Ұлы мен қызына грант алып беріпті
Жалпы, басқармаға зерделеу жұмыстарын ANTIKOR орталығы жүргізген. Нәтижесінде, ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметте, сондай-ақ басқарма қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерде «сыбайлас жемқорлыққа апарар жолдар» бар екені анықталған. Атап айтсақ, басқармада 2016-2020 жылдар аралығында жыл сайын 5-тен 8 қызметкерге дейін жұмыстан кетіп отырған. Штат саны басқармада 21 адамды құраса, кадрдың тұрақтамауы 30-40 пайызды көрсеткен. Сонымен қатар әр қызметкердің бекітілген функционалдық міндетінің болмауы белгілі болып отыр. Бұдан бөлек, 2019 жылғы 4 мамырда басқарма басшысы Отан қорғаушылар күніне орай 15 мемлекеттік қызметшіге лауазымдық жалақысының 50 пайыз мөлшерінде сыйақы беру туралы бұйрық шығарған. Алайда талдау басқарманың басшылық құрамының ақшалай сыйақыны толық жалақы көлемінде алғанын көрсеткен. Яғни, басшылар өздеріне толық айлық көлемінде сыйақы жаздырып, қалған қызметкерлерге тек 50 пайыздан берген. Нәтижесінде, төлем сомасы 116 518 теңгеден 170 817 теңгеге дейін болған. Сондай-ақ өткен жылғы Конституция күніне орай сыйақы мөлшерін белгілеуде дискрециялық тәсіл қолданылған. Ал «жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік грант беру» және «өндірістік инфрақұрылымды дамыту бойынша қолдау көрсету» мемлекеттік қызметтері бойынша талдау барысында былтыр келіп түскен өтініштерді тіркеу журналы мүлде болмаған. Осы мемлекеттік қызметтер бойынша 2019 жылғы хаттамаларды іріктеп зерделеу конкурстың жекелеген қатысушыларына заңсыз артықшылық көрсету фактілерін және басқалардан негізсіз бас тарту деректері де анықталған. Мәселен, «Тұңғышбай» жеке кәсіпкердің бизнес-жобасын 13 комиссия мүшелерінің 7-і қолдамағанымен, оның идеясы мақұлданып кеткен. Осыған ұқсас Aitora ЖШС және «Қадірман» ЖК-ның бизнес-жобалары бойынша конкурстық комиссияның шешімдері мен мүшелерінің көпшілігі қарсы болғанына қарамастан оң бағаланған. Ең сорақысы, зерделеу кезінде «Тұңғышбай» ЖК және Aitora ЖШС-ның бизнес-жобалары осы күнге дейін жүзеге асырылмағаны белгілі болды. Бұдан бөлек, комиссия мүшелерінің басым бөлігі оң дауыс бергенімен, грант тағайындаудан бас тарту деректері де тіркелген. Мысалы, «ЖансәулеМыңтай» мен Agrojem жеке кәсіпкерлерінің бизнес-жобалары бойынша комиссияның 14 мүшесінің 11-і оларды қолдағанына қарамастан грант берілмеген. Дәл сондай «Қанатбаев А.Б.» және «Наушарбан» жеке кәсіпкерлері де комиссияның 14 мүшесінің 10-ның оң дауысын алғанымен, грантқа қол жеткізе алмаған. Есесіне, конкурстық комиссия мүшелері өздерінің туған-туыстарына грант алып беруде ештеңеден қаймықпаған. Мәселен, А.Заурбекова комиссия мүшесі бола тұра, «А.Заурбекова» жеке кәсіпкерлігін басқаратын қызы мен «Ә.Б.Заурбеков» жеке кәсіпкерлігіне жетекшілік ететін ұлына оң дауыс беріп, «Заурбекова А.Б.»-ға 2 миллион теңге көлемінде грантты алып берген. Сол сияқты конкурстық комиссияның мүшесі Т.Айменов отырыс барысында өз ұлының «Нью Алианс» жеке кәсіпкерлігіне 3 миллион теңгеге мемлекеттік грант алуына ықпал еткен. Тағы бір айта кетерлігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті қызметкерлері басқарма өкілімен бірлесе кәсіпкерлердің мемлекеттік грант қаражатын пайдалануын зерделеу үшін 5 бизнес-жоба бойынша тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 1,5 миллион теңге мемлекеттік грант сомасын алған Energy ЖК өз бизнес-жобасын іске асырмағаны анықталып отыр. Осылайша, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына қатысты былық та, шылық та көп болып тұр. Әсіресе, комиссия мүшелері өзгені өзекке теуіп, өзінің ұлы мен қызына ашықтан-ашық мемлекеттік грант алып бергеніне не дерсің?! Аталған заңбұзушылықтар бойынша департамент сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің туындау алғышарттарын жою бойынша құзырлы мекемелерге нақты ұсыным берген. Ендігі шешім солардың еншісінде.Жастар да жымқыруды үйренді ме?
Жамбылдық жастар да мемлекет қаржысын жымқыруды үйрене бастаған секілді. Мұндай байлам жасауымызға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті жүргізген тексеріс себеп болды. Нақтырақ айтсақ, Байзақ аудандық жастар ресурстық орталығының 2 қызметкері Нұр-Сұлтан қаласына бірнеше рет іссапарға барып, шығындары ұйымдастырушылар тарапынан мемлекеттік грант аясында төленгеніне қарамастан, аталған азаматтар жұмыс орны арқылы да қаржыға кенеліп қалуды көздеген. Нәтижесінде, жалпы сомасы 650 000 теңгеге жуық ақша қолды болып отыр. Сонымен қатар еңбекақы төлеу жүйесі ережесіне сәйкес, белгіленген коэффициенттерді дұрыс есептемеудің салдарынан Байзақ және Меркі ауданы жастар ресурстық орталығының қызметкерлерінің біріне артық жалақы төленіп келсе, бірі кем айлық алған. Аталған мәселелерге байланысты қазір Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы мен аудан әкімдеріне артық төленген іссапар шығындарын қайтару және кемшіліктерге жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы ұсыныс беріліп отыр. Түйін:Бұл ең бірінші қадағалаудын жоқтығынан болып жатқан жағдай. Егер жоғарыда аталған мекемелердің басшылары жұмысына жауапты қарап, грант үйлестіретін комиссия мүшелерін де жіті назарда ұстаса, мұндай олқылықтар орын алмас еді. Ал бақылау болмаса, әркім білгенін істейтіні де белгілі нәрсе. Мұндайда қазақ «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» демей ме?! Енді бұл жайтты жылы жауып қоймай, жауаптылардың қатаң жазалануы тиіс. Әйтпесе, ертең бұдан да сорақысы болуы бек мүмкін.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы