Ермұхамет Ертісбаев: «Пікірталас» және өзге де мәселе жайлы
Ермұхамет Ертісбаев: «Пікірталас» және өзге де мәселе жайлы
666
оқылды

Он үшінші қыркүйекте қашқын банкир Мұхтар Әблязовпен пікірталасым өтті.

Әблязовпен «дуэльге» шығуды өзім қалағанымды айта кеткен жөн. Биліктің бұған еш қатысы жоқ. Қайта ұрымен, қаржыны жымқырған алаяқпен әрі тапсырыспен адам өлтірткен қандықолмен бір үстел басында отыруға болмайтынын ескерткен шенеунік аз болмады. Қазір мен еркін адаммын. Сондықтан басқаша әрекет еткім келді. Ал енді бұл шешімнің негізгі логикасын түсіндірейін. 


Таңдау неге Әблязов және «Политонға» түсті?

 

Қоғам мен биліктің түйткілді мәселесіне көңіл аударту үшін маған кең ауқымды қоғамдық резонанс тудыратын елеулі оқиға қажет болды. Әсіресе, наразылық пен интернет арасындағы байланыстың шығу себебін көрсеткім келді. Біздің пікірсайыс интернет кеңістігінде кеңінен таралып, елді елең еткізер хайп тудырды. Мұнымен көпшілік келіседі деп ойлаймын.

Соңғы жылдары «твиттер-революция» деген түсінік пайда болды. Бұл – қазіргі наразылық танытудың негізгі әрі маңызды бөлігі. Түрлі бағыттағы шерулер толқыны әл-ауқаты жоғары деген АҚШ (Occupy Wall Street), Ұлыбритания (Blackberry Riot, Лондон шетіндегі дүбір), Францияны (сары жилеттер) да шарлап өтті. Әдетте мұндай қозғалыстардың көшбасшысы болмайды. Сондықтан олар желілік сипатқа ие.

Біз жаңа кезеңге аяқ бастық. Мұнда идеология, партия, қоғамдық қозғалыс, бағдарлама мен оның мақсаты екінші сатыға ығысты. Яғни, наразылықтың басым бөлігіне партиялар мен олардың көшбасшылары, олардың   идеологиялары мен бағдарламалық ұстанымдары түрткі болмайды. Интернет көпшіліктің наразылыққа деген теріс реакциясын көрсетіп қана қоймай, одан ары жандануына жағдай жасады. Қазақстанда бұл процесс осыдан екі жыл бұрын басталды. Сол тұс Әблязовтің Франция түрмесінен шығуымен дәл келді. Әблязов Ходоркоский, Навальный, тіпті Березовскийге ұқсап қазақстандық әлеуметтік желіге қол сұға бастады.

Қазіргі аудиовизуалды интернеттегі басты ерекшелік мазмұнда емес, қалай сөйлеуіңде. Сталин айтқандай, маңыздысы – «не айтқаныңда емес, қалай айтқаныңда». Мәселен, 2017 жылдың 2 қарашасында Әблязовтың «Вечерний Бишкек» басылымына шыққан сұхбатынан мысал айтайын: «Қырғызстанның Қазақстанға ықпал ете алатындай өз тетігі бар. Сәуірде ҚР суды оңтүстікке қарай жіберу туралы өтініш айтады. Атамбаев батыл қимылдау керек. Қырғызстаннан су келмесе, оңтүстіктегі егістік қурап қалады. Ал онда 500 мыңға жуық адам өмір сүреді. Әлеуметтік толқу салдарынан Назарбаев билігі жүрмей, жүйе құлайды». 

Әблязов бұл пікірінде ашық түрде халқына апатты басынан кешіруді тілеп отыр. «Сенің оңтүстіктегі халқың сусыз, егістіксіз қалады!» Бірақ Әблязов үшін «Назарбаев пен халық бір емес»! Міне, осы наразылыққа, қарсылық танытушылардың өсуіне алып келеді. Тарихшы ретінде «мақсат – құралдарды ақтайды» деген саяси әдістің заманы өтті деп ойлаған едім. Алайда бұл атышулы әрі лас тәсіл қайтадан оралып, интернет дәуірінде жемісін беріп жатыр екен. Авантюристер, популистер мен демагогтар үшін әлеуметтік желі – өз идеяларын кеңінен таратып, беделін арттыру үшін таптырмас табыс іспетті. Себебі бұйыққан аудитория көбіне дайындықсыз, абыржулы, іштерінде қайнап жатқан наразылықтың әсерімен алдына келгеннің бәрін қабылдай береді.

