Елде екі мыңнан аса әйел шалыс басқаны үшін, шарасыздықтан шатасқаны үшін айыбын өтеп, абақтыда отыр. Бір отбасының анасы, бір әулеттің данасы болып жүрген нәзік жандылар өмірдің ақ-қара сызығының күрмеуіне түсіп, енді шырмауынан шығудың бар амалын қарастыруда. Қарағандының іргесінде, кезіндегі ҚарЛаг-тан қалған сұр ғимаратта бүгінде 400-ге жуық құқығы шектелген әйел жазасын өтеп жатыр. Жазасын өтеушілермен дидарласып, әңгімелеспек болдық.
[caption id="attachment_68262" align="alignnone" > ©Сурет Айтжан Мұрзанов[/caption]
Жалпы, Қазақстанда алты әйел колониясы бар. Олардың бесеуі – жалпы ұстау режимі. Алтыншысы, қатаң режимдегі колония – Шымкентте. Оларда барлығында 2 мыңнан аса әйел отыр. Ал біз барған колония Қарағанды облысы Көксу ауылының маңында екен. Қаладан 80 шақырымдай жерде орналасқан. Қазір ол Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарайтын АК-159/9 мекемесі. Оның сыйымдылығы 800-дей адам, қазір онда 393 сотталушы отыр. Ең кішісі – 18 жаста. Үлкені – зейнет жасында. Бұл негізі ҚарЛаг-тан қалған ғимарат екен. 1960 жылы әйелдер колониясына айналған.
[caption id="attachment_68263" align="alignnone" > ©Сурет Айтжан Мұрзанов.[/caption]
Көксу ауылы сыртынан кішкентай көрінгенімен, 2 мыңдай тұрғыны бар. Үйлері де ескі, жөндеуге сұранып тұр. Мұнда кеңес үкіметінің ізі әлі сақталғандай. Бейне бір өткен кезеңге шегінгендей болдық. Маңайының бәрі егістік жер. Бірі – жоңышқа ексе, енді бірі – картоп отырғызған. Арасында егістігіне қарап жүргендер де бар. Тіпті, колонияның дәл жанында шаруа қожалығы тұр.
Киім тігумен күн кешіп жатыр
Бүкіл тексерістен өтіп, абақтыға кірдік. Күзеттің 65 пайызы – нәзік жандылар. Бізді жылылықпен қарсы алып, түрме ішінде алып жүрді. Бірден өндіріс орнына келдік. Еліміздегі бүкіл әскери қызметкерлердің, жол жөндеушілердің, полицейлердің киімі осында тігіледі екен.
– Біз киімді кімге тікпедік, бәріне тіктік. ІІД, Полиция қызметкерлеріне, Конкор, хирургтар формасына дейін тігілді. Тіпті, сотталушылардың киімі, қысқы киімі, бас киімін тігеміз. Пандемия кезінде тәулігіне 9-10 мыңға дейін бетперде, қорғаныс халаттарын дайындадық. Соған орай, олардың ақысы да еңбегіне қарай төленді, – дейді №9 филиалдың директоры Сергей Ткачев.
Оның айтуынша, тапсырыс жоғарғы басқармадан келеді. «Әрқайсысының өзіне міндеттелген жұмысы бар, соны орындауына байланысты. Бір адам сырт киімді өзі толығымен тіге алмайды. Бірі – кескіндемесін жасаса, енді бірі – пішеді, біреуі – түймесін салады, бірі жағасын шығарады. Тиісті жұмысына келісілген сома бойынша ақы төленеді» дейді Сергей Иванович.
Тігін цехы бірнеше бөлімнен тұрады екен. Бірінші кірген есігіміз – кішілеу бөлме. Тапсырысқа түскен киімнің кескіндесмесі осында салынады. Киім пішетін цехта 7-8 адам жұмыс істейді. Бас маманы – Майгүл
(ред. кейіпкердің аты өзгертіліп алынды). Ол бұл кәсіпті 5 жылдың ішінде меңгеріп алыпты. Оған қоса, сол жердегі бас технолог Нина Николаевнаның көмегі тиген. «Тапсырыстың кескіндемесін жасап, суретін салып, матаны пішу – біздің міндет. Содан кейін тігіншілерге жібереміз» дейді ол.
