Өйткені министрлік субсидиялау ережелерін соңғы 5 жылда 47 рет өзгертіпті. Бұл туралы наурыз айында «Nur Otan» партиясы жанындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында айтылған еді.
Қой шаруашылығының тынысы ашыла ма?
Жаңа ережеге сәйкес, қойға селекция жүргізіп, асылдандырамын дегендер үшін әр қойдың басына субсидия көлемі – 2 500 теңгеден 4 000 теңгеге дейін, ал тауарлы қойға – 1 500 теңгеден 2 500 теңгеге дейін көтерілді. Сондай-ақ асылтұқымды отандық қой сатып алатындарға 8-15 мың теңге, шетелден қой сатып алатындарға бір қой үшін 150 мың теңгеге дейін субсидия беріледі. Мал шаруашылығымен айналысатын фермерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында министрлік мал сатып алуға берілетін несиенің кепілдік саясатын да өзгертті. Сонымен қатар фермерлік шаруашылықтар мен бордақылау алаңдарының несие алу өтініштерін қарау мерзімі оңтайландырылды. Мысалы, малды 1:1 өтімділік коэффициентімен сатып алуға болады. Сонымен бірге фермерлер субсидия алғаннан кейін тұрақты кепілдік 15 пайыз болады. Қалған 85 пайызына сатып алынған малды кепіл ретінде қояды. «Шопан ата» қой өсірушілер қауымдастығының жетекшісі Алмасбек Садырбайдың айтуынша, бұл жеңілдікке қол жеткізу оңай болмапты. – Былтыр желтоқсаннан бастап, ережені талқылауды қолға алдық. Тоғыз ай дегенде ереже бекітілді. Бұл ережеге қол жеткізу оңай болған жоқ. Себебі ірі агрохолдинг компаниялар шетелден әкелінетін ангустар мен герефордтарға қаржы ала берген, ал қой шаруашылығы жайына қалған. Біздің ұсынысымыз оларға ұнай қоймады. Тіпті, БАҚ арқылы ақпараттық қысым жасалды. Бірақ сала министрі мәселені оң шешті. Бұл ереже холдингтер үшін емес, нағыз шаруалар үшін жасалды. Себебі елдің бәрі ангус, герефорд ұстап отырған жоқ. Ұсақ мал ұстап отыр. Ұсақ малмен айналысқаны үшін оларды субсидиядан қағу әділетсіз болар еді, – дейді. Оның айтуынша, биыл алғаш рет қойға эмбрион отырғызу қолға алынып жатыр. Бұл да аталған ережеге енгізілген. Бұл әдіс бұған дейін ірі қара малына ғана қолданылушы еді. – Қазақстанда күні кешеге дейін қой бордақылайтын алаң болған жоқ десем, сенесіз бе? Ал ірі қара мал шаруашылығында ол алаң бұрыннан бар. Себебі бұл саланың қолдаушысы көп. Ал қой бордақылау алаңын ашуға қой басы 20 мың болуы керек деген талап кедергі болып келді. Кейбір аудандардағы қойды жинасаң да 20 мыңға жетпейді. Сондықтан ондай алаң ашылмай келді, – дейді А.Садырбаев. Ал жаңа ереже шыққалы бері бір бордақылау алаңы тіркеліп үлгерді, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қайназар ауылында. Осы облыста тағы бір бордақылау алаңы ашылайын деп жатыр. Себебі мұндай алаң ашу үшін бұрын 20 мың бас қой талап етілсе, бұл жолы оны 5 мыңға түсірген.«Шетелдік» малды сынақтан өткізу жеңілдеді
Жаңа ереже басқа мал шаруашылығына да көп жеңілдік жасап отыр. Мал өсірушілерге қосымша қолдау көрсету үшін карантин кезіндегі диагностикалық зерттеулердің бағасы сиырға 23,5 мыңнан 4 271 теңгеге дейін, ал Еуропалық одақ елдерінен әкелінген бұқаға 28,5 мыңнан 8 741 теңгеге дейін төмендетілді. Әкімдіктер мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өтініштеріне байланысты министрлік карантин кезінде импортталған малға диагностикалық сынақтар жүргізу шығынын оңтайландырды. Еуропалық одақта жануарлардың аса қауіпті ауруларына қатысты эпизоотиялық жағдай тұрақты болғандықтан, карантин кезінде Шмалленберг ауруына Еуропалық одақтан әкелінетін жануарларды