«Дәрігерлер хирургиялық, травматологиялық және терапевтік науқастарды емдеуге жұмылдырылды. Күн сайын дәрігерлік-мейірбикелік бригадалар тексерулер мен консультациялар, қажетті дәрі-дәрмекпен емдеу іс-шарасын жүргізді. Әскери дәрігерлер ересектермен қатар кішкентай балаларға да көмек көрсетті. Ең қарт науқастардың бірі сол жақ жамбас сүйегі сынған 90 жастағы ер адам болды. Қарияға екі жақ мамандарының күшімен ота сәтті жүргізілді», – деп хабарлады министрлік.
Бейрут әскери госпиталіне Қазақстан тарапынан дәрі-дәрмек пен медициналық мүліктер гуманитарлық көмек ретінде тапсырылды.
Қорғаныс министрлігі бас әскери клиникалық госпиталі бастығының ғылыми-хирургиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, медицина қызметінің полковнигі Асқар Маруфов Ливан азаматтарының алғысын жеткізді.
«Жергілікті тұрғындар да жылы қабылдады. Әскери госпиталь мен муниципалдық ауруханаларда жұмыс істеу барысында біз үлкен тәжірибе жинадық», – дейді жетекші хирург Асқар Маруфов.
Айта кетейік, әскери дәрігерлер Қазақстанға аттанар тұста Ливан қарулы күштері бас әскери-медициналық басқармасының бастығы генерал Джордж Юссеф және әскери госпиталь бастығы генерал Абудахир Насиммен кездесті. Екі тарап тәжірибе алмасу, әскери медицинаны дамыту бойынша одан әрі ынтымақтастық мәселелерін талқылады.Еске сала кетейік, біз бұған дейін Бейруттағы жарылыс туралы жазған болатынбыз.