– Басында уақытты босқа өткізбей, бірдеңені үйреніп алайын деп ойладым. Артынан қалай қызығып, осы жұмысқа белсене кірісіп кеткенімді түсінбей қалдым. Әйтпесе, мамандығым – менеджер. Тігіншілікте пішу, кескіндеме дегенді білмедім. Арманым – бостандыққа шығу. Әлі не істейтінімді шешкенім жоқ. Бірақ саудамен айналысамын ба деген ойым бар. Бәріне уақыт төреші, – дейді Майгүл.
Сонымен қатар, цехта екі адам кесте тоқумен айналысады. Ол үшін арнайы Shevron тігін машинасын алған. Қажетті бағдарламаны таңдап қосса, бір сәтте алтауы бірдей іске қосылып, кестелей жөнеледі. Әскери қызметкерлердің барлық белгілері осы жерден шығарылады.
«Сотталушылардың көбі жұмысқа өз еркімен келмейді»
Биыл қараша айында Сергей Ивановичтың тігіншілік цехтың жұмысын жүргізгеніне 8 жыл толады екен. «Өзге бөлімдегіні қоспағанда, негізі тігін цехында 268 тігін машинасы бар. Қазір 80-ге жуық адам істеп жатыр. Бұл жерде мерекелік мундирлер, сотталушылардың қыстық күртесі, бас киімі тігіледі» деген ол, қыз-келіншектердің жұмыс уақыты таңғы 09.00-ден кешкі 18.00-ге дейін болатынын айтты.
– Қалыпты жұмыс күні. Уақтылы түстенеді, арасында екі уақыт темекі тартуға беріледі, – деді №9 филиалдың директоры. Қыж-қыж қайнаған тіршілік. Маман даярлау барысында Қарағандының тігіншілік колледжінен мұғалімдер келіп, сабақ оқытады. Курсты бітіргенде арнайы тігіншіліктің сертификаты беріледі.
Бас технолог Нина Николаевнаның айтуынша, бұл жерден даяр маман шығады. Жалпы оқыту үздіксіз жылда жүргізіледі. Соған байланысты 25 адамнан тұратын күзгі және көктемгі маусым деп екі топтан оқытылады. «Екі тобыңыз 50 адам. Кей кездері 5-6 топтан болды. Өкінішке қарай, сотталушылардың көбі жұмысқа өз еркімен келмейді. Олар жұмыс істемей жүре бергенді жөн санайды. Жұмысқа құлшыныс танытатындар аз» дейді ол.
– Тігіншілікке келгеніме бір жыл болды. Алдымен екі жарым ай оқуын оқып, куәлігін алдым. Қазір 20-дай ауыр операция берсе, үш күнде бітіремін. Осы қатардағының бәрі өзім сияқты тігіншілікке енді келгендер. Пандемия кезінде бір күнде 200-250 масқаға дейін тіктім. Еңбегіме қарай үстемеақы да қосылды, – дейді Қарлыға Шотаева
(ред. кейіпкердің аты өзгертіліп алынды).
Оның колонияда отырғанына екі жыл болыпты. Жезқазғандық келіншек «жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деп жасаған қателігіне өкініп отыр. Өзінің шаштаразы болған әйел, шаш алып күнелтіпті. Темір тордың ар жағында ағайын-туғаннан бөлек, жолдасы мен төрт баласы қалған.
