Lexus автокөлігіне екі рет ұрлық жасаған күдікті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
«Жақында бізге кезекші бөлімге Балпық би ауылындағы сауда үйлерінің бірінде тұрған Lexus маркалы автокөлігінен қаржы ұрлаған белгісіз тұлғаларға қатысты шара қолдану туралы жазбаша өтінішпен 28 жастағы жергілікті тұрғын жүгінді. Келесі күні сол азамат сол жерде тағы да 2000 АҚШ доллары ұрланғаны туралы арызданған, – деді Көксу аудандық полиция бөлімінің бастығы Рамиль Гимадиев.
Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, тыңшылар күдікті ретінде Талдықорған қаласының 23 жастағы тұрғынын ұстады, ол жәбірленушінің сауда үйінде көмекшісі болып қызмет атқарған.
https://youtu.be/y-beytwEw4k
Ұсталған күдіктіден ұрланған ақшаның бір бөлігі ғана тәркіленді, ал қалған ақшасын күдікті жұмсап үлгерген.
– Бейнежазбамен және басқа да дәлелді дерек көзімен әшкереленген азамат ұрлық жасағанын мойындады және ақшаны машинада сақталатыны туралы білгенін және ақшаға аса мұқтаж екенін айтты, ол дүкеннің терезесінде машинаның кілтін қалдырған иесінің сенімін пайдаланып, екі рет ірі ақша ұрлады, – деді Рамиль Гимадиев.
Осы дерек бойынша ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағы (Ұрлық) бабымен қылмыстық іс қозғалды.