Субсидия: миллион кімге бұйырады?
Субсидия: миллион кімге бұйырады?
194
оқылды
Өйткені министрлік субси­диялау ережелерін соңғы 5 жылда 47 рет өзгертіпті. Бұл туралы наурыз айында «Nur Otan»  партиясы жанындағы  жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отыры­сында айтылған еді.  

Қой шаруашылығының тынысы ашыла ма?

 Жаңа ережеге сәйкес, қойға се­лек­ция жүргізіп, асылдандырамын дегендер үшін әр қойдың басына субсидия көлемі – 2 500 теңгеден 4 000 теңгеге дейін, ал тауарлы қойға – 1 500 теңгеден 2 500 тең­геге дейін көтерілді. Сондай-ақ асылтұқымды отандық қой сатып алатындарға 8-15 мың теңге, ше­телден қой сатып алатындарға бір қой үшін 150 мың теңгеге дейін субсидия беріледі. Мал шаруашылығымен айна­лысатын фермерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында ми­нистр­лік мал сатып алуға бе­ріле­тін несиенің кепілдік саясатын да өзгертті. Сонымен қатар фер­­мерлік шаруашылықтар мен бор­­да­қылау алаңдарының несие алу өтініш­терін қарау мер­зімі оңтай­ландырылды. Мысалы, малды 1:1 өтім­ділік коэффициентімен са­тып алуға болады. Сонымен бірге фер­мерлер субсидия алғаннан кейін тұрақты кепілдік 15 пайыз болады. Қалған 85 пайызына сатып алынған малды кепіл ретінде қояды. «Шопан ата» қой өсірушілер қауым­дастығының жетекшісі Алмасбек Садырбайдың айтуынша, бұл жеңілдікке қол жеткізу оңай болмапты. – Былтыр желтоқсаннан бас­тап, ережені талқылауды қолға алдық. Тоғыз ай дегенде ере­же бе­кітілді. Бұл ережеге қол жет­кізу оңай болған жоқ. Себебі ірі агро­хол­динг компаниялар шетел­ден әкелінетін ангустар мен гере­форд­тарға қаржы ала берген, ал қой шаруашылығы жайына қалған. Біздің ұсынысымыз оларға ұнай қоймады. Тіпті, БАҚ арқылы ақ­параттық қысым жасалды. Бірақ сала министрі мәселені оң шешті. Бұл ереже холдингтер үшін емес, нағыз шаруалар үшін жасалды. Себебі елдің бәрі ангус, герефорд ұстап отырған жоқ. Ұсақ мал ұстап отыр. Ұсақ малмен айналысқаны үшін оларды субсидиядан қағу әділетсіз болар еді, – дейді. Оның айтуынша, биыл алғаш рет қойға эмбрион отырғызу қолға алынып жатыр. Бұл да аталған ережеге енгізілген. Бұл әдіс бұ­ған дейін ірі қара малына ғана қол­данылушы еді.  – Қазақстанда күні кешеге дейін қой бордақылайтын алаң болған жоқ десем, сенесіз бе? Ал ірі қара мал шаруашылығында ол алаң бұрыннан бар. Себебі бұл саланың қолдаушысы көп. Ал қой бордақылау алаңын ашуға қой басы 20 мың болуы керек деген талап кедергі болып келді. Кейбір аудандардағы қойды жинасаң да 20 мыңға жетпейді. Сондықтан ондай алаң ашылмай келді, – дейді А.Садырбаев. Ал жаңа ереже шыққалы бері бір бордақылау алаңы тіркеліп үлгерді, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қайназар ауылында. Осы облыста тағы бір бордақылау алаңы ашылайын деп жатыр. Себебі мұндай алаң ашу үшін бұрын 20 мың бас қой талап етілсе, бұл жолы оны 5 мыңға түсірген.  

