Көлік салығы керек пе?
Көлік салығы керек пе?
© коллаж: Қуаныш Cапарбай
421
оқылды
 

Алтын Орда мұрасы

Әлемде заманауи көлік салығы (КС) 1908 жылы АҚШ-та пайда болыпты. Оған дейін автомобиль отанының өзінде көлік тек таңдау­лыларға, санаулыға ғана тиесілі еді. Ал 1908 жылы Құрама Штаттарда халық арасында «қаңылтыр Лиззи» (Tin Lizzie) аталып кеткен Ford Model T автокөлігі нарыққа жол тартты. Бұл – миллиондаған дана­мен шығарылған дүниежүзіндегі бірінші машина. Автомобильдің орташа ауқаты ғана бар америка­лықтар үшін де қолжетімді болға­нын түсін­ген мемлекет «көлік алымын» енгізді. Әйткенмен, ол жеке салыққа айнал­мады: сомасы бензин құнына қоса салынды. «Посткеңестік кеңістікте көлік салығының тарихы ғасырлар тұң­ғиығынан тамыр тартады. Алтын Орда тұсында жол алымы жина­латын болған. Ол қаржыға керуендерді күзету, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүзеге асырылды. Шыңғыс хан және оның ұлы ұрпақ­тары негізін қалаған империя­лардың күйреуімен бірге қазақ жерінде ондай салық жойылды. Ресейде және Украинада қалды: князьдар мен монастырлар көлік ие­лерінің, аттылардың алып жү­ре­тін тауарынан – мыт, саудагер­лерінен – годовщина, мостовщина, перевоз аталған алымдар алды. Оларда қаптаған көліктік алым-салық тек 1654 жылы жойылды. 1920 жылдан бастап КСРО, соның ішінде қазақ жерінде көлік салығы енгізіле бастады. Атты не ар­балы қазақтардан жарты жылда бір рет 6-дан 15 рубльге дейін алым төлеу талап етілді», – дейді әлеуметтанушы, сарапшы ғалым Анна Шукаева. Ол кезде қазақ даласында бас­ты көлік құралы ат болатын. Алайда Бүкілодақтық орталық атқарушы комитетінің 1924 жылғы «Болыстың бюджеті туралы» қаулы­сында «табыс көздері» бө­лімін­де автокөлік құралдарының салығы көрсетілген. Большевиктер АҚШ-та сол тұста  жеке көлік жап­пай танымал болғанын назарға алса керек. Дегенмен коммунистердің кейінгі ұрпақтары оны өзінше түсінгенге ұқсайды. Жеңіл көлік­тердің КСРО-да кең таралмағанын ескеріп, 1942 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы «Жергілікті салықтар мен алымдар туралы» арнайы Жарлық қабылдады. Оған сәйкес, тіпті қолында мотоциклі, велосипеді, қайығы, кемесі, паромы, сондай-ақ жұмысқа жегіл­ген аты бар адамдардың бәрі КС төлеуге міндеттелді. 1981 жылы салық төлеуден велосипедшілер және ат иелері босатылды. Осы жылдан бері кеңес республикаларында көлік салығының көлемі тек машина қозғалтқышының қуатына бай­ланыстырылды. 1988 жылдың наурызында КСРО Жоғарғы Кеңесі осы салықтың жаңа ставкасын бекітті: «темір тұлпар» иелері жыл сайын «одақ бюджетіне автокөлігі құралының 1 ат күші үшін 50 тиын­нан КС төлеп тұруға» міндетті болды. Тәуелсіз Қазақстанда да КС мөлшері көлік қозғалтқышының қуатына қарай түрленеді.  