бір ПТР (Полимеразалық тізбекті реакция) тестілеуге дейін қысқарту туралы шешім қабылданды. Зерттеу құнын төмендету шетелден мал әкелетін фермерлердің жұмысын жеңілдетеді. Карантин кезінде импортталған жануарларды диагностикалық зерттеу құны біздің елдің барлық аймағында бірдей. Мысалы, Канададан әкелінген ірі қара малды тексеру құны ветеринарлық сертификаттарда көрсетілген аурулардың тізіміне сәйкес, егер табиғи қашпаған болса 1 сиырға – 1 978 теңге, ал табиғи қашқан сиыр болса – 3 267 теңге. Бұқаны зерттеу құны – 6 448 теңге және сәйкесінше 7 737 теңге. Ал АҚШ-тан әкелінген мал үшін: сиырға – 2 697 теңге, бұқаға – 7 167 теңге. Австралиядан әкелінген ІҚМ: сиырға – 1 408 теңге, бұқаға – 2 984 теңге. Латын Америкасынан әкелінген ІҚМ: сиырға – 4 120 теңге, бұқаға – 8 590 теңге. Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттерден (Ресей Федерациясы және Беларусь) әкелінген ірі қара малға: сиырға – 3 183 теңге (вирустық диарея мен жұқпалы ринотрахеитке қарсы егілмеген) және 1 978 теңге (егілген), бұқаға – 7 653 теңге (егілмеген) және 6 448 теңге (егілген).Биыл 95 мың бас мал импорттаймыз
Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, биыл елімізге 95 мың бас етті және сүтті бағыттағы ірі қара мал әкелу жоспарланған. Осы жылдың бірінші жартысында елге 22 мың бас мал әкелу үшін қаржы бөлінді, 10 мың мал жеткізілді. Министрлік дерегіне сәйкес, шетелден ІҚМ әкелу есебінен бүгінгі таңда асылтұқымды мал басының үлесі едәуір өсіп, 12 пайызды құрапты. Соңғы жылдары ет бағытындағы асылтұқымды бұқаларды қолдану арқылы ІҚМ басын асылдандыру бағдарламасына қатысатын шаруашылықтар көбейген. 2014 жылдан бері мұндай шаруа қожалықтарының саны үш есеге артып, 20,6 мыңға жетті. 1,1 миллион бастан асатын мал немесе ірі қара малдың 33 пайызының тұқымы түрлендірілген. Сүт шаруашылығы саласында импорт алмастыру мақсатында сүт фермалары желісін құру және кеңейту қолға алынған. Былтыр қуаты 40 мың тонна болатын 8 өндірістік және 14 отбасылық ферма іске қосылды. Нәтижесінде, өңделген сүтті 5 жылда 500 мың тоннаға көбейту арқылы импорт алмастыру мәселесін толығымен шешу жоспарланып отыр екен. Биыл алғашқы алты айда 6 ірі тауарлары сүт фермасы пайдалануға берілді, онда жалпы саны 4 мыңға жуық сиыр бар. Жыл соңына дейін тағы 16 тауарлы сүт фермасын іске қосу көзделген. Мал шаруашылығы жобаларын (тауарлары сүт фермасы, шошқа фермалары және тағы басқа) салу кезінде міндетті кешенді ведомстволық емес сараптамадан өткізу тәртібін жеңілдету мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және технологиялық тұрғыдан жіктеу тәртібін айқындайтын ережелеріне өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жасады. Ол ұсынысқа сәйкес, 1 500 басқа дейін малы бар мал шаруашылығы кешендерін техникалық тұрғыдан күрделі нысанға жатқызылмауы керек. Ұсыныс қолдау тапты. Енді фермерлердің мал шаруашылығы кешендері мен техникалық-экономикалық негіздемесіне мемлекеттік сараптама жүргізілмейді. Яғни, мал шаруашылығы кешендерінің және сүт, ет өнімдерін өндіретін фермалардың, мал басы саны 1 500-ге дейін жететін бордақылау алаңдарының, сондай-ақ мал басының саны 10 000-ға дейінгі шошқа шаруашылықтарының жобаларын міндетті ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өткізу талап етілмейді. Бұл іс-шара мал шаруашылығындағы инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдетеді және фермерлердің шығындарын азайтады деген үміт бар.