиясы праймеризінің үміт­керлерін ұсыну басталды. Үміт­керлер өтінішін қабылдау 28 та­мызға дейін созылады, 7 қыркүйек пен 3 қазан аралығында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек, 14-30 қыркүйек үміт­керлер сайлаушылар алдында жарыссөз өткізеді. Электронды дауыс беру 1-3 қа­зан аралығында өтеді. Алыс шал­ғайдағы ауыл тұрғындары үшін дәстүрлі дауыс беру форматы қа­рас­­тырылған. Прай­мериз қоры­тын­­дысы 5 қазан күні белгілі болады.  

А.ЖАСАНҰЛЫ