...1939 жылғы шілде айының он үшінші жаңасында жарық дүниеге көрінген Асқар Шораевтың балалық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келді. Бұған қоса сол замандағы ұрпақтың жастық шағы да соғыс қиратқан халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңімен сәйкес келіп, өзге материалдық игіліктерді айтпағанда, ішер тамақ пен киер киімнен де қатты тарықты бұл буын. Осының бәрін біздің бүгінгі басты кейіпкеріміз «Көппен көрген ұлы той» ретінде қабылдауға да пейілді еді, егер арқа сүйер асқар таудай әкесі қан майданнан оралғанда... «Жығылғанға – жұдырық» дегендей, тіпті әкесінің ағаларының бірі де, оған қоса ортақ Отанды неміс фашистерінен қорғауға аттанған нағашыларының бірде-біреуі елге оралмады. Сол боздақтардың бәрі де Жеңіс үшін, бүгінгі ашық аспан, бейбіт өмір, бақытты заман үшін майдан даласында мерт болып, баршасына жат жерден топырақ бұйырды.
– Әкем 1942 жылдың қаңтарында әскерге алынып, ел қорғауға аттанғанда анам Зейнел үйелмелі-сүйелмелі жеті баламен қалыпты. Бұл менің әлі үш жасқа да толмаған кезім ғой. Бір қыз, алты ұлдың кенжесі мен екенмін. Сұрапыл соғыс жылдары да, соғыстан кейін де біздің ауыл-аймақта біздің үйден бетер жағдайы нашар, кедей отбасы болған жоқ, – деп бүгіндері қамыға еске алады кіндік қаны Ақжайық ауданының Ілбішін ауылдық кеңесінің аумағында тамған Асқар.
Иә, сөзбен айтудың өзі ауыр, еске алудың өзі қиын қиямет жылдар еді ол кезең. Бірақ қаншама қиындық көрсе де, қаншама мехнат шексе де абзал ана перзенттерін қатарынан кем қылмай жеткізуді өмірінің ең басты мұрат-мақсаты санады.
– Анам жарықтық дастарқан басындағы әңгіме-дүкен барысында бізге, перзенттеріне, өтірік айтпау, ешкімге қиянат көрсетпеу, жамандық жасамау, егер мүмкін болса, қолыңнан келгенше жақсылық жасау жөнінде жиі айтып отыратын. Міне, сексеннің сеңгіріне шыққанша анамның осы өсиеттерін бұлжытпай орындап келемін. Алдағы өмірімде де осы тура жолдан таймасым анық, – деп нық сөз сабақтады Ишанның Асқары.
1962 жылы анасының қолына келін түсіріп, Альфия, София және Рамазан есімді ұл-қыз сүйген Асқар ағаның өзі бүгінде он шақты немереге қоса, бес-алты шөберенің ардақты атасы.
ЕЛБАСЫМЕН БІРГЕ ҚАРА МЕТАЛЛУРГИЯДА ШЫҢДАЛДЫ
Асқар Шораев – Қарағанды облысына қарасты Теміртау қаласындағы металлургия комбинатында 33 жыл бойы табан аудармай тер төккен еңбек ардагері. Жалын-жігері мол жас кезінде ыстығы 1 000 градустан астам домна пеші арқылы қара металдан «өзен» ағызып, болат, шойын қорыта жүріп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге еңбек майданында құрыштай шыңдалған Асқар Ишанұлының өмірден көргені де, көңілге түйгені де көп.
Тағы бір қыры – оның жастайынан спортқа ден қойғаны. Соның айғағындай А.Шораев – велоспорт пен шаңғыдан қазақ жастары арасынан шыққан КСРО-ның тұңғыш спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері, «Денешынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері. Бапкерлік жылнамасында Ишанның Асқары велосипед спортынан КСРО-ның 30 спорт шебері мен КСРО-ның бір халықаралық дәрежедегі спорт шеберін даярлаған маңдайалды маман. Бүгіндері ол – туған өлкемізде велоспорттың өркендеуіне атсалысып жүрген азамат. Асқар Ишанұлы әлі күнге дейін облысымыздың ең шалғай аудан-ауылдарына дейін барып, жастарға патриоттық тәлім-тәрбие беруге атсалысып жүр.
