Nur Otan партиясының Орталық аппаратында Саяси бюроның мүшесі, Вьетнам Коммунистік партиясының хатшысы, ККП Орталық Комитетінің үгіт-насихат және саяси ағарту бөлімінің меңгерушісі Во Ван Тхыонг Nur Media холдингінің тілшілеріне сұхбат берді. Іс-шара барысында Вьетнамнан келген делегаттар партияның бұқаралық ақпарат құралдарының қызметімен танысты. Өз кезегінде Ван Тхыонг Nur Media ақпараттық ресурстарының жұмысына жоғары баға берді.
– Бұл сіздің Нұр-Сұлтан қаласына алғаш келуіңіз екен. Алған әсеріңізбен бөліссеңіз.
– Сән салтанаты жарасқан әдемі қала. Құрылғанына 20 жылдай уақыт өтсе де Нұр-Сұлтан қарқынды түрде дамып, уақыт өткен сайын ажарлана түскенін көпшілік көзбен көріп, естіп-біліп отыр. Ең алдымен, Нұр-Сұлтан қаласының көшелерінде жүріп келе жатып қазақтар мен вьетнамдардың бір-біріне қатты ұқсайтынын байқадым. Содан кейін бе, бұл қалада мен өзімді Ханойда жүргендей сезіндім. Қазақстанда екенім есімнен шығып кеткені соншалықты, таңертең жанармай құю бекетіндегі адамға вьетнам тілінде сөйлеппін (күлді).
– Екі ел арасындағы қазіргі жағдайды қалай бағамдар едіңіз?
– Қос мемлекет арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде. Кеңес өкіметі кезінде, шетелдік агрессорларға қарсы күрескен кезде және социализмді құру кезінде қазақстандықтардың бізге көрсеткен көмегін ешқашан ұмытпаймыз. Вьетнам мен Қазақстан арасында, әсіресе, экономикалық мәселелер бойынша ынтымақтастықтың келешегі зор. Өздеріңіз білетіндей, біздің еліміз ЕАЭО-мен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Таяу уақытта екі мемлекет арасындағы байланыс әлде де нығая түседі деп ойлаймын.
Вьетнам Коммунистік партиясының VI съезінде «Кешенді жаңару» – «Дой мой» қажеттілігі туралы идея айтылды. Оны жүзеге асыру барысында біз Еуропа мен Азияның социалистік елдеріндегі тәжірибені мұқият зерттеп, қателіктерді қайталамауға тырыстық. Соңғы 39 жыл ішінде вьетнам халқы жақсы нәтижелерге қол жеткізді.
Жаңарту барысында нарықтық экономика дегеніміз – капиталистік модельге көшу дегенді білдірмейді. Жалпы, біз тауар өндірісінің ұлғаюы социалистік қағидаларға қайшы келмейді деген тұжырымға келдік. Мұның бәрі – адамзат өркениетінің дамуындағы объективті дүние. Социализмнің құрылуы реформалармен бірге болуы мүмкін және болуы да керек. Мұны жалпы социалистік бағыттағы нарықтық экономика деп атайды.
– Қазақстан мен Вьетнам арасындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары туралы не айтасыз?
– Экономикалық ынтымақтастықтың бағыттарының әлеуеті өте зор. Вьетнам – аймақтың агроөнеркәсіптік саласын дамытудағы көшбасшы мемлекеттердің бірі. Біз ауылшаруашылық өнімдерін, мысалы, күріш, теңіз өнімдерін экспорттауда үлкен тәжірибе жинадық. Ең қиын деген нарықтарды сәтті игердік. Қазіргі кезде АҚШ, Батыс Еуропа, Жапония елдерімен тығыз қарым-қатынастамыз. Қазақстанды өнімдерімізді алға жылжытудың перспективалы бағыты деп санаймыз және сіздердің өнімдеріңіз біздің елде де үлкен сұранысқа ие болатынына сенімдімін.
– Ұзақ жыл бойы Вьетнамдағы жастар саясатымен айналысып келесіз. Қазіргі жастар интернет дәуірінде, әлеуметтік желілерде, кез келген ақпараттың ашықтығын көріп өсіп жатыр. Вьетнамда жастар жаһандық сын-қатерлерге қарсы қалай тәрбиеленуде?
– Өте жақсы сұрақ. Біз бұл мәселеге ерекше мән береміз. Осы орайда бірнеше негізгі бағытты айта кетейін. Жастар ең алдымен, өздеріне жүктелген жауапкершілікті сезінуі тиіс. Біз жастарға күрделі міндеттерді жүктейміз. Сынақтардан өткізіп, олардың өсуіне жағдай жасаймыз.
Келешекте кадрлар резервін даярлауға көп көңіл бөлінеді. Сол себепті үздік жас мамандарды халықаралық тәжірибе жинақтауы үшін шет елдерге жібереміз. Ал интернет пен әлеуметтік желілерге келетін болсақ, біз цифрлық экономика жағдайында өзімізді және қоғамды қалай қорғауға болатынын және жалған ақпаратқа қарсы тұру дағдыларын үйренуіміз керек. Барлық ірі халықаралық әлеуметтік желілер Вьетнамда да жұмыс істейді. Біздің елде 55 миллион адам Фейсбукті тұтынады. Әлеуметтік желілерде азаматтар ең кемінде күніне 3 сағаттай отырады. Бұл – әлем бойынша жақсы көрсеткіш.
Интернеттегі дұрыс емес ақпарат ресми ақпаратқа қарағанда тез таралатыны анық. Оны өздеріңіз де күнделікті өмірде көріп жүрсіздер. Есесіне, әлеуметтік желілер жағымды жаңалықтарды жариялауға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Классикалық бұқаралық ақпарат құралдары қазір үлкен міндеттермен бетпе-бет келді. Ресми ресурстар кәсіби және объективті болғандықтан, олар жалған ақпарат таратушылардан асып түсетінін де ескерген жөн.