Qaznet парадоксі
Qaznet парадоксі
206
оқылды

Өркендеуде озық кеткен елдерде Интернет желісіндегі блогтар мен арналар дәстүрлі телеарналармен терезесі тең тайталасып, бұл сында жетістікке жетіп жатыр. Оларда интер­нет медиамагнаттардай шалқыған байлығы жоқ, бірақ дарыны мол адамдарға өз бетінше төл контентін жасап, жұртқа танылып, қомақты табыс табатын аймаққа айналған.

Мамандардың мәліметінше, Қаз­нет­тің парадоксі сол, жа­һан­дық виртуалды же­лі­нің қа­зақстандық бөлігін қарапайым та­лант­тар емес, тағы да телеарналар жай­лауда. Тиісін­ше, Интернетке арна тартқан табыстың 90% да дәстүрлі телеарналарға тиюде.

Бұл байламды TNS Central Asia зерттеуі растай түседі. 2018 жыл қоры­тын­дысында, яғни қаңтар-жел­тоқсан аралығында жарнамалық табысының үлесі жөнінен телеар­на­лардың ТОП-10 рейтингі келесідей қалыптасты: 1 арна Еуразия үлесі – 19,8%, 31 арна – 18,5%, КТК – 15 %, НТК – 11,6 %, Astana TV – 10,8%, 7 арна – 8,4 %, Qazaq­stan – 4,3%, МИР24 –
6,8%, Алматы арнасы – 1,5%, Той ду­ман – 0,3%. Телеарналардың жар­намадағы жалпы үлесі 97 пайыздан асады.

ТНС Гэллап Медиа Азия есебінше, телеарналардың аудиторияны дәстүрлі эфир және ғаламтор арқылы қамту үлесі 2019 жылғы тамыз айында мынадай болды: КТК – 64,43%, 1-арна Еуразия – 61,90%, 31 арна – 56,85%, НТК – 56,09%, 7 арна – 51,72%, Хабар – 47,29%, Astana TV – 45,72%, Мир24 – 43,09%, Qazaqstan – 41,31%, Хабар24 – 34,40%, СТВ – 32,77%, Tamasha TV – 31,34%, Almaty TV – 30,52%, ОҢ TV – 25,51%, Balapan – 25,16%, Hit TV – 22,53%, Qazsport – 20,29%, Gakku – 19,78%, Той думан – 18,55%,
Туран ТВ – 9,61%, Новое Телевидение – 9,47%, Atameken Business – 8,20%.

Әрине, бұл зерттеулердің қай-қайсысында да ағаттықтар кетеді және өмір шындығын дәлме-дәл көрсетпеуі мүмкін. Себебі зерттеушілер ауылға көп бармайды. Әрі кетсе, халқының саны көптеу қала-кенттермен шек­теледі. Қазақстандықтар, әсіресе, қа­зақтілді аудитория 100% есепке алынса, жағдай мүлдем басқаша бо­луы да ықтимал. Әйтсе де, басқасы бол­мағандықтан, жарнама берушілер осындай беделді зерттеулерге сүйенуге мәжбүр.

Жалпы, еліміздегі барлық жарна­ма­ның жартысынан астамы телеарналар үлесіне тиетіні белгілі болды. Орталық Азияның жарнама қауымдастығының есебіне жүгінсек, Қазақстанда жалпы ауқымдағы теле­визиялық жарнама көлемінің үлесі 2014 жылы 50% болса, 2018 жылы – 52%-ға жеткен. Интернет-жарнама да үдемелі дамуда: еншісін 2014 жыл­ғы 7%-дан былтыр 16%-ға дейін арт­тырды. Баспасөздегі жарнама осы ара­лықта 13%-дан 6 %-ға дейін құлдыраған. Радио жарнамасы 8 пайыздық деңгейден өзгермеуде. Сыртқы көшедегі жарнама үлесі 22-ден 18 пайызға дейін түсті. Яғни, жарнаманың газеттегі үлесі ақырындап ғаламторға ауысқан.

2012 жылы VidCon жыл сайынғы бейне­конференциясында YouTube атқарушы директоры Тим Шэй «You­Tube алтын түймесін» таныстырған бола­тын, сонда бұл марапат жаһандық же­ліде 1 миллион жазылушы жинаған адамдар мен арналарға табысталатыны мәлім етілді. Содан бері Қазнетте бұл сый­лықты негізінен, телеарналар олжа­лауда: Qazaqstan ұлттық арнасы, Gakku TV, «1 арна Еуразия», «Хабар» агенттігі және басқасы алды.