Тағы бір мысал. Әблязов Эстонияны мысалға келтіріп, оны үш жыл бойы қайталап келеді: «1991 жылы Қазақстан Эстониямен бір деңгейде болды, ал енді эстондықтар бізді жан басына шаққандағы ІЖӨ-нен екі жарым есеге артып, жолда қалдырды». Мен «Мың рет естігенше, бір рет көр» деген қағиданы өмір бойы ұстанып келемін. Эстонияда осыдан 40 жыл бұрын болдым (әскерде). Жақында Минсктен Таллинге ұштым (ұшақта 50 минут). Барлық дерлік кәсіпорындар бөлшектелген, ауыл шаруашылығы бірнеше есе қысқартуға ұшыраған, әйтеуір «Made in Finland» деген белгісі бар сүт өнімдері Еуропа нарығына шығады. Жер иелері - скандинавтар мен немістер. Ресми ақпар бойынша, елде жарты миллион тұрғын бар, іс жүзінде 800 мың, олардың тең жартысы скандинав елдерінде жұмыс істейді, басым бөлігі Финляндияда. Эстония Еуропалық Одақтан үлкен дотация алады (Әблязов алға тарта беретін жоғары минималды жалақы осыдан шығады). 

Статистикалық тұрғыдан алып қарағанда Эстонияда бәрі жақсы, себебі оған геосаясат, НАТО-ның ұлғаюы, Ресей мен ұжымдық Батыстың текетіресі (мен рота старшинасы болған әскери бөлімнің ғимаратында енді НАТО-ның базасы орналасқан) ықпал етті. Эстонияда орыс тілділер жұмыс істейді, менеджерлер – эстондықтар, жер мен экономиканың иелері – шетелдіктер. Әблязов үшін дәл осындай экономика мен қоғамның моделі үлгі болып отыр. Алайда аудиторияның басым көбі Қазақстаннан қарағанда Балтық елдерінде бәрі жақсы деген тезисті қағып алып кетті. Кез келген адамның жалған пікірі әлеуметтік желіде тез таралады және қарсы электорат тарапы да бұған бас салады. Айтпақшы, мен Вильнюсте де болдым (Минсктен 80 шақырым), онда жағдай Эстониядан қарағанда бөлек. Сондықтан Балтық елдері Қазақстанға үлгі бола алмайды. Президент Тоқаев жақында ғана Елбасының саясатын растап, қазақ жері ешкімге, еш уақытта сатылмайтынын қадап айтты. Бізге әзірге миллиардерлерге 75 пайыз салық енгізген және біздің бұрынғы отандасымыз тұратын бай әрі бақуатты Францияның тәжірибесі ұтымдырақ болар еді.

ҚДТ кімге арқа сүйейді?

 Бұл өте маңызды мәселе. Әблязов мемлекеттік төңкеріс немесе революция «дайындауда» өзін наразы электорат алдында «революциялық үкіметтің» болашақ басшысы ретінде көрсетіп бағуда. Айталық, Француз революциясының қозғаушы күші патшаның, дінбасылар мен дворяндардың билігін құлатқан «үшінші сословие», шаруалар, қолөнершілер, көпестер болды. 1917 жылғы Ресей революциясының негізгі саяси күші патшалық Ресейдің бүкіл экономикасын – өнеркәсіп пен ауылшаруашылықты айқындаған жұмысшылар мен шаруалар болды. Олар жер иелері мен капиталистерді елден қуып шығып, ақ әскер мен интервенттерді жеңді.