Көлеңкелі тұсы көп салық

Қазақстан азаттыққа қол жет­кізген тұста осы салықты мұраға алып, ары қарай жинауға кірісті. Ен­ді одан бас тарту ұсынылып отыр. Белгілі кәсіпкер, қаржыгер, көлік иесі Ұлан Қамшыбаев Мем­ле­кеттік кірістер комитетінің төра­ға­сы Марат Сұлтанғазиевке жаз­ған ха­тында көлік салығын жоюды ұсын­ды. Себебі салада әділетсіздік, айла-шарғы көп. Бірін­­шіден, неге екені белгісіз, барлық ме­м­орган, қаптаған мемле­кеттік мекемелер, бюджеттік ұйымдар, мектептер бұл салықты төлемейді. Екіншіден, Ұлы Отан соғысы­ның ардагерлері және оларға теңес­тіріл­гендер, Халық қаһармандары, Социалистік және Қазақстанның Еңбек еpлері, «Отан» орденімен және үш дәрежелі даңқ орденімен марапатталғандар, көпбалалы аналар бұл салықтан босатылған. Нәтижесінде, елімізде көптеген қария, барлық дерлік ардагер бір-бір джиптің иегері болып шыға келді. Әрине, аты ғана соныкі. Шынында, баласы не туған-туысы салықтан жалтару үшін ардагердің атына тіркейтіні жасырын емес. Үшіншіден, бастамашылардың түсіндіруінше, көлік құралдарын эксплуатациялау режимі әртүрлі. Мысалы, үй шаруасындағы ана көлігін балаларды мектепке, ба­лабақшаға апарып-әкелу, сонымен бірге дүкенге, емханаға және бас­қа­сына бару үшін пайдаланады. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген таксист қала ішінде не қалалар арасында тәулігіне орташа алғанда 300 шақырым жүруі мүмкін. Екеуі­не де бірдей көлік салығы есеп­телінеді. Оның қасында бензин құра­мына қосылған акциз әлдеқайда әділетті: кім көлігімен ұзақ жүрсе, сол сұйық отынды көп тұтынады. Ен­д­еше көбірек акциз алымын төлейді. – 2019 жылы бюджетке көлік салығынан жалпы жиынтығында шамамен 39 миллиард теңге түсті. Қазақстанда көлік құралдарының жалпы саны 4 миллион бірлікке жуық. Оларға салық салудың тиім­ділігі төмен. Өйткені азаматтары­мыз­дың жауапкершілігі нашарлау. Сондықтан көлік салығына рефор­ма жүргізуді ұсынамын: жеке са­лық түрінде жойып, оны отын құнына қоса салу керек, – деді Ұ.Қамшыбаев. Ұлан Қайратұлы мұның да­мыған елдер тәжірибесі екенін алға тартады. Оларда негізінен, көлік салығы деген жеке салық түрі жоқ.  

Электрокарға өріс ашар амал

Францияда азаматтар «темір тұлпар» сатып алған кезде қазы­наға бір рет төлем төлейді. Төлем кө­лемі машинаның ауаға тастайтын зиян­ды қалдығына, қозғалтқышының қуатына байланысты болып келеді. Айтпақшы, қазақстандықтар да осын­дай алым төлейді, алайда ол «утили­за­циялық алым» деп ата­лады. Аустралияда жеңіл көлікке қол жеткізген адам оның бағасының 10%-ы мөлшерінде алым аударуы тиіс. Егер жүк көлігін иеленсе, алым 5%-ға дейін төмендейді. Бұдан басқа жыл сайын салық төлеу деген жоқ. АҚШ-та көлік алымы әу бастан бензин құнына қосылған: «көп жүр­сең, көп төлейсің!». Әділетті жүйе. Дания тұрғындары да жыл сайын­ғы көлік салығының не еке­нін білмейді. Рас, бұл елде сатып алын­ған көлікті тіркеу ставкасы – әлем­дегі ең жоғарғысының бірі: алым машина құнының 105-180% арасында құбылады. Электромобильдер жеңілдікке ие. Жыл сайынғы көлік салығы Түркия тұрғындарын қыспаққа алып жатқанын білеміз: түріктер жыл сайын арзандау көлігі үшін – 964 лир (55 мың теңгедей), ал қоз­ғалтқышының көлемі 4 мың текше сантиметрден асатын қымбат, жол тал­ғамайтын машинасы үшін 45 924 лир салық төлейді. Бұл 2 млн 617,7 мың теңгеге тең. Сал­дарынан бауырлас осы елге барған қа­зақ­стандықтар онда «джиптердің» тым сирек кездесетінін аңғарады. Көлік салығы Жапонияда бар және ол 50 000 йенаны (шамамен 200 000 теңгені) құрайды. Бізге кезінде осы салық түрін таңған Ресей келесі жылы оны жою­ды қарастыруда. Солтүстік көрші жыл сайын 150 миллиард рубль көлік салығын жинайды. Енді 2021 жылдан бастап оны алып тастап, одан түсуі тиіс болған түсімді отын акцизі есебінен өтеу жос­парланып отыр. Осыны қарас­тыратын заң жобасын МемДума қарауына «Единая Россия» депу­таты Андрей Барышев енгізді. Заң қабылданған жағдайда автомо­биль қуатына қарай салық төлеу тәжірибесі тарих қойнауына жол тартады. Заң жобасының салыс­тыр­малы кестесінде КС-ті жою­дың бірнеше ар­тық­шылығы көрсетілген. – Біріншіден, одан бас тарту ар­қасында Ресейдің жол инфрақұ­ры­лымын дамыту шығыстарын өтеу­дің жүктемесі көлік иелері ара­сында анағұрлым әділетті бөлінеді. Яғни, көлік неғұрлым көп жүрсе, жол жабынғысын да көбірек бүлдіреді, тиісінше отынды көп тұты­нып, оның құрамындағы акциз­ді көбірек төлейді. Екінші­ден, осы қадам коронавирус пан­де­миясы және мемлекеттің шек­теу­лері салдарынан көліктерін сирек пай­даланған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетудің елеулі шарасына айналады. Үшіншіден, Ресейде автомобилистерге онсыз да шектен тыс салық салынады. Ак­цизге көшу көлікті халықты басы артық ауыртпалықтан құт­қарады. Төртіншіден, бұл бір­қа­тар жүргізушіні экологиялық таза ав­то­­мобильді таңдауға ынта­ландырады: электрокарлар отын тұтынбайды, – дейді Андрей Барышев.  