Еңбек жолын 1957 жылы өзінің туған ауыл-аймағы – қазіргі Ақжайық ауданына қарасты Ілбішін кеңшарында тракторист болып бастаған Асқар ағай кезінде ауыл жастарына жетекшілік (комсорг) міндетті де атқарды. Оның 1959 жылдан бастап 1992 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейінгі бүкіл өмірі Қарағанды металлургия комбинатымен тығыз байланысты.
– Мен жастарға Қазақстанның қара металлургия өнеркәсібінің қалыптасуы жөнінде жиі әңгімелеймін. Өйткені орасан зор қажыр-қайрат пен жалын-жігерді, сондай-ақ темірдей шыдамдылықты талап ететін өнеркәсіптің бұл саласы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевты тұлға, қайраткер ретінде шыңдады. Мұны өз естеліктерінде ұлт Көшбасшысының өзі айтып та, жазып та жүр.
ХХ ғасырдың 60-жылдары Қазақстанның қара металлургия саласы үшін қазақ жастарынан мамандар даярлау күрт қолға алынды. Сол жылдары аталған салада жұмыс істеуге аңсары ауған 500-ден астам қазақ жігіті Днепродзержинск (Украина), Сталинск (қазіргі Новокузнецк қаласы, Ресейдің Кемерово облысы), Ресейдің Челябинск қаласында және Челябинск облысындағы Магнитогорск қаласына оқуға аттанды. Бұл қалаларда біз қара металлургия өндірісіне қажетті әртүрлі жұмысшы мамандықтарды меңгердік. Мәселен, құрамында болашақ Президентіміз бар топ Днепродзержинскіде келешек көрікші (горновой) ретінде домна өндірісінің мән-жайына қанықты. Ал біздің топ Сталинскіде технолог-металлург мамандығын меңгерсе, Челябинскіге аттанған жігіттер токарь, фрезеровщик және шлефовщик болуға ден қойды. Ал Магнитогорскідегі замандастарымыз домна пешінің шебері, салқын шойын өндірісінің маманы және краншы секілді кәсіптерге маманданды.
Біз барған жерімізде теориялық оқу мен өндірістік үрдіске қатар қанықтық. Мысалы, аптасына 2-3 күн оқысақ, 2-3 күн жергілікті өндіріс ошақтарында жұмыс істейтінбіз.
Қара металлургия – өнеркәсіптің ең ауыр саласының бірі. Тек мына бір-екі-ақ фактор талай адамның төбе шашын тік тұрғызары анық. Біз жұмыс істеген кездегі домна пешіндегі технологиялық ыстық 1 085°С шамасында, ал көрікшінің (горновой) күнделікті жұмыс аймағындағы қызу +200 градус пен +500 градус аралығында болатын. Ол кезде автоматтандыру, компьютерлендіру деген атымен жоқ, барлық жұмыс түгелдей қолмен істелетін. Қаншама қарулы, тепсе темір үзетін жаста болсақ та, ауысымнан сілеміз қатып шығатын. Бірақ жастықтың аты жастық қой, шіркін! Аз-кем тынығып алып, би кешіне немесе спортзалға тартатынбыз.