Ал қандай әлеуметтік топ Әблязовқа тиесілі ҚДТ-ның қозғаушы күші болып саналады? Зауыттар мен өндірістік орындардың жұмыскерлері ме? Жоқ. Мұғалімдер мен оқушылар ма? Жоқ. Дәрігерлер мен қызмет көрсету саласының мамандары ма? Жоқ. Шағын және орта кәсіпкерліктің өкілдері ме? Жоқ. Екі-үш немесе одан да көп пәтері бар Қазақстанның 850 мың азаматы ма? Жоқ. Шетелдік банктерде есепшоты бар миллионнан жоғары ел азаматтары ма? Жоқ. 1 миллион 400 мың жеке кәсіпкер ме? Жоқ. Аграрлық сектордың қызметкерлері ме? Жоқ. Олардың саясатпен айналысатын уақыты да жоқ. Мүмкін, болашақтықтар шығар? Жоқ. Олардың дені үкіметте, ұлттық компаниялар мен жеке бизнесте жүр.

Әблязов үнемі халық туралы айтады. Бірақ халық абстрактілі түсінік емес. Халық түрлі әлеуметтік топтар мен страталардан, аты-жөні бар тірі адамдардан тұрады. Екі миллион халқы бар Алматыдан екі мың адам шықса, бұл қала халқының 0,1% құрайды. Демократия – азшылықтың құқығын құрметтейтін көпшіліктің билігі. Билік пен қоғам рұқсат етілген шерулер өткізу туралы азшылықтың құқығын құрметтейді, алайда азшылық та көпшіліктің құқығын құрметтеуі тиіс, яғни қаланың 99,99%-ы, жалпы тұтас мемлекет тұрақты және тыныш өмірді қалайды. 

Менің барлық таныстарым, достарым (олар көп) заңсыз шерулер алдында балаларына: «Не болса да, мынадай күні, осындай уақытта көшеге шықпа!» деп ескертеді Заңсыз шерулер өткен күні терезелерінен шу кетпей, айғай-ұйғай болып, полиция көліктерінің дабыл қағысынан мазасы кеткен тұрғын үйдегі адамдардан шағым көп түседі. Тіпті, мұндай күндері көбі жоспарларын кейінге ысырып, қаланың сыртына шығып кетуді жөн көреді. Енді қалайша заңмен рұқсат етілген шерулерден тек ескертпе шерулерге өтуіміз қажет? Бүкіл елде бейберекеттік ұйымдастыру үшін бе? 

Бірақ Әблязов наразылықтың бір нүктесін басуды қояр емес, әрі тотықұс құсап бір сөйлемді қайталай береді: «Қазақстанда еркіндік пен демократия жоқ, адамдарды бос плакат үшін темірторға тоғытуда». Бұл да өз ықпалын тигізеді. Өйткені қашқын банкирдің жалған «базынасы», әсіресе әлеуметтік желілерде бұқараның наразылығына негізделіп отыр.

Егер интернет пен наразы көңіл-күй қатар дамымағанда, Әблязов осыншама назарға ілікпейтін еді. ҚДТ-ның әлеуетті үкіметі де, әкімдерінің корпустары да, жаңа шенеунік-менеджерлері де, өндіріс пен экономиканың жетекшілері де жоқ. Осындайда Дувановтың Әблязовпен жүргізген сұхбаты еске түседі. Онда Дуванов Әблязовтан билікке келер болса, құрығанда орталық билікті құратын ҚДТ-ның негізін қалаушы он адамның есімін атап беруді сұраған еді. Нәтижесінде, Әблязов өзін премьер-министр деп шығарды. Болат Атабаевты (бұрынғы театр режиссері) есепке алудың қажеті жоқ, Жанна Ботаны да, ол да «лидерлері» сияқты алаяқ қана.

Бізге ҚДТ-ның экстремизмі емес, «жоғарыдан төңкеріс» керек

 

ҚДТ-ны Әділет министрлігі төңкеріс жасауға, билікті басып алуға, мемлекет пен саяси жүйені мәжбүрлеп өзгертуге тырысатын және іс жүзінде әрекет ететін экстремистік ұйым деп таныды. Әблязов талай рет «Халықтың 3-5 пайызы шығып, үкімет ғимараттарын, мекемелерді, әкімдік ғимараттарын басып алуы керек, «полиция халықтың жағына шығады-мыс»» деді. Полиция халықтың, қоғамның жауына не үшін жақтасуы керек?

