Сөмке салмағының соңы – сколиоз
Сөмке салмағының соңы – сколиоз
300
оқылды

Бүгінгі бастауыш сыныптың балалары мектепке өздері бара алмайды. Өйткені иығындағы жүгі тым ауыр. Осыдан 8-9 жыл бұрын бұл мәселе жиі көтеріліп, министрліктің назарына ұсынылғанда: «Кітаптар бірнеше бөлімге бөлініп шығып, әр кітаптың саны 200-300 грамнан ғана болады» деген еді министрлік өкілдері. Кітап бөлінгенмен, салмақ азайған жоқ.

Күні кеше Алматы қалалық тауарлар мен көрсетілетін қыз­меттердің сапасы мен қауіп­сіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова мектеп сөмкесінің салмағы қалыптан тыс болса сколиоз, остеохондроз сияқты ауруларға әкеп соғатынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір қала­дағы 254 мектепте 266769 оқу­шы оқиды. Сонымен қатар 28 ар­н­айы интернатта 7593 оқушы білім алып жатыр. Мемлекеттік мектептерде бала саны тым көп болғандықтан, орын жетіспеушілігі 30 пайызға жетті. «Бірінші сынып оқушыларының сөмкесі нормадан 2-3 есе ауыр. Ал 5-6-сынып оқу­шы­ларының сөмкесі қалыпты көр­сеткіштен 3-4 есе ауыр. Жал­пы, 5-сынып оқушылары үшін сөм­кенің салмағы 2,5 келіден аспауы тиіс. Ал қазір оқушылар 6-9 келі сөмке арқалауға мәжбүр. Бірінші сынып оқушыларының сөмкесі 1,5-2 келіден аспауы тиіс. Ал шын мәнінде балалар 4-4,5 келі сөмке көтеріп жүр», – деді департамент басшысы.

Нұр-Сұлтандағы жағдай да дәл осындай.

Білім және ғылым министрлігі оқу кестесіне бекіткен 10 «Назар­баев зияткерлік мектебінің» бағ­дар­ламасы негізінде жарық көр­ген. Бір күнде 5 сабақ болса, әр кітаптың салмағымен бірдей дәп­тері де болады. Оған мектептің ішінде жүретін аяқкиім мен қо­сымша оқу құралдарын, денешы­нықтыруға арналған киімдерін қосқанда 8-9 келіге дейін жете­ді. «Назарбаев зияткерлік мек­теп­терінде» балалар таңертең келіп, кешке бір-ақ қайтып, үй тап­сырмасын да мектепте орын­дай­тын жүйе негізінде білім алады. Ол мектептің жүйесін қарапайым білім ошақтарымен салыстырып, қабылдаудың қателігі орта мек­тептің оқушыларына салқынын тигізуде. Дәл қазір осы мәселеге бастауыш сыныпта баласы бар кез келген ата-ана алаңдайды.

Ресейлік мамандар бұл мәселені әлдеқашан қолға алған. Яғни, онда сөмкедегі заттың салмағы оқушы салмағының оннан бір бөлігі болуы шарт. Балаңыз 25 келі тартса, сөмкесінің салмағы да 2,5 келіден аспауы керек. Ал төменгі сынып оқушыларының сөмкелері 1200 грамның шамасы болады екен. Ал бізде арнайы бекітілген стандарт жоқ. Тек министрлік өкілдерінің ара-тұра «Бастауыш сынып балалары сөмкесінің салмағы 1,5-2,5 келіден аспауы керек» деген уәжін ғана естіп келеміз.

АҚШ-тағы Педиатрлар ака­демиясының зерттеу жұмыстарына сәйкес, мектеп сөмкесі салмағының көрсеткіштері 1-сынып – 1,2 келіге дейін, 2-сынып – 1,6 келіге дейін, 3-сынып – 2,3 келіге дейін, 4-сынып – 2,6 келіге дейін болып, 9-11-сынып оқушыларының өзі 4 келіге дейін ғана салмақты көтеруге болады екен. Ал бізде 1-сы­ныптың баласының өзі аме­ри­калық жоғары сынып оқушы­ла­рынан екі есе салмақты арқалап, арқа омыртқасын қисайтып, жасына жетпей ауруға шалдығып жатыр.

Бүкірейген ұрпақтың болашағы білім саласына жауаптылардың басын ауыртпай ма?