Иә, жұмыс өте ауыр еді, әсіресе, қысты күндері. Өзіңіз ой жүгіртіп көріңіз, алдыңнан 200°-500° аралығындағы ыстық шарпыса, арқа тұсыңнан Сарыарқаның сақылдаған -40°, -45° аязы қариды, ал тура алдыңда болат, құрыш, шойын секілді ең берік, ең мықты металл түрлері «өзен» болып ағып жатыр. Оның үстіне өндірістік тәлімгер ретінде бекітілген сол кездегі «аға» ұлт өкілдері біздің ешқайсымызға жарытып жылы қабақ таныта қойған жоқ. Олар бізден тек жұмысты қатаң талап етуді білді. Несін жасырайық, ара-арасында намысқа тиетін ауыр-ауыр сөздер де айтылатын. Міне, осындай жағдайлардың салдарынан көптеген қазақ жігіттері өздерінің «металлург болсам» деген ойынан айныды. Айналып келгенде, әу бастағы 500-ден аса қазақ жігітінің металлургия саласында нағыз «қасқырлары», алғырлары қалды. Солардың бірі және бірегейі – қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ Марат Ырысбаев, Жеңіс Қайырмағамбетов, Жансұлтан Ысмайылов сынды бірқатар қазақ жігіттері де нағыз кәнігі металлург болып қалыптасты. Тіпті, «Қарметкомбинатта» ұзақ жыл агломерациялық өндіріс басшысының орынбасары болып қызмет істеген Марат Ырысбаевтың ұлы Артур баламыз өзіміздің төл кәсіпорнымызда тура әлгі қызметте бүгіндері әке жолын жалғастыруда. Әуелгіде металлургия саласындағы еңбек жолын қара жұмыстан бастаған біздің жігіттердің біразы бертін келе Теміртаудағы Жоғары техникалық оқу орнын (ВТУЗ) және басқа да институттарды бітіріп, өндіріс командирлеріне айналды, – деп бір қайырды Асқар ағай.
Бірде металлургия майталманынан Бөкей ордасы ауданының орталығындағы колледж студенттерінің бірі Елбасымен қашан, қандай жағдайда танысқанын сұраған екен.
– Біз 1960 жылғы 3 маусым күні домна пеші арқылы бірінші рет өнім өндірдік. Бұл біздің қара металлургия саласындағы жанкешті еңбегіміздің алғашқы жемісі, бастамасы ғана еді. Сол кезде алабұртып толқып тұрған біздің арамызда Нұрсұлтан Әбішұлы да болды, – деп жауап беріпті Асқар Ишанұлы. Ал тағы бір студент Елбасымен бірге өткізген ең әсерлі сәт жөнінде сұраған көрінеді.
– 1962 жылы 25-27 ақпан аралығында Қазақстан комсомолының оныншы съезі өтті. Жастардың осы алқалы жиынына еліміздің ең ірі облыстарының бірі – Қарағанды облысынан сайланған 100-ден аса делегаттың үшеуі біздің комбинаттың өкілдері еді. Олар: Нұрсұлтан Назарбаев, қазір фамилиясын ұмыттым, Бану деген құрбымыз және мен, яғни Асқар Шораев. Біз съезге жолай әсерлі әңгіме айтып, ән шырқап, тіпті кейбір мәселелер бойынша қызу пікір таластырып, өте жоғары көңіл күймен бардық. Бәріміз де жалындап тұрған жастармыз ғой, жол бойы, әсіресе, жасампаз еңбегімізбен туған елді жайнату жөнінде жиі әңгіме болды. Съезге Қазақстанның сол кездегі басшысы Дінмұхамед Қонаев қатысты. Осы съезде Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, металлургтердің өндірістік тыныс-тіршілігі және тұрмыстық жағдайы туралы күрмеуі көп мәселені алға тартып, баяндама жасады. Жиыннан кейін көп ұзамай түгел дерлік болмаса да, біраз мәселе шешімін тауып, өндірістік жұмысымыз да, күнделікті тұрмысымыз да әжептәуір жақсара түсті. Сірә, содан болса керек, осы сапар менің жадымда ерекше сақталыпты.