Полиция ел азаматтарының тыныш өмірін қорғаймыз деп ант береді. Құқық қорғау органдары адамдардың өмір сүру, еңбек ету, демалу, тұрақтылық және болашаққа деген құқығын қорғауға пейіл. Билік саяси экстремистерге қатысты заң шеңберіндегі қатаң шараларды қолданды және қолдана береді. Бұл дұрыс және қисынды. Бірақ біз анти-мемлекеттік ұрандардың зиянын түйсінбейтін жастармен түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуіміз керек. ҚДТ экстремизмі өздерінің белсенді бұқарасы бұқаралық іс-шараларды қолданған кезде саяси лаңкестіктің құрығына түседі (9 мамыр, Астана күні, ірі стадиондардағы футбол матчтары – саяси террорзимнің әдеттегі қолтаңбасы).

Әлеуметтік желілердің кеңеюі мен наразылық сезімінің өсуі арасындағы себептік байланыс бізге белгілі. Өкініштісі сол, болашақта бұл қайғылы аяқталуы да ықтимал. Мәселен, ресейлік сарапшы Андрей Мирошниченко «Көптеген мемлекетте қарсылық толқыны жүреді, ол бірнеше мемлекетті құлатып, әлем картасын да өзгертеді, тіпті, ұлттық мемлекеттің қағидасына да айтарлықтай зиян келтіреді» дейді. Түсінікті пікір. Әрі қоғамда билікке қарсы көңіл-күй қалыптастырып, Қазақстанда мемлекеттік төңкеріс жасауға ашық және жария түрде шақыратын, өз аумағында қашқын банкир, қылмыскерді ұстап отырған Франция билігінің ұстанымын түсінбеймін. Мүмкін, бұл француздардың дәстүрі шығар?

Өткен ғасырдың 90 жылдары Қазақстандағы француз елшісі ҚДТ-ны құрушылардың бірі Серікболсын Әбділдинмен жақын дос болған еді, ал Ғалымжан Жақиянов француз елшілігінде қылмыстық қудалаудан бас сауғалаған болатын. Францияның Конституциялық соты Әблязовты не себепті саяси қайраткер деп мойындағанын мүлдем түсініксіз. Мәселен, Британия соты оны алаяқ деп танып, оған қылмыстық мерзім тағайындады, бірақ ол Ұлыбританиядан қашып кетті. Егер Франция Әблязовты экстрадициялауды қаламаса, оны азаматы саналатын Оңтүстік-Африка Республикасына (құжат бойынша растама бар) жіберуі керек.

Қазақстанда бәрі керемет, мәселе жоқ деп ешкім айтпайды. Қоғамның қайта қалыптасуының екі жолы бар: «жоғарыдан болатын төңкеріс» және «төменнен болатын төңкеріс» (реформалар мен жаңғырулар). «Төменнен болатын төңкеріс» мемлекетті құлатады, бейберекеттік тудырады, азаматтардың арасында дүрдараздық болып, ақыр соңында топырақ бүтіндігіне қол сұғылады. Әблязов «Адамдар көшеге шығып, төңкеріс ұйымдастырды ғой» деп Украина мен Грузияны мысалға келтіреді. Мен Грузияда жүз мыңдаған босқындарды, олардың өмір сүру деңгейін көрдім. 

Болмаса, Әблязов Қырғызстандағы оппозицияны қаржыландырдым деп кеуде соғады. Нәтижесі қандай? Екі президенті елден қашып кетті, үшіншісі – түрмеде, жарты миллион азаматы Ресейде нәпақа табудың қамымен жүр. Әблязов үшін құрмет тұтатын саяси тұлға – Атамбаев. Ал ол қазақ пен қырғыздың талай ғасырдан бері жалғасқан достығына сызат түсіре жаздаған, өз эмоциясын қадағалай алмайтын қызба адам. Біз бауырлас Қырғызстанға құрметпен қараймыз, алайда біздің өз жолымыз бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев арқылы жүзеге асырылатын алдағы экономикалық реформалар, әлеуметтік мемлекет құру мен саяси жаңғырудың баламасы жоқ. Көпұлтты қазақстандықтардың басым көпшілігі Елбасы Назарбаев пен оның ізбасары президент Тоқаевтың стратегиялық бағытын қолдайды. 

