– Қазіргі таңда қазақстандықтардың праймеризге деген қызығушылығы өскенін байқап отырмыз. Соңғы 2 айда бізге шамамен 15 мың қазақстандық праймериздің өту шартын түсіндіруімізді өтініп хабарласты. Праймериз басталған бір апта ішінде «Nur Otan» қатарына 6 мыңнан астам адам тіркелді, – деді партия хатшысы.
Сондай-ақ Марат Сембеков ауыл шаруашылығы өкілдерін алдағы праймериз мүмкіндіктерін барынша пайдаланып, өз саласындағы маңызды мәселелерге қатысты ұсыныс-пікірін білдіруге шақырды. Одан бөлек, «праймеризге кімдер қатыса алады, үміткерге қойылатын шарттар қандай?» деген сұрақтарға слайд арқылы жауап берді.
– Біз сіздерден конструктивті ұсыныс күтеміз. Партия кез келген ұсынысқа ашық екенін айтқым келеді. Әлеуметтік желілер арқылы азаматтардың барлығы праймериздің өту тәртібін біле бермейтінін көрдік. Сол себепті біз қазір түрлі салалық кәсіподақ мүшелері және көшбасшыларымен кездесіп, праймериз туралы кеңірек ақпарат тарату үшін түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Сіздерді де аталған жұмыста белсенді болуға шақырамын, – деді ол.
Онлайн форматтағы кездесудің модераторы Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Берік Оспанов болды. Сондай-ақ жиынға еліміздегі жұмыртқа өндірісі қауымдастығының басшысы Владимир Божко, Қазақстан Омарташылары ұлттық ұйымының басшысы Владимир Терещенко сынды ауыл шаруашылығы саласының басшылары қатысты.
Айта кетейік, 17 тамыздан бастап Қазақстанда «Nur Otan» партиясы праймеризінің үміткерлерін ұсыну басталды. Үміткерлер өтінішін қабылдау 28 тамызға дейін созылады, 7 қыркүйек пен 3 қазан аралығында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек, 14-30 қыркүйек үміткерлер сайлаушылар алдында жарыссөз өткізеді.
Электронды дауыс беру 1-3 қазан аралығында өтеді. Алыс шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін дәстүрлі дауыс беру форматы қарастырылған. Праймериз қорытындысы 5 қазан күні белгілі болады.