Аудандық және облыстық кәсіподақ ұйымдары компьютерге мұқтаж негізгі пән мұғалімдерге қаржылай көмектесуді қолға алған. Жалпы, білім кәсіподағының мәліметінше, әр қала мен облыс шама-шарқы келгенше ұстаздың қажетін өтеуге тырысады. Кейбір облыста кәсіподақ жанынан компьютер мен ноутбук құнын толық төлеп берген жайттар кездеседі.
Мұғалім және 50 мың теңге
Мәселен, Алматы облыстық бастауыш кәсіподақ ұйымы әр ауданнан 4 мұғалімге 50 мың теңгеден көмек берген. Сондай көмекке іліккен бастауыш сынып мұғалімі Айнаш Ақанқызы қандай құжат жинағаны туралы айтып берді. Бастауыш сынып мұғалімінің сөзінше, ол алдымен өтініш жазған. Бірнеше құжат толтырып, есепшот нөмірін қосымшаға кіргізген. Облыстық кәсіподақ жағдайды қатаң тексерген. Мақұлдағаннан соң ұстаз аудан орталығына барып, кәсіподақ ұсынған 50 мың теңгесін төлеп, қалған соманы несие ретінде ноутбук сатып алған. Енді өткен IV тоқсандағы сценарий қайталанбайтынына қуанады. Шәкірттерімен емін-еркін кері байланысқа түсіп, алдағы диагностикалық сабақты да ойдағыдай өтетініне сенімді. Білуімізше берілген қаражатты мақсатты түрде пайдалану керек. Яғни, көмекке қол жеткізген ұстаздар 50 мың теңгенің үстіне қажетті сомасын толықтырып, компьютер немесе ноутбук сатып алады. Аталған қаражат мұғалімнің жеке есепшотына түседі. Дегенмен әр оқушымен жеке-жеке жұмыс істеп, қашықтан оқытудың машақатын тартып жүрген мұғалімге 50 мың теңге көмек аз ба дерсіз. Өйткені компьютердің қалған сомасын өз қалтасынан төлеуге мәжбүр. Ал нарықты, ноутбук сапасы мен қуатын ескерсек, әр құрылғы бағасы кемінде 400 мың теңгеге жетеғабыл. Бұған айына төлеуге тиіс интернет құнын қосыңыз. Өткен тоқсанда мұғалімдер сапалы интернет үшін 30 мың теңгеге роутер сатып алып, айына 6 мың теңгеден төлегені есімізде. Десе де, жоғарыда облыс пен ауданның әртүрлі көмек көрсетіп жатқанын жаздық. Еліміз алғаш рет қашықтан оқытуға шындап көшкен шақта мектептегі бар компьютер мен ноутбукты таратып берген-ді. Кейіннен Мемлекет басшысы өткен IV тоқсанда мұғалімдердің 20 пайыздан астамы үйлерінде толыққанды интернет пен компьютер жоқ болғандықтан, қашықтан тиімді оқыта алмағанын айтты. Мектеп базасындағы 400 мыңнан астам компьютердің тек 40 пайызы іске жарағаны тағы бар. Ал жаңа оқу жылында мектептегі техника мен жергілікті әкімдіктер қосымша сатып алып жатқан құрылғыны қосқанда 500 мың компьютер оқушыларға таратылады. Табысы төмен отбасындағы балаларға, ата-анасынан айырылған, ерекше білімді қажет ететін оқушыларға пайдалануға беріледі. Жалпы, компьютер сатып алу процесін жергілікті әкімдіктер жүзеге асырып жатыр. Сондай-ақ қазір «Мектепке барар жол» қайырымдылық акциясы аясында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігі «Оқушыны қолда» жобасын бастаған-ды. Осы жобада да компьютерлік техника сатып алуға, уақытша бере тұруға басымдық беріледі.Сол мәселе, сол аймақ
