Себебі, карантинге байланысты олар оқуға бара алмайды. Кейбір жоғары оқу орындары жеңілдік жасап, қашықтан оқуды қолдаса, енді бірі, «келіп оқыңдар» деген талап қойған. Мәселен, Мағжан Сыдықов Уфа университетінде магистратурада оқиды. Пандемия басталғанда ол үйіне оралған. Шымкенттік жігіт оқу жылының соңғы айларын қашықтан оқып, әупірімдеп бітірген.
Кезіндегі оқу озатының оқу үлгерімі қашықтан оқу кезінде төмендеп кеткен. «Бұлай жалғаса берсе, гранттан айырылып қалуым мүмкін», – дейді Мағжан Сыдықов.
Ал Ресеймен шекара әзірге жабық. Ұашан ашылатыны белгісіз.
Ал Омбы университетінің студенті Александр Клепарский: «Біз карантинге қарамастан, оқуға оралуға рұқсат етіледі деп үміттендік. Себебі, қазіргі оқу форматы қатты қиындықтар туғызады. Қашықтан оқыту жеткілікті дәрежеде біліммен қамти алмайтыны анық», – дейді.
Мектепті биыл бітірген түлектердің жағдайы мүлде қиын. Ресейлік жоғары оқу орындары бірінші курс студенттеріне талапты күшейткен. Яғни індеттің таралуына қарамай, университетке келіп оқуды міндеттеп отыр.
Шетелге оқуға түскен жастардың күрделі мәселесімен Білім және ғылым министрлігі құлағдар. Ведомства студенттерге барынша көмек көрсетеміз, деп сендіріп отыр.
Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Гаухар Омарбек: «Егер студенттер отандық университеттерге ауысуды қаласа, біздің тарапымыздан құжаттарды рәсімдеу кезінде жеңілдіктер жасалады. Ол үшін университеттің виртуалды қабылдау комиссиясына жүгіну жеткілікті», – деді.
Бірақ бұл жеңілдік ақылы түрде оқып жатқан студенттерге ғана қатысты. Ал, шетелдік грант жеңіп алған жастарға мұндай жеңілдік қарастырылмаған. Олар Қазақстандағы университетке ауысқанның өзінде ақылы түрде ғана оқи алады.