Балық және балық өнімі нарығының жалпы көлемі 66 мың тонна екен. Бірақ балық өсіргеннен гөрі, аулаған қолайымызға көбірек келеді деп ойлайтын болса керек. Өйткені сандарды сөйлетсек, осы жалпы көлемнің 7,4 пайызы ғана балық өсіргендердің еншісінде. Сондай-ақ экспорттауға 30 мың тонна жіберсек, шетелден әкелетініміз — 43,5 мың тонна өнім. Күні кеше Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев шекараға жақын аудандарды есепке алғанда, біздің 3 млн тонна балық өнімін экспорттауға әлеуетіміз жететінін айтты.
Соңғы жылдары балыққа деген сұраныс әлем бойынша артып келеді. Өйткені оның денсаулыққа қаншалықты пайдалы екеніне көз жетіп отыр. Ғаламдық трендтен Қазақстанның қалғаны жөн болмас. Себебі балық шаруашылығын дамытуға қауқар бар. Тек күрмелген бірнеше мәселені шешіп, дұрыс бағытқа бұрып жіберсе болғаны. Айтпақшы, балық аулап, жеу ғана емес, жасанды су қоймаларында не табиғи ортада балық өсіру де сәнге айналып жатыр. Бұл бір жағы табиғи су қоймаларының ресурстары мен мұхитта балық қорының азайғанын білдіретін болса керек. Себебі табиғи ресурс сарқыла бастағанда орнына соның баламасы – акваөсіру келеді. Мәселен, осыдан 25 жыл бұрын Қазақстанда 100 мың тонна балық аулайтын болыпты. Онда да семіз бекіре балықтар деседі. Ал қазіргі ресми деректерге сүйенсек, ірі деуге келмейтін 35-40 мың тонна балық қана ауланады екен. Енді қайтсе балықты көп өндіруге болады деп басы қатып, өндірушілер жол іздей бастайды. Шетелден алдырайын десе, құйған ақша басқа сайға кететіні бар, халықаралық санкциялар мәселесі бар, қашан жеткізеді деп сарыла күтетіні бар. Бұл – аса тиімді әдіс емес.
Жалпы алғанда, балық шаруашылығында кәсіпшілікпен не акваөсірумен айналысуға болады. Алғашқысының үлесі әзірге жоғары. Табиғи ресурсты игерудің экстенсив тәсілі кәсіпкер үшін оңтайлы екені хақ. Өйткені уақыт пен қаржы шығыны айтарлықтай көп емес. Квота бойынша табиғи су қоймасынан балық аулауға рұқсат алып, өңдеп, сатып, табыс көлемін есептеумен ғана айналысу қажет. Бірақ оның ең үлкен кемшігілі сол: бағалы балық көзден бұл-бұл ұшуы мүмкін. Балықтың табиғи популяциясына кері әсер етеді. Әрі шамадан тыс көп ауланып кетуі де ғажап емес. Яғни, бұл тәсілдің пайдасынан зияны көп.
Күллі әлем қазір кәсіпшілік тәсілден аттап өтіп, жасанды су қоймаларында қолдан өсіруге кірісіп жатыр. Қанша жерден ресурс жетсе де, акваөсіруден алдыңғы орынды Қытай алып отырғаны бұған дәлел бола алады. 1991 жылы әлемдік балық өндірісінде акваөсіру үлесі 20 пайызға әзер жетсе, 2016 жылы жартысына таяп қалған. БҰҰ-ның азық қоры және ауылшаруашылық ұйымының болжамына сүйенсек, 2030 жылға қарай үлесі 54,4 пайыз деседі.
Жыл басында Премьер-Министр Асқар Мамин балық шаруашылығының дамуына бөгет болып тұрған себептерді анықтауға тапсырма берген. Нәтижесінде, мынадай үш мәселеге баса назар аудару керегі белгілі болды: балық аулаудан балық өсіруге көшу, заңнамадағы қайшылықтар және мемлекеттік қолдау шараларының жетіспеушілігі. Біздегі су қоймаларын зерттей келе жылына 600 мың тонна балық өсіруге болатын қоймалар белгіленді. Соған сәйкес балық өсіруге қатысты типтік жобалар жасалды. Демек, балықты кәсіп етемін деушілерге жол ашылып жатыр.