Жалпы, ауыр жұмыстан қолымыз қалт еткен сәтте Нұрекең қолына домбыра алып, ән салып, жанымызды жадырататын. Біздің жігіттердің бәрі дерлік спортпен, әсіресе, күрес, бокспен белсенді айналысты. Сол жылдары Нұрекеңді күрес залынан жиі көретінбіз. Егер өзіміздің қыз-жігіттер қол ұстасып, шаңырақ көтеріп, отау құрар болса, барымызды салып, комсомолдық той өткізетінбіз.
Осындай ортақ шаруаның бел ортасында қарайған ұйымдастыру жұмыстарының қиюын келтіріп Нұрекең жүретін еді. Өте ауқымды жұмысбастылығына және саяси биліктің шырқау шыңына шыққанына қарамастан, Нұрсұлтан Әбішұлы әлі күнге дейін қыруар қиындықты бірге өткерген жас кездегі дос-жарандары мен өзіне өмірлік бағыт-бағдар берген ұстаздарын ұмытқан емес. Әрі ол қажет жағдайда қол ұшын беріп, шуағын түсіруді де үнемі ескеріп отырады. Міне, нағыз адамға тән дос-жолдастыққа адалдық, жасы үлкенді ардақтау, туған еліңнің мүддесі үшін жағдайыңның бар-жоғына қарамастан, жанкешті еңбек ету секілді осындай асыл қадір-қасиеттер бүгінгі жастарға да жұғысты болғай, – деп жауап беріпті жастардың жаңағы сұрағына.
«ТУҒАН ЖЕР, ЕШ НӘРСЕ ЖОҚ СЕНЕН ЫСТЫҚ...»
Қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, академик-жазушы Сәбит Мұқанов бір сөзінде:
Туған жер, еш нәрсе жоқ
сенен ыстық,
Себебі сенде туып, сенен ұштық, – деп тебіренген екен. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, Ишанның Асқары да туған жерін ұмытқан емес. Асқар ағайдың Ақжайық ауданындағы бүгіндері Ақжол ауылдық округі деп аталатын өзі туып-өскен ауыл-аймағына жасаған жақсылығы көл-көсір. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, сол іргелі істердің ірілерін ел-жұрттың жадында жаңғыртып көрелік. Алдымен айтарымыз, ағамыз аталған ауыл-аймаққа көгілдір отын мен сапалы ауызсу құбырының тартылуына, округ орталығындағы мәдениет үйі мен мектептің күрделі жөндеуден өтуіне ұйытқы болды. Сосын спорт қалашығын салдырып, мектепке жергілікті шаруа қожалықтарымен тізе қоса отырып, жиырма шақты велосипед алып беріп, спорттың бұқаралығын арттырып, ел ішінде, халық арасында саламатты өмір салтының нығаюына тікелей үлес қосты. Ауыл мектебіне енді бірнеше жұп шаңғы алып берді. Сонымен қатар Асқар Ишанұлы Құрбан айт, Ораза айт, Наурыз мейрамы, Қайырымдылық айлығы мен «Мектепке жол» шарасы кезінде де әлеуметтік жәрдемді қажетсінетін жандарға жанашырлық танытудан жаңылған емес. Айтпақшы, А.Шораев тек аудан-ауылда ғана емес, тіпті облыс орталығында да спорттың кең қанат жаюына лайықты үлес қосып келеді. Мысалы, жағасына Орал қаласының орталық саябағы қоныстанған Шаған өзенінің арғы бетінен веложол мен жастарға арналған шағын спорт қалашығын салу да Асқар Ишанұлының идеясы болатын. Бүгінде бұл шаруа біраз еңсерілді.
– Туған ауылымнан анам Зейнелдің атындағы мешіт салдырғанда екі мақсатты көздедім. Бірі – жылдар бойы құла бейнет көре жүріп, перзенттерін қатарынан кем қылмай жеткізген анамның рухына тағзым. Ал екінші көздегенім – өз қаржыма салдырған аяулы анам атындағы мешітті сауатты имам-молдалармен қамту арқылы ауылдастарымның жат діни ағымдарға арбалуына жол бермеу. Шүкір, бұл мұрат-мақсатыма да жеттім, – дейді Асқар ақсақал бұл күндері.