YouTube Genesis MCN рейтингі бойынша, 2018 жыл қорытындысында тек Qaznet-тегі «бірегей көрермендерінің саны жөнінен ең танымал арналар» келесідей қалыптасты:

1. Gakku TV – 3,7 млн
2. Информбюро – 3,5 млн
3. Той Думан – 2,4 млн
4. 1 арна Еуразия – 2,3 млн
5. Вайнер Әмина Малғаждар «Аминка Витаминка» – 2,2 млн
6. Хабар – 2,1 млн
7. Qazaqstan – 2,1 млн
8. 7 арна – 1,9 млн
9. Алматы ТВ – 1,5 млн
10. Astana TV – 1,2 млн

Қазақстан мен Орталық Азия аумағындағы Youtube-тің жалғыз сертификатталған серіктесі саналатын Youtube Genesis MCN әріптестік бағдарламасының директоры, Youtube Kazakhstan даму жөніндегі менеджері Самсон Безмятежный әлемдегі басқа елдерден Қазнетті ерекшелер парадоксті байқағанын айтады.

– Интернеттің қазақстандық бөлігінде биыл 1 айдағы бірегей жазылушылар саны 11 миллион адамнан асты. Бұл қомақты көр­­сет­кіш. Бірақ бір ғажабы, қа­зақ­­стандық интернетті пай­да­ланушылар ғаламторға, соның ішінде Youtube-ке көбіне танымал телеарналардың жаңалықтарын, ойын-сауық бағдарламаларын қызықтау үшін кіреді. Бұл бізді де қатты қайран қалдырады. Дамыған елдерді айтпағанда, ТМД елдерінен де басты айырмашылығы сол. Қазақстанда күні бүгінге дейін Youtube-те дәстүрлі телеарналар үс­темдік етуде. Қазнеттегі барлық көрі­лімнің және жарнаманың 90%-дан астамы да – солардың еншісінде. Ал дұрысында, ха­лықа­ралық тәжірибе бойынша Youtube-тегі табыстар негізінен, өз блогын жүргізіп, төл контентін түзе­тін қарапайым адамдар, видео­бло­герлер қалтасына кетуге тиіс, – дейді С.Безмятежный.


Сарапшылар пікірінше, бұ­ған Қазнеттің дамуда артта қа­луы да себепкер болып отыр. Де­мек, алдағы жылдары отандық видео­блогерлер, интернеттегі ар­налар, вайнерлік қозғалыс күш алған сайын телеарналар да басым­дық­тан айырылмақ.

– Қазақстанда интернет кон­тент өз дамуы жолындағы тәй-тәй қадамдарын жасауда. Біз оның қалыптасуына куә болудамыз. Осы орайда, біз Qaznet-ті зерт­теп, талдау жасадық. Оның қоры­тын­дысында, кейінгі 5 жылда онда жаңа көкжиектері ашылып жатқаны анықталды. Солардың бірі «өзің жаса» немесе «ди-ай-уай» (DIY, Do it yourself) контенті. Бұл бағыттағы қазақстандық видеоблогерлер саны тіпті бір қолмен санауға да жетпейді. Тек 800 мың жазылушысы бар Fancy smth ғана еске түседі. Тағы бір оралдық жігіт бар-тын. Алайда ол Прагаға көшіп кетті. Қазақ тілінде бұл сала әзірге бос тұр. Ал әлемдік ғаламтор бол­­са, контенттің пайдалы жа­ғы­на көбірек ден қоюда. Яғни, өз қолыңмен қолжетімді нәр­се­лерден жаңа зат жасау, hand-made, лайфхактар және басқа да пайдалы контенттің Қазақстанда перспективасы зор, – дейді Самсон Безмятежный.

Оның дерегінше, көптеген қазақстандықтар интернетті сүйікті әншілерінің әндерін, не той-томалақтардағы айтылған әндерді тыңдау үшін сүзеді. Музыкалық арналардың көп көрілім жинайтыны да содан.

– Қазнетте «Гәкку», «Той ду­ман» және басқа отандық бес музы­калық телеарна дәуірлеп тұр. Бұл ретте «Той думан» биыл кө­рілім жөнінен «Гәккуді» ба­сып оза бастады. Бұдан бөлек, ин­тернеттің қазақтілді бөлімінде се­риал­дар кең сұранысқа ие болуда. Бір жақсы жері жергілікті, яғни отандық өндірістегі телехикаялар осы сұраныстың жартысына жуы­ғын иеленеді, – дейді С.Безмятеж­ный.

Үштікке жаңалықтар да кіре­ді. Бұдан бес жыл бұрын ол тек 8-орында болған. Сарапшы бұ­ған Қазақстандағы билік тран­зиті ықпал еткенін, саясат сах­на­сындағы қауырт қимыл мен сүр­лігіс азаматтардың саяси ахуал­ға деген ынта-ықыласын туғызғанын және Қазнетке жаңа аудиторияны әкелгенін айтады.

