PISA рейтингінде төмен сырғыдық
PISA рейтингінде төмен сырғыдық
572
оқылды
PISA (Programme for international student assessment) деге­німіз – Экономикалық ынтымақ­тастық және даму ұйымы құрған оқушылардың білім деңгейін ба­ға­лайтын халықаралық бағ­дар­лама. Бұл бағдарлама аясында әлем­нің түкпір-түкпірінен шық­қан ғалымдар балаларға арнайы тесттер дайындайды. Оқу­шы­лар­дың білімі үш көрсеткіш бойын­ша бағаланады: математика, жара­тылыстану ғылымы мен оқу сауат­­тылығы. Тестке негізінен 15 жас­тағы оқушылар қатысады. Бағ­дар­лама нәтижесі баланың ака­де­миялық білімін емес, функ­цио­нал­ды сауатын анық­тайды. Бұл қалай? Бұл оқушының алған білімін іс жүзінде қалай қолдана алатынын, логикалық ойлау жүйе­­­сін, ақпараттық кесте­лер мен диаг­раммаларды сөйлете алуын, ой қорыта білуін зерттейді. 2009 жылдан бері бұл халықаралық бағдарламаға қатысып келе жат­қан Қазақстан оқушылары ал­дыңғы сындардан сүрінбей өтсе, 2018 жылы ең төменгі сатыға түсті. Айта кетерлігі, бұл тест әр 3 жыл сайын өтеді. Соңғы тест оқушы­ларымыздың білім деңгейі­нің ма­тематика бойынша – 57 балға, жаратылыстану бойынша – 59 балға, оқу сауаттылығы бойын­ша 40 балға түскенін көрсетті. Соңғы 20 жылдағы көрсеткішке келсек, үздік бестікке тұрақты түрде Фин­ляндия, Корея, Жапо­ния, Қытай мен Сингапур кіреді. 79 мемлекет қатысатын бағдар­ламада Қазақ­стан тіпті алғашқы жиырмалыққа да ілік­пеген. Ше­тел­дік ғалымдар білім деңгейі­нің артуын оқушы­ның әлеуметтік статусының ар­туы­­мен байла­ныс­тырады. Мәсе­лен, дамыған елдер­де бір оқушыға бөлінетін қаржы 10-15 мың дол­лар­дан асып жы­ғыл­са, елімізде бұл көрсеткіш ауыз толтырып ай­­тар­лықтай емес. Біз білім дең­гейінің неге түскенін сала маман­дарынан сұрап білген едік.     Disuibaev Нұрмұхаммед ДОСЫБАЕВ, Кембридж университетінің түлегі, сарапшы:  

Мемлекеттік білім саласын басқаруда мәселе көп

– Егер қазіргі жағдай өзгер­месе, PISA бойынша сауат­тылық деңгейі әрі  қарай да түсе береді. Бұған ең үлкен себеп – мемлекет­тік білім саласын басқарудағы мәселе. Қазақстан бойынша сапа­лы білім беретін мектептердің үлес салмағы – 1 пайыз ғана. Олар – БИЛ, НЗМ мен РФММ, жекемен­шік және халықаралық мектептер. Ал қалған 99 пайызы екіге бөлі­неді: қала мен ауыл мектептері. Олардың жағдайы төмен. Консти­туция бойынша, унитарлы елміз, сапалы орта білім беру міндеті бар, бірақ бұл міндетті жүзеге асыра ал­май келеміз. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, білім саласын басқарудағы әдіс өзгеруі керек. Ел аумағындағы барлық мектептерге теңдей қарау керек. Ол дегеніміз – елі­міздегі элиталы мектептерге қа­лай жағдай жаса­лып, таңертеңнен кешке дейін біліммен қамтылса, дәл сондай жағдай басқа мектептерге де жа­салуы тиіс. Біз халқының әл-ау­қаты жоғары ел боламыз десек, ұлт­тық басымдық осы болуы қажет. Екіншіден, қаржылан­дыруды тиі­сінше дұрыс жолға қою міндет. Қар­жыландыру CAPEX және OPEX деп екіге бөлінеді. CAPEX – капи­талды шы­ғындар, мек­тептің инфра­құрылымы, сапасы, құрыл­ғылар мен шығарылатын кітап­тары, тағы басқа. OPEX – опера­циялық шығындар, мектеп ұжымының күн­делікті қажет­тіліктерін өтеу. Үшіншіден, оқу бағдарламасы. Қазір оқу бағдарламасына бәрін тықпалап тастаған. Дамыған ел­дерде жоғары сынып оқушылары кем дегенде үш-ақ пән, көп дегенде алты-ақ пән оқиды. Ал Қазақ­станда мектеп бітіретін оқушы 10-11-сы­ныпта ке­мінде 15 пән оқуы керек. Мем­лекеттік оқу бағдарламасының стан­дарттарын ретке келтіру керек. Төр­тіншіден, бөлінген қаржының дұрыс игерілуі, мектептің дұрыс салынуы маңызды. Бе­сіншіден, мектеп басқаратын топ-менед­жер­лердің білігі. Егер мектепте бі­лікті топ-менеджер жұ­мысты дұ­рыс үй­лестіріп, ұзақ­мерзімді стра­те­гиялар құрай алмаса, мәселе ше­шілмейді. Қазіргі мектеп бас­шы­лары – білікті менеджер емес, бұ­рын­ғы ұстаздар. Олардың басқару жүйесі артта қалды. Алтыншыдан, ұстаз­дардың кәсіби білігі. Ұс­таздар жаңа форматта жұмыс істеуге дайын болуы қажет. Олардың баста­рында кредиті болмауы керек. Мы­салы, жаңа оқу жы­лына дайын­дық бас­талды, бірақ мемлекет олар­ға ноут­бук, компьютер алып беріп жат­қан жоқ. Жалпы, Білім және ғылым министрлігін екіге бөлу керек, ағар­тушылық – бөлек бағыт, ғылым – бөлек бағыт. Өкінішке қарай, білім сапасын қадағалайтын орган да тікелей ми­нистр­лікке бағынады. Ол – Білім сапасын қадағалау комитеті. Тіпті, оның ми­нистрлік қарамағында бо­луының өзі қарама-қайшылық. Себебі шетелдік тәжірибеде дәл осын­дай орган министр­ліктен тыс жұмыс істейді.   Syleimenova Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, Алматы қаласы физика-математи­ка бағытындағы Назарбаев зият­кер­лік мектебінің директоры, PhD докторы:  