Ал демократия ол – көпшіліктің билігі. 21 қыркүйекте заңсыз шеруге шығуға дайындалып отырған бірнеше мың ашулы «әблязовшылар» заңсыз тәуелсіз Қазақстанның көп ғасырлық арман-мұратына балта шабатынын түсінуі тиіс. «Шығып, бұл билікті құлатамыз» деп отырған олар халыққа қарсы және мемлекетке қарсы үндеулері үшін жауап беретінін және ең қатаң жазаға тартылатынын білуі керек.

Назарбаевтың басқаруымен ширек ғасыр ішінде біз әлемдік қауымдастықта шынайы беделге ие күшті мемлекет құрдық. ТМД-да төңкерістерден, азаматтық соғыстардан және аумақтық шығындардан ада, аман қалған жалғыз мемлекет. Демократия мен саясат деп жерлерінен айырылып, мыңдағаны босып, экономикасы құрыған өзге ТМД мемлекеттерінен айырмашылығымыз бар. 

Біздің сыртқы саяси алаңда дұшпанымыз жоқ. Алайда жасырын тұрған сыртқы және ішкі қауіп-қатерлер бар. Әблязов пен ҚДТ арқылы жасырын жүретін шетелдік жәрдемшілердің бар екенін айқындадық. Жақында ғана өткен Қытайға қарсы шерулердің өзі – Қазақстанның ішіндегі наразы жастарды қолданудың бір жолы екені түсінікті ғой.

Қазақстанға ақпараттық және идеологиялық соғыс жарияланған. Бұл «түрлі-түсті төңкеріске», бейберекетсіздік пен толқуларға алып келуі ықтимал. Билік, халық, қоғам бұл жаңа қауіп-қатерлерді толық қаруланып қарсы алып және оған жол бермейтіндей болуы тиіс. 

Сайып келгенде, Әблязовтың өзінің сыбайлас дос-жарандарымен қатынасын айтсақ, Мұхтар Жәкішев қатарынан 10 жыл түрмеде отыр, себебі екеуі бірге ұрлаған ақшаны Әблязов елге қайтармады. Мен пікірталас кезінде «Неге Әблязов Жәкішев «Қазатомпромның» басшысы болғанда өте күмәнді мәмілеге келіскен досының шығынын өтемейді?» деген сауал қойдым. 257 миллион доллар ол үшін аз ғана сома. Тек британ соты ғана Әблязовтың 4 миллиард доллардан асатын алаяқтық схемасын айқындады. Жалпы алғанда оған 7 миллиард доллардан астам сомаға айып тағылған.

Әблязов жүрген жердің бәрінен адамдар зардап шекті, көп адамның тағдырына балта шабылды. Жәкішев үшін 257 миллион төлегісі келмейді, ал 100 мың адам наразылыққа шықса, миллиард доллар салып жіберуге даяр (әр наразылыққа шыққан адамға 10 мың доллар беремін деп ашық айтқан жоқ па?). Мұнда да ол өзіне сенгендерді «тәрк етіп кетпейді» дегенге күмәнім бар. 

Мен 2001 жылдан бастап ҚДТ құрылған тұстан-ақ Батыстың нақты құрылымдарының мұқият бақылауына түскеніне сенімдімін. Олай болмағанда! Президенттің қауқарлы күйеубаласы Рахат Әлиевті құлатты, президенттің өзіне қарсы шығып, бар мемлекетте шерулер ұйымдастырды. Батыс Қазақстан басшылығына Әблязовты түрмеден босату үшін қысым көрсеткені жасырын емес. Әблязов абақтыдан шығып қана қоймай, барлық қылмыстық айыптаулары алынып тасталады да сырттан ауқымды сомада қарыз келіп түсе қалатын банкті басқарады. Не деген ертегі? Бірақ бұл туралы мен басқа мақалада айтатын боламын.