Әрине, мұндай рейтингтер түрлі тәсілдер арқылы жасалатыны анық. Мәселен, әлем елдері халықтарының бақытын өлшейтін World Happiness Report дейтін рейтинг бар. Сол зерттеудің биылғы нәтижесі бойынша, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдері ішінде халқы бақытты мемлекет ретінде топ бастапты. Сөз басында айтқан 50-орнымыз осы. Бізден кейін 73-орында Ресей, 74-орында Қырғыз Республикасы, 75-орында Беларусь, 116-орында Армения тұр. Халықаралық рейтингтің көшін Финляндия бастап тұр. Тіпті, алғашқы бестіктегі төрт мемлекет Скандинавия елдері. Оларға теріскейдегі тағы бір мемлекет – Исландия қосылған. Бұл мемлекеттердің халқы өздерін бақытты санайтын болса керек. Әрине, аталған мемлекеттердің даму деңгейін, халқының әлеуметтік жағдайын ескерсек, бақытты екеніне дау айта алмаспыз. Өйткені World Happiness Report рейтингінде ел халқының әл-аухаты, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім мөлшері, өмір сүрудің орташа ұзақтығы, азаматтардың еркіндігі, олардың өздерін қауіпсіз сезінуі мен ертеңгі күнге сенімі, отбасының тұрақтылығы, жұмыспен қамтылу кепілдігі, жемқорлық деңгейі тәрізді факторлар ескерілген. Сонымен қатар қоғамдық құндылықтар, атап айтқанда өзара сенім деңгейі мен жомарттық, кең пейілділік те назарда болса керек. Яғни, бір халықтың өзін бақытты сезінуі үшін осыншама талаптар бар екен.
Бақыттың «бағын байлайтын» мәселелер аз емес
Бірқатар әлеуметтанушы әр халықтың танымында бақытқа қатысты ұғым әртүрлі болуы мүмкін екенін алға тартады. Егер жемқорлық деректері адамдардың бақытты өмір сүруіне кері әсер ететін болса, онда біздің жағдайымыз мәз емес. Transparency International ұйымы былтыр жемқорлыққа төзбеу турасындағы рейтингке қатысқан 180 мемлекеттің арасынан Қазақстанға 113-орынды берген. Сөйтіп, 2018 жылғы 124-орыннан сәл көтеріліппіз. Алайда соңғы оншақты жылда біздің бұл рейтингтегі орнымыз 100-ден ешқашан көтерілмегенін ескерсек, «бақытымыз» баянды болмауы да ықтимал. Оған Reporters Without Borders ұйымының рейтингінде сөз бостандығы жөнінен 157-орында тұрғанымызды, ажырасу деңгейінің әлі де азаймағанын қоссаңыз, бақытқа қатысты мәселені өзге қырынан қарауға мәжбүр болатын сияқтымыз. Одан бөлек, өмір сүрудің ұзақтығы да бар. Бұл жөнінен алға озып тұрған жоқпыз. Бұқараның табысы да әлемдік сарапшылардың ұғымындағы «бақытты» дейтін топқа кіруге кедергі жасайды. Өйткені елдегі орташа жалақы енді ғана 212 мыңға жетті. Мұндай жалақымен орта класты жеңіл көлік алу үшін екі-үш жыл қатарынан ішпей-жемей жұмыс істеу керек. Баспана туралы айтпай-ақ қоюға болады. Мұндай табыспен шетелдерге демалысқа бару да қиын. Бәлкім, бір адам барса барар, бірақ мұндай табыс отбасының демалысына жетпейді. Пандемия кезінде 2 миллионнан астам азаматымыздың мемлекеттің қолдауына мұқтаж болып қалғаны тағы бар. Бұл жағдай әлеуметтік жағдайдың «бақытты болу» өлшемінің халықаралық шарттарына сай емес екенін көрсетеді. Одан бөлек, қауіпсіз қоғам құру мәселесі де көлденеңдейді. Мәселен, 2020 жылдың басынан бері 500-ге жуық бала жыныстық зорлық-зомбылыққа душар болғаны да белгілі болды. Демек, балалық шағы бақытқа толы болуы тиіс балалардың өзіне қауіп-қатер төндіріп отырмыз деген сөз. Көлік апаттарынан мерт болатын, жарақаттанатын азаматтарымыздың да саны аз емес. Демек, бақытты болудың жаһандық өлшемдерінде көрсетілген қоғамда адамдардың өздерін қауіпсіз сезінуі мәселесінде ұятты болып тұрмыз. Тек қандай қиын-қыстау күн туса да, ертеңгі күнге деген сенімі сөнбейтін, жақсылықтан үміті үзілмейтін халқымыздың кең пейілі мен жомарттығы ғана біз сөз еткен рейтингте «бақытты еткенге» ұқсайды. Өзге факторлардың барлығында олқы тұстарымыз көп.Еркектер «бақыттымыз» дейді екен
