Телеарнаның хабарлауынша, олардың дені 14 жасқа толмаған қыз балалар.
Педофилдерге қатысты заң күшейгенімен, олардың саны азаймай тұр. Жаға ұстатарлық жарты мыңға жуық факті, алғашқы алты айда ғана тіркелген. Балаға айуандық жасағанның басым бөлігі жақын туысы.
Ішкі істер министрлігі мәліметіне қарағанда жапа шеккен баланың 26 пайызы жақындарының құрбаны. 17пайызы өгей әкесінен зорлық көрсе, 7 пайызын туған әкесі қорлаған. 2 пайыз қауіп балаға көршіден келген. Бұл ресми тіркеуге алынған сандар. Жүздеген факті белгісіз күйде қалуы мүмкін.
ІІМ ӘПК Ювеналды полиция басқармасының бастығы Әсет Оспанов: «Мұндай қылмыстардың ашылмай жатуына өзіндік себебі бар. Балалар көбіне айтпайды, ішінде сақтайды. Сондықтан тергеуші баланың сеніміне кіру үшін бөлмені балаларға арнап дайындаймыз. Ойыншықтар қоямыз. Тергеу міндетті түрде психологтың қатысуымен өтеді. Бала алдымен жақынына айтуы мүмкін. Бірақ олар полицияға айтпай, іштей тынатын жағдайлар да кездеседі», – дейді.
Ал халықаралық рейтингте Қазақстан 120 мемлекеттің ішінде 46-орында тұр. ТМД елдерінде бұл антирейтингте бірінші орында.
Министр Ерлан Тұрғымбаев: «Қоғамдық қозғалыстар мен үкіметтік емес ұйымдар атсалысса екен», – дейді министр.
Айта кетейік, елімізде педофилдерді химиялық кастрациядан өткізу жазасы қарастырылған. Биыл қаңтар-сәуір аралығында 5 педофил осындай химиялық отадан өткен.
https://youtu.be/AzBTUIFrSPw