PISA (Programme for international student assessment) дегеніміз – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы құрған оқушылардың білім деңгейін бағалайтын халықаралық бағдарлама. Бұл бағдарлама аясында әлемнің түкпір-түкпірінен шыққан ғалымдар балаларға арнайы тесттер дайындайды. Оқушылардың білімі үш көрсеткіш бойынша бағаланады: математика, жаратылыстану ғылымы мен оқу сауаттылығы. Тестке негізінен 15 жастағы оқушылар қатысады. Бағдарлама нәтижесі баланың академиялық білімін емес, функционалды сауатын анықтайды. Бұл қалай? Бұл оқушының алған білімін іс жүзінде қалай қолдана алатынын, логикалық ойлау жүйесін, ақпараттық кестелер мен диаграммаларды сөйлете алуын, ой қорыта білуін зерттейді. 2009 жылдан бері бұл халықаралық бағдарламаға қатысып келе жатқан Қазақстан оқушылары алдыңғы сындардан сүрінбей өтсе, 2018 жылы ең төменгі сатыға түсті. Айта кетерлігі, бұл тест әр 3 жыл сайын өтеді. Соңғы тест оқушыларымыздың білім деңгейінің математика бойынша – 57 балға, жаратылыстану бойынша – 59 балға, оқу сауаттылығы бойынша 40 балға түскенін көрсетті. Соңғы 20 жылдағы көрсеткішке келсек, үздік бестікке тұрақты түрде Финляндия, Корея, Жапония, Қытай мен Сингапур кіреді. 79 мемлекет қатысатын бағдарламада Қазақстан тіпті алғашқы жиырмалыққа да ілікпеген. Шетелдік ғалымдар білім деңгейінің артуын оқушының әлеуметтік статусының артуымен байланыстырады. Мәселен, дамыған елдерде бір оқушыға бөлінетін қаржы 10-15 мың доллардан асып жығылса, елімізде бұл көрсеткіш ауыз толтырып айтарлықтай емес. Біз білім деңгейінің неге түскенін сала мамандарынан сұрап білген едік.
Мемлекеттік білім саласын басқаруда мәселе көп
– Егер қазіргі жағдай өзгермесе, PISA бойынша сауаттылық деңгейі әрі қарай да түсе береді. Бұған ең үлкен себеп – мемлекеттік білім саласын басқарудағы мәселе. Қазақстан бойынша сапалы білім беретін мектептердің үлес салмағы – 1 пайыз ғана. Олар – БИЛ, НЗМ мен РФММ, жекеменшік және халықаралық мектептер. Ал қалған 99 пайызы екіге бөлінеді: қала мен ауыл мектептері. Олардың жағдайы төмен. Конституция бойынша, унитарлы елміз, сапалы орта білім беру міндеті бар, бірақ бұл міндетті жүзеге асыра алмай келеміз. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, білім саласын басқарудағы әдіс өзгеруі керек. Ел аумағындағы барлық мектептерге теңдей қарау керек. Ол дегеніміз – еліміздегі элиталы мектептерге қалай жағдай жасалып, таңертеңнен кешке дейін біліммен қамтылса, дәл сондай жағдай басқа мектептерге де жасалуы тиіс. Біз халқының әл-ауқаты жоғары ел боламыз десек, ұлттық басымдық осы болуы қажет. Екіншіден, қаржыландыруды тиісінше дұрыс жолға қою міндет. Қаржыландыру CAPEX және OPEX деп екіге бөлінеді. CAPEX – капиталды шығындар, мектептің инфрақұрылымы, сапасы, құрылғылар мен шығарылатын кітаптары, тағы басқа. OPEX – операциялық шығындар, мектеп ұжымының күнделікті қажеттіліктерін өтеу. Үшіншіден, оқу бағдарламасы. Қазір оқу бағдарламасына бәрін тықпалап тастаған. Дамыған елдерде жоғары сынып оқушылары кем дегенде үш-ақ пән, көп дегенде алты-ақ пән оқиды. Ал Қазақстанда мектеп бітіретін оқушы 10-11-сыныпта кемінде 15 пән оқуы керек. Мемлекеттік оқу бағдарламасының стандарттарын ретке келтіру керек. Төртіншіден, бөлінген қаржының дұрыс игерілуі, мектептің дұрыс салынуы маңызды. Бесіншіден, мектеп басқаратын топ-менеджерлердің білігі. Егер мектепте білікті топ-менеджер жұмысты дұрыс үйлестіріп, ұзақмерзімді стратегиялар құрай алмаса, мәселе шешілмейді. Қазіргі мектеп басшылары – білікті менеджер емес, бұрынғы ұстаздар. Олардың басқару жүйесі артта қалды. Алтыншыдан, ұстаздардың кәсіби білігі. Ұстаздар жаңа форматта жұмыс істеуге дайын болуы қажет. Олардың бастарында кредиті болмауы керек. Мысалы, жаңа оқу жылына дайындық басталды, бірақ мемлекет оларға ноутбук, компьютер алып беріп жатқан жоқ. Жалпы, Білім және ғылым министрлігін екіге бөлу керек, ағартушылық – бөлек бағыт, ғылым – бөлек бағыт. Өкінішке қарай, білім сапасын қадағалайтын орган да тікелей министрлікке бағынады. Ол – Білім сапасын қадағалау комитеті. Тіпті, оның министрлік қарамағында болуының өзі қарама-қайшылық. Себебі шетелдік тәжірибеде дәл осындай орган министрліктен тыс жұмыс істейді.Оң нәтижені PISA-2021 мен PISA-2024-тен күтеміз