Бұл жерде де телеарналар әзір­­ше алға шығуда. Олар теле­ди­­­­дардан тарататын жаңалықтар блогын шағын роликтерге «ке­сіп», жылдам Youtube-ке тас­­­тай­ды. Ал сол бұрынғыдай «ин­­­тер­нет-тақтаға» курсорды үй­ке­леп, әлеу­меттік желіде жаз­ба­ша пост қал­дырудан көп аспай жүрген саяси бло­герлердің жаңалықтар туралы сауат­ты видеоблогинг әзірлеуге, сая­­си ахуал не оқиғаға қатысты шолу жа­сап, түсініктеме беріп, бейне­жаз­ба жазуға қауқары көп жет­пеу­де.

Айта кету керек, Qaznet тү­гіл, дәстүрлі телеарналар да сая­си сатира жанрынан қазір құ­ралақан. Егер кезіндегі Серік Аббас-Шахтың «77 күн» танымал циклы немесе шетелден көшірілген, 2002-2006 жылдары шыққан «Куклы KZ» сияқты шенеу­ніктердің мәнсіз ісін, орын­сыз әрекеттерін, жүріс-тұры­сын және жемқорлықты сы­найтын өткір контент өр­кен­десе, бұл қазақстандық интер­нет­тің дамуына қуатты серпін беруі ықтимал. Рас, бүгінде бұл жанр­дың өңірлерде өрлеу әлеуеті бар. Біраз уақыттан бері Карина Шәйкенова есімді ақтаулық қыз Қазнетте «Небеси ньюс» сатиралық жобасын жүргізіп, елдегі оқиғаларды басқаша көз­қа­распен, әзілмен түсіндірді. Алай­да ол «Әблязов тарапынан бол­ған ақпараттық шабуыл» кесі­рінен біраздан бері бұл жобадан бас тартқанын және Алматыға қоныс аударғанын айтады.

Қалай болғанда, отандық теле­­арналар бәрінен бұрын You­tube форматқа жедел транс­фор­ма­циялана алды. Көбі онлайн-эфирлерін іске қосты, соның арқасында көрермендер олардың жаңалықтарын және басқа бағ­дар­­ламаларын Live режимінде тама­шалауға мүмкіндік алды. Бір­қатар телеарналар тіпті Қазнет үшін арнайы жасалған бірегей контент түзуде. Мәселен, Hit TV ин­тернет пайдаланушыларға ғана бағдарланған ток-шоу жүр­гі­зеді, ондағы K-pop және өзге де эстрада жұлдыздарымен, таны­мал адамдармен еркін, ешбір теле­визиялық цензурасыз әңгіме, сыр сұхбаттар дәстүрлі эфирден көрсетілмейді.

Бірқатар интернет жобалар­дың контент-продюсері Ақбо­та Салғараеваның тұжырым­да­уынша, Қазнет парадоксі мем­лекеттік тілдегі контенттің тап­шы­лығынан туындаған.

– Шынында, қазақтілді оқыр­ман интернетте өте көп және олар желіге кіргенде не оқып, не көрерін білмейді. Сон­­дық­тан олар теледидар қо­сыл­ма­ған кезде телеарналар көр­се­тіп кеткен жаңалықтар мен те­­­лебағдарламаларды, теле­хи­кая­­ларды қайтадан YouTube-тен қа­райды. Нәтижесінде, ин­тер­нет­тегі жарнама табысының көп бөлігін тағы да телеарналар қанжығалайды. Себебі жалғыз бір видеотуындының сценарийін жазу, түсіру, монтаждау және бас­қа жұмыстарының шығыны ең кем дегенде 30 мың теңгеден асады. Егер сіз жарнамадан, де­меу­шілерден қырып ақша алатын, мемлекеттен қыруар қар­жы­лай қолдау көретін телеарна бол­масаңыз, не танымал бло­гер са­нал­масаңыз, осы шы­ғы­ны­ңыз­дың өзін YouTube арқылы өтей ал­­майсыз, – дейді ол. Сарап­шы мұ­ны уақытша тоспа деп есеп­тейді.

– Қазнеттің қазақтілді сег­мен­тіне жүргізген талдау көр­сет­­­кендей, Қазақстанда видео­кон­­тентті көп тамашалай­тын ай­мақ – еліміздің батысы болып шықты. Бұлар – Ақтөбе, Орал, Аты­рау. Одан кейін оңтүстік өңір­­лер – Алматы, Шымкент, Қы­зы­лорда тұр. Тек содан соң Ор­талық, Шығыс және Солтүстік Қа­зақстан пайдаланушылары ор­наласады. Бұл талдау тағы бір үрдісті аңғартты: интернеттегі кон­тентті пайдаланушылардың ба­сым көпшілігі – қазақтілді ау­дитория. Олай болса, Qaznet бұдан бы­лай қазақ тіліндегі контентке басымырақ мән бергені абзал, – дей­ді А.Салғараева.