Жұмыссыздар армиясы артып барады
Жұмыссыздар армиясы артып барады
Бүгінгі таңда Қазақстанда жұ­мыс­сыздық деңгейі 5 пайызға же­тіп отыр. Жыл соңына дейін бұл көр­­сеткіш 6,1 пайызға дейін өсуі мүм­­­­­кін. Еңбек министрлігі осын­дай болжам жасады. – Бұл болжамға оң және теріс әсер ететін бірнеше фактор бар. Те­ріс әсері жағына келетін болсақ, бұл ретте пандемияны айтуға бо­ла­ды. Біз қазір пандемияның екін­­ші тол­қыны болатынын болжап отыр­мыз. Егер екінші толқын болса не­месе карантин шаралары жал­ға­сатын болса, әрине ол динамикаға те­ріс әсер етеді. Сонымен бірге, оң фак­торларға келетін болсақ, «Жұ­мыс­пен қамтудың жол картасы» өз нәтижесін беруде, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ви­це-министрі Серік Шапкенов ОКҚ-да өткен брифингте. Ол сондай-ақ «Еңбек» мем­ле­кет­тік бағдарламасын және Жұ­мыс­пен қамтудың жол картасын жү­­­зеге асыру жұмыссыздық дең­гейін 5 пайыз көлемінде ұстап тұ­ру­ға мүмкіндік беретінін айтты. – Жағдайға байланысты атал­ған мәселе қайта қарастырылуы да мүм­кін.  Бірнеше әсер етуші фак­тор бар, біз оларды бақылауды жал­ғастырамыз. Әзірге, жыл соңы­на дейін Қазақстанда жұмыссыздық дең­гейі 6,1 пайызға жетуі мүмкін, – деп сөзін толықтырды вице-ми­нистр. Иә, расымен қазір жалғыз Қа­зақ­станда ғана емес, барлық елде  жұ­мыссыздық мәселесі өзекті. Көр­шілес Ресейде жұмыссыздар са­ны маусым айындағы мәлімет бойын­ша 4 млн 606 мың адам бол­ған. Карантин кезінде Украинадағы рес­ми тіркелген жұмыссыздар са­ны жарты миллион адамнан асқан. Ал Арменияда жұмыссыздық дең­гейі жыл соңына дейін 20 пайызға дейін өсуі мүмкін. Аустралияда жұ­мыссыздық деңгейі өткен айда 7 процентке артқан. Яғни, небәрі бір айда 16 мыңнан астам азамат жұ­мыссыз қалған. Бұл туралы сол ел­дің статистика бюросы хабар­ла­ды. Мекеменің дерегіне сәйкес, мұн­дай көрсеткіш бұл елде соңғы 22 жылда тіркелмеген. Ұлыб­ри­тания­да да жұмыссыздық деңгейі соң­ғы 11 жылда болмаған деңгейге жет­кен. Оңтүстік Кореяда да ко­ро­на­вирус салдарынан жұмыссыздар қа­тары көбейіпті. Соңғы бір жыл­дың ішінде жұмыссыздар саны 0,1 пайыздан 4 пайызға артып, 277 мың­ға жеткен. Сондықтан бұл мә­се­лемен барлық мем­лекет күре­сіп, тиісті шараларды қа­­­былдау үс­тін­де.  

