Праймериз елдің саяси өмірінде таңдаулыларға ерекше мүмкіндік беріп отыр. Белгілі журналист Құрманәлі Қалмахан осылай дейді. - Саяси ғылымда таңдаулы деп элита, елдің қаймағына айналған топтарға қарата айтады. Қазір елдің саяси өмірінде таңдаулыларға ерекше мүмкіндік туып отыр. Праймеризді айтамын. Партияішілік іріктеу дамыған елдер тәжірибесінде өз жемісін берген, бірегей саяси технологияға жатады. Бұған анықтама беріп, тоқталмай-ақ қояйын. Біздің жағдайда, бас партия жаңа әлеуметтік орта, байсалды саяси өзгеріс, жаңа адами ресурстарға мүдделі екенін көрсетіп отыр. Сондықтан да, қоғамның бұл жағдайды ықыласпен, зор сеніммен қабылдауын заңдылық деп айтар едім. Қазіргі уақытта 10 954 адам өтініш беріп, 9 673 адам кандидат ретінде тіркелген. - Праймеризге қатысуға ниет еткен үміткерлер санының өте көп болуы, бастысы, қоғамдық белсенділердің тасада қалмауы таңдау жасауға, өзгеріс енгізуге дайын отырғанымызды білдіреді. Сондықтан, праймериз тек партияішілік іріктеу болғанымен, қоғамды өзгеріске ұмтылуға шақыратын топтарды біріктіретін факторға айналып отыр. Аз ғана уақыттың ішінде 10 мыңнан астам азаматтың үміткер ретінде тіркелуге қатысуы жақсы үрдіс, дейді журналист. Құрманәлі Қалмахан жаңа өзгерістер үшін жастарды көптеп тарту қажеттігін айта келе, өз тарпынан «99 ауыл» әкімі атты жобасын ұсынды. - Қазақ өзі көп сөйлейтін, жазуға келгенде шорқақ, іске келгенде тосырқап ертеңге ысыра беретін халықпыз. Оған ренжудің керегі жоқ. Кезінде Шоқан Уәлиханов кері тартпа, өзгерісті қаламайтындарды «реакцияшыл» топтар деп күйініп айтып кеткен болатын. Біріншіден, өзгерісті қалайтынымыз рас болса, жастарды тарту керек шешуші қызметтерге. Бірақ, білікті, білімді, жігерлі жастарға ерекше көңіл бөлу керек. Нақты ұсыныс ретінде, ауыл әкімдерін сайлау деген жобаны ұсынар едім. «99 ауыл» әкімі деген жобаны қолға алсақ. Іс сапармен ауыл-аймақтарға жиі шығамыз. Сонда байқайтынымыз, ауыл әкімдері, әсіресе, жастар (орта буын өкілдері де бар) ауылды шабытпен, еркіндікпен басқарғысы келеді. Алайда, оған мемлекеттік басқарудың платформалыр мүмкіндік бермейді. Әр бір ауыл әкімін бәсекелестік ортағ,а жіберу керек. Бұл бір, екіншіден, мемлекеттік билікті сынап жүрген азаматтарды қызметке, өзі білетін (сынаған) жауапты салаға алып келсе деген ой бар.Бұл бір жағынан ашықтық, екіншіден, проблеманы шешудің төте жолы болар еді. Бір сөзбен айтсақ, қоғам өзгеріс жасауға дайын. Мемлекеттік институттар да дайын отыр. Бастысы, созбалап, ысыра бермей, күрделі өзгерістерді байсалды түрде жасауымыз керек. Еске салайық, ертең, 29 тамыз кандидаттарды ұсыну мен тіркеу аяқталады. 31 тамыздан бастап үгіт насихатқа дайындық және үгіттеу жұмыстары басталады.