Компьютер керек бәріне
Компьютер керек бәріне
221
оқылды
Аудандық және облыстық кә­сіп­­­одақ ұйымдары компьютерге мұқ­таж негізгі пән мұғалімдерге қар­жы­лай көмектесуді қолға алған. Жал­пы, білім кәсіподағының мәлі­ме­тінше, әр қала мен облыс шама-шарқы келгенше ұстаздың қажетін өтеуге тырысады. Кейбір облыста кәсіподақ жанынан компьютер мен ноутбук құнын толық төлеп берген жайттар кез­деседі.  

Мұғалім және 50 мың теңге

Мәселен, Алматы облыстық бас­тауыш кәсіподақ ұйымы әр ау­даннан 4 мұғалімге 50 мың теңге­ден көмек берген. Сондай көмекке ілік­кен бастауыш сынып мұғалімі Ай­наш Ақанқызы қандай құжат жина­ғаны туралы айтып берді. Бастауыш сынып мұғалімінің сөзінше, ол алдымен өтініш жазған. Бірнеше құжат толтырып, есепшот нөмірін қосымшаға кіргізген. Об­лыстық кәсіподақ жағдайды қа­таң тексерген. Мақұлдағаннан соң ұстаз аудан орталығына барып, кәсіподақ ұсынған 50 мың теңгесін төлеп, қалған соманы несие ретінде ноут­бук сатып алған. Енді өткен IV тоқ­­сандағы сценарий қайталан­бай­тынына қуанады. Шәкірт­терімен емін-еркін кері байланысқа түсіп, алдағы диагностикалық сабақ­ты да ойдағыдай өтетініне сенімді. Білуімізше берілген қаражатты мақсатты түрде пайдалану керек. Яғни, көмекке қол жеткізген ұстаз­дар 50 мың теңгенің үстіне қажетті сомасын толықтырып, компьютер неме­се ноутбук сатып алады. Атал­ған қаражат мұғалімнің жеке есеп­шотына түседі. Дегенмен әр оқу­шы­мен жеке-жеке жұмыс істеп, қа­­шық­тан оқытудың машақатын тар­­­тып жүрген мұғалімге 50 мың тең­ге көмек аз ба дерсіз. Өйткені компьютердің қалған сомасын өз қалтасынан төлеуге мәжбүр. Ал нарықты, ноут­бук сапасы мен қуа­тын ескерсек, әр құрылғы бағасы кемінде 400 мың теңгеге жетеғабыл. Бұған айына тө­леуге тиіс интернет құнын қо­сыңыз. Өткен тоқсанда мұ­ғалім­дер сапалы интернет үшін 30 мың теңгеге роутер сатып алып, айы­на 6 мың теңгеден төлегені есімізде. Десе де, жоғарыда облыс пен ауданның әртүрлі көмек көрсетіп жатқанын жаздық. Еліміз алғаш рет қашықтан оқытуға шындап көшкен шақта мектептегі бар компьютер мен ноутбукты таратып берген-ді. Кейіннен Мемлекет басшысы өт­кен IV тоқсанда мұғалімдердің 20 пайыз­­­дан астамы үйлерінде толық­қанды интернет пен компьютер жоқ болғандықтан, қашықтан тиімді оқыта алмағанын айтты. Мектеп базасындағы 400 мыңнан астам компьютердің тек 40 пайызы іске жарағаны тағы бар. Ал жаңа оқу жылында мектеп­тегі техника мен жергілікті әкімдік­тер қосымша сатып алып жатқан құ­рыл­ғыны қосқанда 500 мың компь­ю­­тер оқушыларға тараты­лады. Табысы төмен отбасындағы бала­ларға, ата-анасынан айырыл­ған, ерекше білімді қажет ететін оқушы­ларға пайдалануға беріледі. Жалпы, компьютер сатып алу про­це­сін жергілікті әкімдіктер жүзе­ге асырып жатыр. Сондай-ақ қазір «Мектепке барар жол» қайырым­дылық акция­сы аясында «Атаме­кен» ұлттық кәсіп­керлер палатасы мен «Менің Ата­мекенім» қоғамдық бірлестігі «Оқу­шыны қолда» жоба­сын баста­ған-ды. Осы жобада да компьютерлік тех­ника сатып алуға, уақытша бере тұруға басымдық беріледі.  