Салықшылар сергелдеңі сор болды

Кейбір сарапшылардың пі­кірінше, көлік салығын бензин акцизімен ауыстыру ЖЖМ баға­сының тіптен шарықтауына соқ­тыруы ықтимал. Әйтсе де, шегін­шектейтін не қалды, сұйық отын құны онсыз да басқа шауып, төске өрлеп барады емес пе?! Ал әзірге көлік салығы қара­пайым қазақстандықтарды сер­гелдеңге салуда. Кәсіпкер Бибігүл Шерәлиева бұрынғы көлігі қиын­дық әкеліп, толыққанды өмір сүруге және жұмыс істеуге кедергі болып жатқанын айтады. Себебі құзырлы органдардың мәліметтер базасы былыққа толы. «Машинамды 2007 жылы банк аукцион арқылы сатты. Содан он жылдан артық уақыттан бері ма­ған тиесілі емес автомобиль салығы менің атыма есептелуде. Оны өз атымнан алып тастау үшін бармаған жерім жоқ. Бұл мүм­кін болмай тұр. Сот өтінішті қабыл­дамай жатыр. Көлікке рәсімделген сенімхат жоғалып кеткен. Архивке сұрау салдым, ондағылар құжат 3 жылдан артық сақталмайтынын мәлімдеді. Салық болса, ұзақ жылдан бері үздіксіз есептелуде және оған өсімпұл жазылып жатыр. Оны да тоқтату мүмкін емес. Мұндай проблема жалғыз менің ғана басыма түсіп отырған жоқ. Көптеген адамда кездесті», – дейді Б.Шерәлиева. Қу бастан қуырдақтық ет алған, жұмыртқадан жүн қырыққан, әбден құныққан банктер клиент­терінің кепілге қойған автокө­лік­терін сатқанда оны есептен шығаруға бас қатырмайды. Соның кесірінен жаңа қожайыны оны өз атына рәсімдей алмайды. Мұндай жағдайда салық екі жаққа да жолдана береді екен. Қате есептелген салықты төле­месе, азаматтың барлық есепшоты бұғатталады, банктің бәрі оған шот пен карта ашудан бас тартады, демек жұмыс орны жалақы аудара алмайды. Әлеуметтік жәрдемақы да, зейнетақы да түспейді. Бұл құрсау қыспағынан ха­лықты көлік салығын жою азат етер ме еді.  

АйханАйхан ШӘРІП