– Менің ойымша, халықаралық бағдарлама рейтингіндегі оң нәтижені біз PISA-2021 мен PISA-2024-тен көре аламыз. Себебі сол кезеңде жаңартылған білім мазмұнымен оқыған 15 жастағы балалардан жалпы нәтижені көруге болады. Неге 2018 жылы нәтиже төмен болды? Ең бірінші себеп – балалар алғаш рет компьютермен тест тапсырды. Екінші себеп – олар жаңартылған білім мазмұнына көшпеген оқушылардан тест алған. Сол себептен жалпы нәтиже оң болмады. Бір айта кетерлігі, PISA тестіне қатысқан Назарбаев зияткерлік мектептерінің рейтингісін алып қарасақ, ол жерде жүйелі түрде оқушыларымыздың нәтижесі оң, көрсеткіштері жоғары. Бұл нені көрсетеді? Бұл жаңартылған білім беру стандартының құрастырушысы, авторы болып саналатын Назарбаев зияткерлік мектептерінің білім беру әдістеріне орта білім беру ошақтарының көшірілуі аса қажет мәселе. Статистикаға келсек, 2018 жылғы PISA тестіне Қазақстаннан қатысқан балалардың 44 пайызы – 9-сынып оқушылары, 53,4 пайызы 10-сынып оқушылары еді. Ал басқа мемлекеттердің оқушыларының қатысу жасына қарайтын болсақ, көптеген дамыған елдерде мектепке бару жасы нақты бекітілгендіктен, көп елдер негізінен 10-сынып оқушыларын қатыстырған. Ал 10-сынып оқушылары 9-сынып балаларынан несімен ерекшеленеді? 10-сынып оқушылары стандартсыз шешімге дайын тұрады, ойлау қабілеті әлдеқайда дамыған. Сондықтан бұл мәселе бізді ойландыруы қажет. Біз НЗМ мектептері қашықтан оқуды Microsoft Teams білім платформасында ұйымдастырдық. Биыл 7-сыныпқа қабылданған оқушыларға таныстыру аптасын өткіздік. Байқауымызша, 7-сыныпқа қабылданған оқушыларымыз бұл платформамен таныс емес немесе компьютерді қолдану дағдысы толыққанды қалыптаспаған. Қазіргі таңда онлайн платформалар санаулы: олар – Google мен Microsoft Teams. Осы платформаларды барлық қала, ауыл мектептеріне таныстыру керек.Мектептерді компьютермен толық қамту керек
– Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, PISA тесттерінің нәтижелері тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлем елдеріне әсер етіп, білім көрсеткіші төмендейді деген болжам бар. Қазір бүкіл әлем елдері бірдей жағдайда қашықтан оқу жүйесін бастан өткізіп жатыр. Сондықтан қашықтан оқудың кейбір шектеулері бар. Негізінен әлем елдерінде оқушының әлеуметтік жағдайының оқу процесіне әсері көп. Егер біз PISA-2018 бағдарламасына келсек, соның нәтижесінде 2019 жылы жарияланған мәліметте әлеуметтік жағдай бойынша бөлек бөлім бар. Оған сенсек, Қазақстандағы әлеуметтік жағдайдың оқу процесіне әсері алдыңғы жылдарға қарағанда төмендеген. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ мұның артында не жатқанын зерттеу керек. Қазақстанмен салыстырғанда басқа елдерде әлеуметтік жағдай оқу процесіне көбірек әсер ететіні байқалады. Меніңше, 2018 жылға қарағанда нәтижелеріміз алдағы уақытта көтеріледі. Себебі сол кезде бірінші рет компьютерлік форматта тест тапсыру тәжірибесі болды. Қазір еліміздің бұл бағытта тәжірибесі бар. Бір айта кетерлігі, IELTS-2018 нәтижелері көрсеткендей, 8-сынып оқушыларының компьютерлік сауаттылығы төмен деңгейде. Бірақ қазір нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Ең басты мақсат – мектептерді техникамен қамтамасыз ету. Балалардың техникамен жұмыс істеуі артса, компьютерлік сауаты да арта түседі.Кәмшат ТАСБОЛАТ