«Шетелдік» малды сынақтан өткізу жеңілдеді

Жаңа ереже басқа мал шаруа­шылығына да көп жеңілдік жасап отыр. Мал өсірушілерге қосымша қолдау көрсету үшін карантин кезіндегі диагностикалық зерт­теу­лердің бағасы сиырға 23,5 мыңнан 4 271 теңгеге дейін, ал Еуропалық одақ елдерінен әкелінген бұқаға 28,5 мыңнан 8 741 теңгеге дейін төмендетілді. Әкімдіктер мен ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілердің өтініштеріне байланысты министр­лік карантин кезінде импортталған малға диагностикалық сынақтар жүргізу шығынын оңтайландырды. Еуропалық одақта жануарлардың аса қауіпті ауруларына қатысты эпизоотиялық жағдай тұрақты болғандықтан, карантин кезінде Шмалленберг ауруына Еуропалық одақтан әкелінетін жануарларды бір ПТР (Полимеразалық тізбекті реакция) тестілеуге дейін қысқарту туралы шешім қабылданды. Зерттеу құнын төмендету шетелден мал әкелетін фермерлердің жұмысын жеңілдетеді. Карантин кезінде импортталған жануарларды диагностикалық зерттеу құны біздің елдің барлық аймағында бірдей. Мысалы, Ка­нададан әкелінген ірі қара малды тексеру құны ветеринарлық серти­фикаттарда көрсетілген ауру­лардың тізіміне сәйкес, егер таби­ғи қаш­паған болса 1 сиырға – 1 978 теңге, ал табиғи қашқан сиыр болса – 3 267 теңге. Бұқаны зерт­теу құны – 6 448 теңге және сәйке­сінше 7 737 теңге. Ал АҚШ-тан әкелінген мал үшін: сиырға – 2 697 теңге, бұқаға – 7 167 теңге. Австралиядан әкелінген ІҚМ: сиырға – 1 408 теңге, бұқаға – 2 984 теңге. Латын Америкасынан әкелінген ІҚМ: сиырға – 4 120 теңге, бұқаға – 8 590 теңге. Еуразия экономикалық ода­ғына мүше мемлекеттерден (Ресей Федерациясы және Беларусь) әкелінген ірі қара малға: сиырға – 3 183 теңге (вирустық диарея мен жұқпалы ринотрахеитке қар­сы егілмеген) және 1 978 теңге (егіл­ген), бұқаға – 7 653 теңге (егілме­ген) және 6 448 теңге (егілген).  

Биыл 95 мың бас мал импорттаймыз

Агроөнеркәсіп кешенін да­мыту­дың мемлекеттік бағдар­ламасына сәйкес, биыл елімізге 95 мың бас етті және сүтті бағыттағы ірі қара мал әкелу жоспарланған. Осы жылдың бірінші жартысында елге 22 мың бас мал әкелу үшін қар­жы бөлінді, 10 мың мал жет­кізілді. Министрлік дерегіне сәйкес, шетелден ІҚМ әкелу есебінен бүгінгі таңда асылтұқымды мал ба­сының үлесі едәуір өсіп, 12 пайыз­ды құрапты. Соңғы жылдары ет бағы­тындағы асылтұқымды бұқаларды қолдану арқылы ІҚМ басын асыл­дандыру бағдарламасына қатыса­тын шаруашылықтар көбейген. 2014 жылдан бері мұндай шаруа қожалықтарының саны үш есеге артып, 20,6 мыңға жетті. 1,1 мил­лион бастан асатын мал немесе ірі қара малдың 33 пайызының тұқымы түрлендірілген. Сүт шаруашылығы саласында импорт алмастыру мақсатында сүт фермалары желісін құру және кеңейту қолға алынған. Былтыр қуаты 40 мың тонна болатын 8 өндірістік және 14 отбасылық ферма іске қосылды. Нәтижесінде, өңделген сүтті 5 жылда 500 мың тоннаға көбейту арқылы импорт алмастыру мәселесін толығымен шешу жоспарланып отыр екен. Биыл алғашқы алты айда 6 ірі тауар­лары сүт фермасы пай­далануға берілді, онда жалпы саны 4 мыңға жуық сиыр бар. Жыл соңына дейін тағы 16 тауарлы сүт фермасын іске қосу көзделген. Мал шаруашылығы жобаларын (тауарлары сүт фермасы, шошқа фермалары және тағы басқа) салу кезінде міндетті кешенді ведомстволық емес сараптамадан өт­кізу тәртібін жеңілдету мақ­сатында Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігінің ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және тех­нологиялық тұрғыдан жіктеу тәр­тібін айқындайтын ереже­леріне өзгеріс енгізу туралы ұсы­ныс жасады. Ол ұсынысқа сәй­кес, 1 500 басқа дейін малы бар мал шаруашылығы кешендерін техникалық тұрғыдан күрделі ны­санға жатқызылмауы керек. Ұсыныс қолдау тапты. Енді фермерлердің мал шаруашылығы кешендері мен техникалық-экономикалық негіздемесіне мемлекеттік сарап­тама жүргізілмейді. Яғни, мал шаруа­шылығы кешендерінің және сүт, ет өнімдерін өндіретін фермалардың, мал басы саны 1 500-ге дейін жететін бордақылау алаңдарының, сондай-ақ мал басының саны 10 000-ға дейінгі шошқа шаруашылықтарының жобаларын міндетті ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өт­кізу талап етілмейді. Бұл іс-шара мал шаруашылығындағы инвести­циялық жобаларды іске асыруды жеделдетеді және фермерлердің шығындарын азайтады деген үміт бар.  

халимаХалима БҰҚАРҚЫЗЫ