Оң нәтижені PISA-2021 мен PISA-2024-тен күтеміз

– Менің ойымша, халық­аралық бағ­дарлама рейтингіндегі оң нәтижені біз PISA-2021 мен PISA-2024-тен көре аламыз. Себе­бі сол кезеңде жаңартылған бі­лім мазмұ­нымен оқыған 15 жас­тағы бала­лардан жалпы нәти­жені көру­ге болады. Неге 2018 жылы нәтиже төмен болды? Ең бірінші себеп – балалар алғаш рет компью­термен тест тапсырды. Екінші себеп – олар жаңартылған білім мазмұ­нына көшпеген оқу­шы­лардан тест алған. Сол себептен жалпы нәтиже оң болмады. Бір айта кетерлігі, PISA тес­тіне қатысқан Назарбаев зият­керлік мектеп­терінің рей­тингі­сін алып қарасақ, ол жерде жүйелі түрде оқушы­ларымыздың нәтижесі оң, көрсеткіштері жоға­ры. Бұл нені көрсетеді? Бұл жаңар­тылған білім беру стан­дартының құрас­тыру­шысы, авторы болып санала­тын Назар­баев зияткерлік мектеп­терінің білім беру әдістеріне орта білім беру ошақтарының көшірілуі аса қажет мәселе. Статистикаға келсек, 2018 жыл­­­ғы PISA тестіне Қазақстаннан қа­тыс­­қан бала­лардың 44 пайы­зы – 9-сынып оқушылары, 53,4 пайызы 10-сынып оқушылары еді. Ал басқа мемлекеттердің оқу­шы­­ла­ры­ның қатысу жа­сына қа­рай­тын болсақ, көптеген дамы­ған елдерде мектеп­ке бару жасы нақты бекітіл­ген­діктен, көп ел­дер негізінен 10-сы­нып оқу­шы­ларын қатыс­тырған. Ал 10-сы­нып оқушылары 9-сынып балала­ры­нан несімен ерекшеленеді? 10-сы­­нып оқушы­лары стандартсыз ше­шімге дайын тұрады, ойлау қабі­­леті әлдеқайда дамыған. Сон­дықтан бұл мәселе бізді ойландыруы қажет. Біз НЗМ мектептері қашықтан оқуды Microsoft Teams білім плат­формасында ұйымдастырдық. Биыл 7-сыныпқа қа­былданған оқушы­ларға таныстыру аптасын өт­кіздік. Байқауымызша, 7-сы­ныпқа қабыл­данған оқушы­ларымыз бұл плат­формамен таныс емес не­ме­се компью­терді қолдану дағдысы толыққанды қалып­тас­паған. Қазіргі таңда онлайн плат­формалар санау­лы: олар – Google мен Microsoft Teams. Осы плат­формаларды бар­лық қала, ауыл мектептеріне таныс­тыру керек.   Sabiryli Ерлікжан САБЫРҰЛЫ, Ақпараттық-талдау орталығының халықаралық  салыстырмалы зерттеулер департаментінің директоры (2018 ж.):  

Мектептерді компьютермен толық қамту керек

– Дүниежүзілік банктің мәлі­меті бойынша, PISA тесттері­нің нәтижелері тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлем елдеріне әсер етіп, білім көрсеткіші төмен­дейді деген болжам бар. Қазір бүкіл әлем елдері бірдей жағдайда қашықтан оқу жүйесін бастан өткізіп жатыр. Сон­дықтан қашық­тан оқу­дың кейбір шектеулері бар. Негі­зінен әлем ел­дерінде оқушының әлеу­меттік жағ­дайының оқу проце­сіне әсері көп. Егер біз PISA-2018 бағ­дар­ламасына келсек, соның нәти­же­сінде 2019 жылы жария­ланған мәліметте әлеуметтік жағдай бойын­­­ша бөлек бөлім бар. Оған сенсек, Қазақстандағы әлеуметтік жағдайдың оқу процесіне әсері алдыңғы жылдарға қара­ғанда тө­мен­де­ген. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ мұның артында не жатқанын зерттеу керек. Қа­зақстанмен са­лыс­­тырғанда басқа елдерде әлеу­меттік жағдай оқу процесіне көбі­рек әсер ететіні байқалады. Ме­ніңше, 2018 жылға қарағанда нә­тижелеріміз алда­ғы уақытта көте­ріледі. Себебі сол кезде бірінші рет компьютерлік форматта тест тап­сыру тәжірибесі болды. Қазір еліміздің бұл бағытта тәжірибесі бар. Бір айта кетерлігі, IELTS-2018 нәтижелері көрсет­кендей, 8-сынып оқу­шыларының компью­терлік сауаттылығы төмен дең­гейде. Бірақ қазір нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Ең басты мақсат – мек­тептерді техникамен қамта­масыз ету. Ба­лалардың техникамен жұмыс істеуі артса, компьютерлік сауат­ы да арта түседі.    

Кәмшат ТАСБОЛАТ