САЯТ пен САЯХАТ
Өзінің айтуынша, оны қаршадай бала кезінен балық және аң аулауға өзінің туған ағасы, ата-анасының тұңғыш перзенті Қуаныш баулыған көрінеді. Жүріс-тұрысы ширақ, әлі күнге дейін даланы айтпағанда, ығы-жығы, адамы да, автоарғымағы да көп қалада темір тұлпарын өзі жүргізетін Асқар ара-тұра аңға да шығып, балық аулауға да барып тұрады. Бәлкім сенерсіз, бәлкім сенбессіз, сексеннің сеңгіріне шыққан кейіпкеріміз күні бүгінге дейін сөздің тура мағынасында құралайды көзге атқан мерген! Сірә, бұл да бір Құдайдың бергені шығар. Әйтпесе, сексен жаста көп кісіге көлік жүргізу, саятқа шығу, бағбан ретінде бау-бақша баптау түгілі, құр әншейін жүріп-тұрудың һәм үйге кіріп-шығудың өзі үлкен шаруа. Сондай-ақ ағамыз зайыбы Ләйлә апаны ертіп алып, ағайын-туыс, дос-жаранды айтпағанда, тіпті ара-тұра алыс-жақын шетелдерге де тартып кетеді. Мысалы, ағамыздың өзі былтыр 21 күн бойы өтетін 3 300 шақырымдық «Тур де Франс» веложорығын тамашалап келді. Веложарыс көрерменді көп жинаудан Олимпиада ойындары мен футболдан әлем чемпионатынан кейін үшінші орында.
– Ой-қыры, жыра-жықпылы көп Пиреней тауларының асуларының ара-арасымен өтетін «Тур де Франсты» тамашалауға жиналған мың-сан бейтаныс көрерменнің біразы біздің командаға «Астана! Астана!» деп жанкүйерлік танытқанда жан дүниең толқып, жүрегің тебіренеді екен, – деп ағынан жарылды бізбен әңгіме-дүкен барысында ағамыз.
ЕЛБАСЫНЫҢ СЫЙ-ҚҰРМЕТІ
Өмірден көргені де, көңілге түйгені де көп Асқар Шораев үшін жас кезінде еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге ыстығына күйіп, суығына тоңа жүріп жұмыс істеген Қазақстан магниткасының орны бөлек. Биылғы жаздың бел ортасы ауа сексеннің сеңгіріне шыққан Асқар Ишанұлы осыдан бірер апта бұрын еліміздің бас қаласынан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жазбаша құттықтауын алып қайтты. Арнайы құттықтауға қоса, Елбасы құрыш білек металлургтың қолына циферблатына Қазақстанның Тұңғыш Президентінің қолы қойылған атаулы сағат тақты.
80 жасқа толуына орай, Асқар Ишанұлын Сенат депутаты Нариман Төреғалиев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Қазақстан велосипед спорты федерациясының президенті Дархан Қалетаев және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның бас директоры Парамжит Калон да құттықтады. Ал Словенияның қайраткер азаматы, «Карич» халықаралық қорының президенті Драгомир Карич еңбек және спорт ардагері Асқар Шораевты мерейтойына орай, «Елдер арасындағы ынтымақты нығайтқаны үшін» медалімен марапаттады.
Тіл-көзіміз тасқа, сексенге сіз секілді жан дүниесі сергек, айналасына жасар жақсылығы мол, жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысы ширақ қалпында келген адам сирек. Әлі талай жыл осы қалпыңыздан танбай, төңірегіңіз түгел аман болып, жасай беріңіз, Асқар аға!
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН ,
Батыс Қазақстан облысы