Бақыт демекші, Статистика комитетінің «Халықтың тұрмыс сапасы» дейтін зерттеуінің нәтижесінде Қазақстанда әйелдерге қарағанда еркектердің өздерін бақытты санайтыны анықталған. Қазақстандық еркектердің 61,8 пайызы өз өмірлеріне разы болса, әйелдер арасында бұл көрсеткіш 58,5 пайыз екен. Рас, бұл жерде сауалнамаға қатысқандар бірден «бақыттымыз» деп ашық айтып отырған жоқ, олар өмірге разы екенін білдірген. Ал өмірге разы болу бақытпен бірдей екені белгілі дүние. [caption id="attachment_67652" align="alignnone" > © инфографика: Елдар ҚАБА[/caption] Айтпақшы, қазіргі тұрмыс-тіршілігіне разы азаматтардың үлесі ел халқының 63,5 пайызына жетіпті. Қазіргі хал-күйіне шүкіршілік ететіндер саны биыл ауылды жерлерде 72,6, қалаларда 58,4 пайыз екені анықталды. Ал тұтастай алғанда тұрмыс-тіршілікке разы болу көрсеткіші 2019 жылы 60, 2018 жылы 56,5 пайыз еді. Яғни, соңғы үш жыл қатарынан Қазақстан азаматтары өз өмірлеріне разы екенін байқатқан. Әрі «бақыттылар» үлесі жыл сайын артып келе жатқаны байқалады. Сөйте тұра, елде пандемия кезінде мемлекеттің жәрдеміне мұқтаж болғандар қарасы көбейді. Демек, біздің халықтың бақыт туралы пайым-түсінігі халықаралық сарапшылар қоятын талаптан өзгеше болып тұрған тәрізді. Әйтпесе, тұрмыс-тіршілік қиындап, табыс азайып, пандемияның кесірінен ертеңгі күнге деген сенімге де селкеу түскен кезде ел халқының 62 пайызға жуығы өмірге разы болар ма еді?! Бәлкім,«бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз» дейтін ұстаным әлі де халықты алға жетелеп, қиындықтардан мұқалмайтын қасиетін сақтап келе жатқан болар.Әр елдің салты ғана емес, танымы басқа
Негізі, дүниеге деген көзқарасы прагматикалық ұстанымнан көрі пәлсапалық пайымға жақын келетін шығыс халықтарының «бақыты» да басқа ма деп қаламыз. World Happiness Report рейтингінде 74-орында тұрған бауырлас қырғыз жұрты да солай тәрізді. Оны Қырғыз Республикасындағы әлеуметтанушы Қайратбек Жаманқұлов та мойындап отыр. «Батыс жұртында бақыттың өлшемі банктегі есепшот, жақсы көлік, тәуір баспана тәрізді материалдық игіліктер болуы мүмкін. Ал қырғыз халқы үшін бақыттың белгісі ретінде бала-шағаның амандығы бірінші орында тұрады. Қазақ үшін де солай шығар деп ойлаймын. Өйткені танымымыз бір, туыс халықтармыз. Біздің халықтардың дүниеге деген көзқарасында дүние-мүлікке деген қызығушылық екінші, бәлкім үшінші-төртінші орында тұратын шығар. Сондықтан World Happiness Report рейтингісіндегі бақыттың өлшемі бөлек. Біздегі басқа. Алайда біздің елдер сол рейтингте бақытты болу талаптары ретінде көрсетілген шарттарға лайық болу жағын ойластыруы тиіс. Жақсы тұрмыс сүргеннің жамандығы болмайды», – дейді Қайратбек Жаманқұлов. Ал қазақстандық әлеуметтанушы Сәуле Тағаева халық бақытты болу ұғымын рухани құндылықтармен бағалайтынын айтады. «Меніңше, біздің халық бақыт дегенді жан тыныштығы ретінде бағалайды. «Бақытты балалық шақ» деп жиі айтамыз, өйткені балалық шақта жауапкершілік түгелдей үлкендердің қолында. Бала ештеңеге алаңдамайды. Сондықтан әдетте олар бақытты саналады. Сол сияқты елдегі тыныштық, бейбіт өмір, тұрмысқа қажетті азды-көпті игіліктің болуын халық бақытқа балайды. Ал батыс стандарттарына жүгінсек, бақытты болу үшін адамның ой еркіндігі, сөз бостандығынан бастап, құқының тең болуы, демалыс, көңіл көтеру, денсаулық сақтау, білім алу мүмкіндіктерінің болуы, одан қалса, табысының молдығы тәрізді сансыз белгілер ескеріледі. Бәлкім, содан да шығар «бақытты елдер» рейтингінде топ басында дамыған, халқының материалдық жағдайы жақсы, білімі мен медицинасы сапалы елдер тұр», – дейді зерттеуші. Әрине, әркім үшін бақыт деген әртүрлі болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Біреулерге дүние-мүлік пен жақсы демалыс, заң талаптарының сақталып, адам ретінде мәртебеңнің түспегені бақыт шығар. Ал тағы бір халықтар үшін бала-шаға, денсаулық, елдің тыныштығы тәрізді құндылықтар бақыт болып саналуы мүмкін. Оның үстіне, отыз жылға жуық уақыт азаттық алғанымызға шүкір ете жүріп, өзгенің боданы болған кездердің зардабы жайлы жырлаумен келеміз. Рас, тарихта ұлт ретінде опық жеген, өзгеден зәбір көрген тұстарымыз аз емес. Бірақ World Happiness Report тәрізді рейтингтерде жалқының бақытты сәттерін жалпыға ортақ етіп есептейді. Ал жеке адамның тіршілігіне қажетті игіліктердің қолжетімділігі, адамға көрсетілетін құрмет, азаматтардың әлеуметтік жағдайының жақсы болуы тәрізді мәселелерге келгенде бақыттың өлшемі өзгеріп кетеді. Содан да болар, әдетте өзімізді бақыттымыз десек те, халықаралық рейтингте топ ортасында жүрміз.Амангелді ҚҰРМЕТ