Жарты миллион жұмыссыз бар

Елімізде қазіргі уақытта жұ­мыс­­сыз жүрген 400-500 мыңға жуық адам бар екен. Оның басым бө­­лігі елорда тұрғындары болып шықты. Бас шаһарда табысынан қа­ғылғандар саны 50 мыңнан асып жығылады. Алматы облысында да қол қусырып бос отырғандар қа­тары көп. Оңтүстік астанада жұ­мыс­сыздар қатары 48 мыңға жуық­тайды. Ал жыл басынан бері Орал қаласында жұмыссыздық деңгейі 30 пайызға дейін өскен. Бұған мұ­най кен орындарында еңбек­шілер­дің жаппай жұмыстан босатылуы се­беп болған. Соңғы күндері қала­лық жұмыспен қамту орталығында ұзын-сонар кезек пайда болды. Келу­шілердің бірі жұмыссыздарға берілетін жәрдемақыға өтініш жаз­са, енді бірі қолайлы қызмет іздеп кел­ген. Солтүстік өңірде де жұмыс­сыздардың саны 41 мыңға жеткен. Осы мәселені шешу үшін министр­лік алдағы уақытта бірқатар жоба­лар­ды жүзеге асырмақ. Мәселен, биы­л қабылданған 11 мемлекеттік бағ­дарлама дәл осы жұмыс­сыз­дық­ты жоюға бағытталып отыр. Жос­пар бойынша 1,2 млн азамат қыз­мет­ке тұруы тиіс. Оның тең жар­ты­сы «Еңбек» бағдарламасы арқы­лы жұмысқа тартылады. jymis1 Шынында да, жұмыссыздық дең­гейін шарықтатпай бір орында ұстап тұруға мемлекеттік бағдар­ламалардың маңызы зор. Аталған бағдарлама бойынша биыл елі­мізде 743 мың адам жұмысқа орна­ласқан. Сонымен қатар алда­ғы 4 айда тағы 500 мыңнан астам аза­мат­қа жәрдем көрсе­тілмек­ші. Қазір «Жұмыспен қамту» жол картасының аясында 6 мың­нан астам жоба іске асырылып жатыр. Соның нәтижесінде 154 мың адам екі қолға бір күрек тапты. Осы ретте әлеуметтенаушы Серік Бей­сенбаев жұмыссыз­дарды жұм­ыс­қа орналастыруға қатысты бір­қатар ұсыныс-пікірін айтты. – Бізде жұмыссыздықтың рес­ми көр­сеткіші 5 пайыздың шама­сында. Бірақ бұл статистика бізде­гі ресми емес жұмыспен қам­тыл­ғандарды ескермейді. Олар­дың саны әрқалай. 1,5 миллион­нан 3 миллионға дейін деген әртүрлі бағалар, сараптамалық есептер бар. Кейінгі коронавирус, дағда­рыс жағдайында біздегі жұмыс­сыз­дық саны анық емес, сонымен бір­ге дәл қандай маман­дық иелері жұ­мыссыз қалғаны жөнінде ақпа­рат жоқ. Мысалы, сауда-саттық, туризм, қызмет көр­сету сала­ларының барлы­ғы ко­ронавирус кезінде тоқтап қал­ғанын ескеретін болсақ, онда жұ­мыссыздар саны көп болады деп ба­ғам­далуда. Бұл арада біздегі мем­лекеттік жұмыс­пен қамту бағ­дар­лама­сының тиімділігі жө­ніндегі мә­селені кө­те­ру керек. Ол –  өте ау­­­қым­ды бағдарлама. Оған жылына мил­­­лиард­таған қар­­жы жұмсалады. Бірақ ондағы ашылатын жұмыс орын­дары негі­зінен уақытша жұмыс орын­дары. Атап айтқанда, жол жөн­деу, құрылыс секілді уа­қыт­ша жұмыс­тар. Олар 3 немесе 6 ай аралығында ашылады да, кейін жұмысшылар қайтадан жұ­мыссыз қалады. Біздегі негізгі мә­селе – атқарылып жатқан бағ­­дарла­малардың тиім­ділігін артты­ру. Мы­салы, жұмыс орнын ашу үшін жұ­мыс­­сыздарды оқыту бағ­дар­ла­ма­лары бар. Солардың қан­шалықты тиім­ді, тиімді емес екені анық емес. Сон­дай-ақ жас­тарға да арналған арнайы бағдарлама да бар. Оқу бітір­геннен кейін жастар 6 айға дейін ақы­сы төленетін практи­кадан өтеді. Бі­рақ оны бітіргеннен кейін кейбір жас­тар тағы да жұмыссыз қалады. Сол се­бепті мемлекеттік жұмыспен қам­ту бағ­дарламасына сараптама ке­рек секілді. Қайтадан сарап­таудан өт­кізіп, оның тиімді, тиімді емес тұ­сын саралап, соған байла­нысты тиім­ді шараларды қолдан­ған жөн, – дей­ді маман.  

Жұмыссыздыққа көлеңкелі экономика да әсер етуде

Өкінішке қарай, жұмыс­сыз­дық пен көлеңкелі экономика­ның бір-біріне байланысы бола­тын кездер де болады. Дағдарыс ке­зінде бірқатар компания жала­қыны конвертке салып беру арқы­лы ресми салықтан жалтару­ды көз­дейтіндер ресми ста­тисти­ка­дағы жұмыссыздар көрсеткі­шіне әсер етеді. Дегенмен статис­ти­ка­да көлеңкелі экономикада жүр­ген­дер саны 10 пайыз ғана дейтін дерек бар. Бірақ «өзін-өзі жұмыспен қам­ту­шылардың» қан­шасы жұ­мыс­сыз қалғанын бол­­жау қиын. Өйткені олар арнайы тірке­луді қажет деп те санамайды. «Дағ­­­­да­рыс жағ­дайында жалақыны кон­верт­пен беретіндердің үлесінің артуы заңды нәрсе. Себебі шы­ғын­ға ұшыраған, дағдарыс жағ­дайын­­дағы кез келген кәсіпорын өзі­нің шығындарын азайтуға ты­ры­сады да, салық төлемей жұмыс­шы­ларымен қолма-қол жалақыға келіседі. Бұған бізде арнайы заң қарастырылған. Ар­найы әкімші­лік жазалау түрі бар. Яғни, айып­пұл салынады. Бірақ бұл тиімді әдіс емес. Біздегі салынатын са­лық­­тың үлесі, қомақтылығы жайын­да да көптеген пікір айты­лып жүр. Егер Еңбек ко­дексі бойынша Еңбек келісім­шар­тын жасайтын болсаңыз, онда 30 пайыз­дан аса айлықты салық ретінде мем­лекетке қайтарасыз. Бұл – өте үлкен сома. Сондықтан Еңбек шартына бай­ланысты, салықтан босату бойын­ша түрлі жеңілдіктер қарас­тыру керек деп ойлаймын», – дейді Серік Бей­сенбаев. Несін жасырайық, жұмыс­сыздық жә­не оның төңірегіндегі бірқатар проб­лема күн тәртібіндегі негізгі мә­селеге айналды. Әзірге оны шешудің түрлі оңтайлы жолдары қарастырылу үстінде. Әзірге «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын және Жұмыспен қам­тудың жол картасын жүзеге асыру арқылы жұмыссыздық дең­гейін 5 пайыз көлемінде ұстап тұру мін­деттелді. Алдағы уақытта бұл бағытта айтылған орынды ұсыныстар еске­ріліп, жұмыссыздықпен күрес бойын­ша нақты шешімдер қабыл­данса, елдегі жұмысшылар қатары да арта түсер деген үміттеміз.  

Абылайхан ЖҰМАШ