«Екі ұлым, екі қызым бар. Бәрі отбасылы. Түрмеден шыққан соң кенже ұлымның қолына барамын ғой. Оның екі баласын әлі көргенім жоқ, соларды бір иіскесем екен. Босап шыққан күні соларға тартамын. Азды-көпті болсын қамаудағы өмірдің дәмін татып қалдым. Қызығатын дүние емес. Алғашқы күні келгенімде түсінбедім, сенбедім, көзіме жас алып қиналғаным бар. Іштегі өкініш өзегі өртеп барадым. Енді не істеймін?! Болары болып, бояуы сіңді. Артта қалған бала-шағадан, құда-құдағидан, ағайын-туғаннан ұят екен. Өзімнің келін деген атым тағы бар» деді он жылға сотталған ана.
Түрме ішіндегі табыс
Негізі жұмысына төленетін ақысы жұмыскердің жеке есепшотына аударылады. Оның бірі – жалақысын жинаса, біреуі – үйіне жібереді, екіншісі дүкеннен қажетін алады. Сонымен бірге еңбек кітапшасы жүргізіледі.
– «Еңбек түбі – зейнет» демекші, еңбек арқылы адамды тәрбиелеуге тырысамыз. Негізгі қағиданың бірі – осы. Сондықтан біз оларды жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек. Сол үшін жұмыс ісі бойынша борыштық талаптары бар сотталушыларға ұсынамыз. Ал олардың арасында борышкерлер өте көп. Біріншіден, олар қарызын өтейді. Екіншіден, мінездемесін жақсартады. Соның арқасында сотталушы сотқа үкімін жұмсартуды не болмаса шартты түрде шығуына өтінім бере алады, – дейді ҚАЖ тәрбие ісінің атқарушысы Ерлан Бейсекеев.
Сөйтіп кылмыстық кодекстің 72-73 бабы бойынша өтеу мерзімін жұмсарту қарастырылған. Мәлімдеуінше, жалақысының 50 пайызын есепші соған аударады. «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, бәрінің бірдей жұмысқа ынтасы оянбайды. 7-8 жылға сотталғандар уақытын өткізуде жұмысқа кіріседі. Ондайда уақыт та зыр етіп өте шығады. Жалпы ұстау режимді колонияда басым бөлігі темір торға бірінші түскендер, алаяқтықпен айналысқандар, білместіктен адам өліміне кінәлі болғандар.
Ұзақ жылға тоғытылған кейіпкеріміз жақында амнистияға түсіп, уақыты 8 айға шегеріліпті. Нұр-Сұлтандағы Еуразия университетін бітіріп, Әділет департаментіне жұмысқа тұрып, мемлекеттік қызметкер болған екен. «Қызметім бойынша қылмыс жасап, соған жауап берудемін. Жасаған қылмысым – көрген қиындығыма тұрмайды. Тоғыз жылда өмірге деген көзқарасым да өзгерді. Бұл ортада жүрудің өзі ауыр. Жұмыстың арқасында алданамыз» деген ол, түрмеде түрлі мерекелік шара, спартакиада өткізіліп тұратынын жеткізді.
– Сонымен уақыттың қалай өткенін ұқпай қаласың. Жалақымыз түскенде дүкеннен қажетімізді аламыз. Ал жатарда әке-шешемнің амандығын ойлап, тілеуін тілеймін. Алла жазса, мерзімімнен бұрын босатыламын. Дәл жаңа жыл екен... Бұйырса солармен қарсы алам... Шыны керек, қазір күн санап жүрмін. Аңсаған бостандығым да алдымда тұр. Бір жағынан сыртқа шығуға да қорқамын. Бірақ бостандыққа жететін ештеңе жоқ. Оның үстіне мені күтіп отырған әке-шешем, бауырларым бар. «Шалыс кеттің» деп менен сырт айналған жоқ, – дейді Жазира
(ред. кейіпкердің аты өзгертіліп алынды).
Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы темір тордан шыққан соң тігіншілікпен айналыспақшы. «Қазір бетперде сұраныста екен. Сонымен мүмкін айналысармын. Бұрын үйренуге уақыт жетпеген еді, бүгін бір істі меңгердім. Өзім экономист пен заңгердің білімін алғанмын» деп, оқығанын көрсетті.