Білім және ғылым министрлігі оқушыларға көмектескісі келетін кәсіпкерлер, мекемелер, ұйымдар мен телеарналар туралы да ақпарат таратқан-ды. Аталғандар қолда бар компьютерлік техникамен бөлісуге дайын. Жаңа оқу жылына дайындықты пысықтау мақсатында облыс әкімдерімен өткен тікелей эфирдің басты тақырыбы да техника жайы еді. Өйткені өткен тоқсанның дені WhatsАpp-тағы кері байланыстан ары аса алмағаны белгілі. Жоғарыдағы жайтты ескере келе, Нұр-Сұлтан қаласында әлеуметтік осал санаттағы оқушыларды ноутбукпен, роутермен қамтамасыз етуге 6 млрд-қа жуық қаржы бөлінген. Сәйкесінше, 34,5 мыңға жуық бала жаңа оқу жылына дайын болмақ. Ал Алматы қаласындағы мониторинг жұмысына үңілсек, шаһарда компьютерлік техникаға мұқтаж 70 мыңға жуық оқушы мен мұғалім бар. Сондықтан қала билігі мәселені бес бағыт бойынша шешуді қолға алған. Шымкент қаласында да 222 мыңнан астам оқушының 35 пайызына компьютерлік техника қажет екен. Осыған орай республикалық бюджеттен 4,8 млрд теңгеге 31 160 компьютер сатып алуға сұраныс жіберілген. Облыстардағы мәлімет те компью терлік техникаға мұқтаж аймақтарды анықтады. Қай облыстың болсын есебіне үңілсеңіз, компьютер мен интернеттің қажет екенін байқайсыз. Бәрін тізіп жатпай, халық саны көп, интернет жайы, компьютер саны бас ауруға айналған бірнеше облыстың жағдайына тоқталғанды жөн көрдік. Мәселен, Шығыс Қазақстанда 22 мыңнан астам оқушыда компьютер жоқ екен. Сондықтан білім беру ұйымдарындағы 17 101 техниканы 197 педагог пен 16 мыңнан астам оқушыға таратып берген. Мәселені түбегейлі шешу үшін тамыз айының аяғына дейін 1,6 млрд теңгеге 9 548 компьютерлік техника сатып алу көзделген. Ал облыстағы интернет жайы қордаланып қалғалы қашан? Интернет сапасын әне-міне жақсартамыз дегенше 2021 жыл есік қағуға таяу. Естеріңізде болса, 2021 жылға дейін ел аумағының дені талшықты оптикалық интернет желісіне өтуі керек-ті. Әрине, 2020 жыл біткенше біздің күтуге, Цифрлық даму министрлігінің жұмыс істеуге құқығы бар. Дегенмен дерек бойынша, Шығыс Қазақстан облысында 1 қыркүйекке дейін 52 елді мекенде интернет желісіне қолжетімділік артады-мыс. Аталған датаның ауылы алыс емес. Межелеген уақыт жеткенде нәтижесін жазамыз. Ал Қызылорда облысында 9 687 оқушыда мүлдем электронды құрылғы жоқ. 8 307 бала интернетпен қамтылмаған. Түркістан облысына келсек, 131 елді мекенде интернет желісі жоқ. Өңірде аз қамтылған отбасылардың басым бөлігінде компьютерлік техника жоқ. Сондықтан аймақта 57 мыңнан астам компьютер сатып алу күн тәртібінде тұр. Primeminister.kz берген анықтамаларында облыстардың басым бөлігінде компьютерлік техникаға мұқтаж педагогтер туралы дерек кездеспейді. Білім беруге құштар жандардың жағдайы туралы құзыретті министрлік ақпар бергенімен, сандар сөйлегенін байқамадық. Алда жаңа оқу жылы басталатынын ескерсек, ұстаздардың жағдайына көңіл бөлген жөн. Өйткені «қашықтан оқимыз, үйде отырамыз» дегенімізбен, басқару пульті мен білім өзегі мұғалімнің қолында екені даусыз.