Мониторинг топтары 5 шілдеден бері 12 415 нысанды тексеріп шыққан. Оның ішінде карантин талаптарын орындамау, атап айтқанда бетперде тағу режимін бұзу 3 371 нысаннан анықталған. Тексерулер нәтижесі бойынша 698 нысанда тәртіп бұзушылықтар анықталғаннан кейін, олар өз еріктерімен қызметтерін тоқтатқан. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 425-бабы 1-тармағы бойынша карантин режимін бұзғаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық туралы 3 371 хаттама толтырылып, заңды тұлғаларға – 119, жеке тұлғаларға 3 252 айыппұл салынған. Мысалы, Жетісу ауданында түнгі мониторинг кезінде құрамына Жетісу ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері, жергілікті полиция қызметі, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы, «Nur Otan» партиясы филиалының өкілдері енген мониторинг тобы шектеу шараларын бұзудың 3 фактісін анықтады: тыйым салынғанына қарамастан Құлагер ықшамауданында компьютерлік клуб қызметін жалғастырған. Демалыс күні Яблочков көшесі бойындағы монша кешені қызмет етіп тұрған, сондай-ақ сағат 23.00-ден кейін Ақпаев көшесі бойындағы қоғамдық тамақтану нысаны жұмыс істеген. Жасыратын несі бар, шектеу шаралары бәсеңдеген сайын жасырын түрде басқосулар өткізіп, той-томалақ жасау көбейіп келеді. Әуезов аудандық мобильді тобы қаладағы мейрамханалардың біріндегі тойдың үстінен түсті. Мобильді топ шараны тоқтатып, тәртіпке бағынбаған мейрамхана иесі мен асабаға айыппұл салды. Карантин талаптарына сәйкес, демалыс күндері қалада қызмет көрсететін жабық нысандардың жұмыс істемейтіні белгілі. Тәртіптің қаншалықты сақталып жатқанын бақылау үшін Алмалы ауданының әкімдік өкілдері, санитария мамандары, учаскелік полиция мен «Nur Otan» партиясы қызметкерлері шағын бизнес ғимараттарын тексеріп шықты. Аудандағы көңіл көтеру орындарының бірі бір уақытта жүзден астам адамды қабылдаған. Шамадан тыс клиенттерге қызмет көрсеткен нысанды арнайы құрылған мобильді тексеру тобы анықтады. Мұнда әлеуметтік қашықтық сақталмаған. Нысан әкімшісі орнынан табылмады. Десе де, тексерушілер кафе иесі жауапкершіліктен жалтара алмайтынын айтады. Нәтижесінде, қоғамдық орын жабылып, жұмысы тоқтатылды. Сондай-ақ рейд барысында осы ауданда заңсыз жұмыс істеп тұрған сауна да анықталды. Мониторинг жасап жүргендерді клиент екен деп қалған олар өздерінің жұмыс істеп жатқанын айтып, қызмет көрсетпек болған. «Демалыс күндері жұмыс істемеуі тиіс нысан анықталды. Тексеру барысында сауна ашық тұрды әрі адам қабылдап қызмет көрсетуге әзір екенін білдірді. Бұл нысанның қожайынына әкімшілік заңбұзушылық туралы хабарлама қалдырылды. Ол басқармаға келуі керек. Содан кейін тіркелген кәсібіне қарай айыппұл салынады», – деді Алмалы аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Гуля Илялетдинова. Жалпы, Алмалы ауданы бойынша 2 мыңға жуық нысан тексеріліп, заң бұзғандар анықталып, оның 34-і жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Наурызбай ауданында да қоғамдық монша карантин ережесіне бағынбастан келушілерді қабылдаған. Енді жуынатын орын қожайынына қатысты әкімшілік құқықбұзушылық толтырылып, айыппұл салынады. «Карантин мерзімінде аудан бойынша 389 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Аудандық әкімшілік, полиция бөлімі басқармасының, біздің басқарманың мамандарымен, «Nur Otan» партиясы, «Атамекен» ҰКП сияқты мемлекеттік органдармен мониторинг тобы шығып, қоғамдық моншаның жұмыс істеп тұрғанын анықтады. Сол бойынша хаттама толтырылып, айыппұл салынады», – деді Наурызбай ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Шолпан Қойгелдиева. 17 тамыздан бері қызметін жаңарту туралы 14 577 хабарлама келіп, 4 361 өтініш түскен. Оның ішінде 14 344 хабарлама, 3 018 өтініш мақұлданған. Қызметке дайын екені жөніндегі акт 26 нысанға берілді. Жалпы, қалада карантинге қарамай той-томалақ жасағандардың мәселесі қала әкімдігінің ғана емес, Денсаулық сақтау министрлігінің де назарына ілігіп отыр. Мәселен, жақында Қазақстанның халық әртісі, әнші Роза Рымбаеваның ұлы Әли Оқаповтың үйлену тойы мен танымал әнші Төреғали Төрәлінің қарындасы Фариза Төрәлінің тұрмысқа шығу тойында түсірілген видеолар әлеуметтік желілерге тараған еді. Сөйтіп, аталған оқиғалар Денсаулық сақтау министрінің назарына іліккен. Шамасы тиісті сала мамандары карантин талабын бұзған адамдар қанша танымал болса да жазалаудан тайынбайтын сыңайлы. Онсыз болмайды да. Өйткені қауіпсіздік бәрінен де маңызды. Содан да болар, Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов екі тойға қатысты деректер тексеріліп жатқанын айтты. «Бұл мәселе Денсаулық сақтау министрінің жеке бақылауында. Таңертең ғана осы тақырыпта сөз қозғадық. Менің көзімше министр Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшинге телефон соғып, тапсырма берді» деген еді Б.Қожахметов дүйсенбі күні. Ал Алматы қаласының Полиция департаменті аталған дерекке байланысты тексеру бастапты. Полицейлер тойлардың қашан, қайда өткенін, қанша адам қатысқанын анықтамақ екен. Карантин талаптары бұзылса, әншілер айыппұл төлейді. Ал карантин талаптарын орындамаған көпшілікке зиялы қауым өкілдері алаңдаушылық білдірді. Жазушылар Дулат Исабеков пен Сәбит Досанов бастаған ел ағалары сақтық шараларына ерекше мән беру керегін айтып, елді тәртіп бұзушылыққа жол бермеуге шақырды.