Мемлекеттік Республикалық кәсіпорынның рұқсатымен колонияның өз ішінде қандай да бір кәсіппен айналысуға болады. Немесе кәсіпкер осында өз ісін жүргізуіне болады. Онда жер тегін беріледі. Бір не жарты жылға ұзақмерзімді келісім шекаралық бөлім арқылы жасалады. Сол кезде кәсіпкер өз құрылғыларын алып келіп, жұмыскерлерге жағдай жасап, жұмысын бастауына болады екен.
Бұл мәселені «Еңбек-Қарағанды» МРК қарайды. Оларды мемлекет қаржыландырмайды, өз табысын өз ішінен тауып, сонымен күн көреді. Оның негізгі офисі астанада орналасқан. Қарағандыдағы соның бір филиалы. Тоғыз учаскі бойынша 9 өндіріс орны бар. 2014 жылдан бері «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында біраз адам жұмысқа жұмылдырылған екен. Осы №9 учаскіде балық, сүт, шырын, картоп цехтары бар. Бірақ олардың бәрі маусымға қарай жұмыс істейді.
Түрмедегі өмірге үйреніп алады
Ерлан Бейсекеевтің айтуынша, сотталушылардың шығуына бір жыл қалғанда олармен жұмыс істейді. Әсіресе, жалғыз қалған жандармен. «Біріншіден, ағайын-туғаны бар болса да қоғамға тез кірісіп, араласып кете алмай жататыны қаншама?! Оның арасында ағайын-туғаны қалмағандар жетіп артылады. Тіпті, түрмеге түскеніне кінәлап, олардан бас тартқан жақындар бар. Кейбірі қорыққанынан өзіне-өзі қол салуы да мүмкін не болмаса қылмыс жасауы ықтимал. Сондай жалғызбастыларды еркіндікке шығарарда далада қалмас үшін әлеуметтік ортаға енгізуге тырысамыз. Олармен тәрбиелік жұмыс жүргізу – біздің міндет. Соның арқасында сотталушылар азаюда» дейді ол.
Барар жері, басар тауы қалмаған соң арасында темір торға қайта оралатындар да бар. Өйткені бұл жерде жатар орны бар, ішіп-жеуі тегін. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл жағдайы жасалған. Ал сыртта оны ешкім күтіп отырған жоқ, жұмысы да жоқ. Түрмедегі өмірге бой үйретіп алады. Сотталушылардың айтуынша, бұл жерде жан дос, құрбы-құрдас деген жоқ, адамдар тек жақсы-жаман деп бөлінеді. Жақсылармен емін-еркін әңгімелесуге болады. Бостандыққа шыққанда ешкім-ешкімді іздемейді, бәрі хабарсыз кетеді.
Бұл жердегі қыз-келіншектердің күні осылай өтуде. Олардың боянуына да рұқсат етілген. Туған күн мен мерекеде тапсырыс беріп, тәтті тоқаш, печенье пісіртіп ала алады. Осындағы наубайханада жұмыс істеп жатқан үш адам 300-400 бөлке нан пісіреді. 41-жылы орнатылған пешке 96 бөлке нан сыяды екен. Осындай қызу жұмысты ғана емес, олардың да еңбегін көрдік.
Жаза басқан жанды жазасыз қалдырмау үрдісі бұрыннан бар. Бірақ Абай хакім «Менің қолымда закон болса, адамды түзетуге болмайды дегеннің тілін кесер едім» деп айтқандай, қатесін мойындап, айыбын өтемейтін адам жоқ. Бұлар да сол жазасын өтеп жүр. Тағдыры тәлкекке ұшырап, темір торға қамалған жандарды қоғамнан шеттете аламыз ба? Мүмкін, олардың тура жолға түсіп, түзу өмір сүруіне мүмкіндік берген жөн шығар. Қалай десек те, түрмеден кейін де өмір жалғасады. Бір рет жаза басқан жан көптің қолдауына зәру. Екінші рет қателеспесін десек, көмек берейік, қолтығынан демейік! Түрмедегі тіршілікті көргендегі ой – осы.