Сол мәселе, сол аймақ

Білім және ғылым министрлігі оқушыларға көмектескісі келетін кәсіпкерлер, мекемелер, ұйымдар мен телеарналар туралы да ақпарат таратқан-ды. Аталғандар қолда бар компьютерлік техникамен бөлісуге дайын. Жаңа оқу жылына дайын­дықты пысықтау мақсатында облыс әкімдерімен өткен тікелей эфирдің басты тақырыбы да техни­ка жайы еді. Өйткені өткен тоқ­санның дені WhatsАpp-тағы кері байланыстан ары аса алмағаны бел­гілі. Жоғарыдағы жайтты ескере ке­ле, Нұр-Сұлтан қаласында әлеу­мет­тік осал санаттағы оқушыларды ноут­букпен, роутермен қамтамасыз етуге 6 млрд-қа жуық қаржы бөлін­ген. Сәйкесінше, 34,5 мыңға жуық бала жаңа оқу жылына дайын бол­мақ. Ал Алматы қаласындағы мо­ни­­торинг жұмысына үңілсек, ша­һар­да компьютерлік техникаға мұқ­таж 70 мың­ға жуық оқушы мен мұғалім бар. Сондықтан қала билігі мәселені бес бағыт бойынша ше­шуді қолға алған. Шымкент қа­ласында да 222 мың­нан астам оқушының 35 пайы­зына компью­терлік техника қажет екен. Осыған орай республи­калық бюд­жеттен 4,8 млрд теңгеге 31 160 компью­тер са­тып алуға сұраныс жіберілген. Облыстардағы мәлімет те компью­­­­ тер­лік техникаға мұқтаж ай­мақтарды анықтады. Қай облыс­­­тың болсын есебіне үңілсеңіз, компью­тер мен интер­неттің қажет екенін байқайсыз. Бәрін тізіп жатпай, халық саны көп, интернет жайы, компьютер саны бас ауруға айналған бірнеше облыстың жағ­дайына тоқталғанды жөн көрдік. Мәселен, Шығыс Қазақстанда 22 мыңнан астам оқушыда компьютер жоқ екен. Сондықтан білім беру ұйымдарындағы 17 101 техниканы 197 педагог пен 16 мыңнан астам оқушыға таратып берген. Мәселені тү­бегейлі шешу үшін тамыз айының ая­ғына дейін 1,6 млрд теңгеге 9 548 компью­терлік техника сатып алу көзделген. Ал облыстағы интернет жайы қорда­ланып қалғалы қашан? Интернет сапасын әне-міне жақ­сар­­тамыз дегенше 2021 жыл есік қағуға таяу. Естеріңізде болса, 2021 жылға дейін ел аумағының дені талшықты оптикалық интернет желісіне өтуі керек-ті. Әрине, 2020 жыл біткенше біздің күтуге, Цифр­лық даму ми­нистр­лігінің жұмыс істеуге құқығы бар. Дегенмен дерек бойынша, Шығыс Қазақстан облысында 1 қыр­күйекке дейін 52 елді мекенде интернет желісіне қол­жетімділік артады-мыс. Аталған дата­ның ауылы алыс емес. Меже­леген уа­қыт жет­кенде нәтижесін жазамыз. Ал Қызылорда облысында 9 687 оқушыда мүлдем электронды құ­рылғы жоқ. 8 307 бала интернетпен қам­­­тылмаған. Түркістан облысына кел­­­сек, 131 елді мекенде интернет желісі жоқ. Өңірде аз қамтылған от­ба­сы­лардың басым бөлігінде компью­­­­терлік техника жоқ. Сон­дық­тан аймақта 57 мыңнан астам компьютер сатып алу күн тәртібінде тұр. Primeminister.kz берген анық­­­­­тамаларында облыстардың басым бөлігінде компьютерлік тех­ни­каға мұқтаж педагогтер туралы дерек кез­деспейді. Білім беруге құштар жан­дардың жағдайы туралы құзыретті ми­­нистрлік ақпар берге­німен, сандар сөйлегенін байқама­дық. Алда жаңа оқу жылы бастала­тынын ес­керсек, ұстаз­дардың жағ­­­­­дайы­на көңіл бөлген жөн. Өйт­кені «қашық­тан оқимыз, үйде отыра­­мыз» дегені­мізбен, басқару пульті мен білім өзегі мұғалімнің қолында екені даусыз.  

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