Өзін өзі ұрлаған
Өзін өзі ұрлаған
5,119
оқылды
Өзіңнің желкеңді өзің тістей алмайсың. Он жерден аузыңды апандай аш, жеті рет айнал,  бәрібір ақсиған тісің желкеңе жепейді.  Қолыңнан келмейді. Ал, өзіңді өзің ұрлай алады екенсің. Ұрлағанда қандай! Бір күні әзірбайжан елінен ерігіп, Мардан  есімді  алаяқ келе қалды. Өзінше қыруар ақша тапқысы келді.  Елордада бір кәсіпкермен танысып, жақсылап, қол алысып: –Ақша тапқыңыз келе ме?–деп сұрады. –Әрине! Кәсіпкер емеспін бе? –Олай болса, елім Әзірбайжаннан жеміс–жидек, көкөніс жеткізіп отырайын, сіз клиенттер табыңыз. –Оған сөз бар ма? Екеуі қол алысты, тілмен тез табысты, қысқасы, Мардан анаған аш кенеше жабысты.  Бірақ бір апта өткенде, оған әлдекім хабарласты. –Алмас Қисынұлы сіз бе? –Ия. Соның өзімін. ––Кешіріңіз, сіздің бизнес партнеріңіз Мардан Зияметовты ұстап отырмыз. –Ұстағаны қалай? –деп сұрады Алмас Қисынұлы. –Егер 100 мың доллар жібермесеңіз, біз оның жанын жай таптырамыз! –Қалай сонда? –Құлағын кесеміз, қарнын тесеміз, щалбарын шешеміз,  қысқасы, кетпейді есеміз! –Мейлі. –Ойбай, сенің оған жаның ашымайды ма? –Енді танысықан едім. –Адам емес екенсіз ғой? –Адаммын. –Адам болсаңыз, құтқарыңыз! Бизнесіңіз құрдымға кетеді ғой, ол өліп қалса.. Біздің саған жанымыз ашып отыр. Сондықтан, 100 мың доллар әкеліп бере қойыңыз! Біз оны кеше ұрлап әкеткенбіз. –Суретін жібересіз бе? –Пожалыста! –деген  «адам ұрлаушылар»  Марданның қанға боялған  денесінің, сау тамтығы қалмаған бет әлпетінің суретін жібере қойды. Онымен тоқтамай, дауыстық хабарлама да жіберді:  «егер, он бес сағаттың ішінде 100 мың доллар әкелмесеңіз, мына малғұнның әуелі шашын, сосын басын кесіп тастаймыз!» –100 мың доллардан сәл түспейсіздер ме? –Немене, базарда тұрсың ба? –99 мың доллар дегендей. –Жүз мың! Әңгіме бітті! Алмастың ойы он саққа жүгірді. Қолын бір сілтеп, өз шаруасымен жүре бергісі де келді. Егер шынымен солай болса ше? Дереу полицияға хабарласты. Сөйтсе, полиция анықтағанындай, Мардан мырза өзін өзі ұрлапты. Ұрлағанда былай, Қазақстандағы достарымен бірге барлығы төрт адам актерлік шеберлікке шақырылып, алдын–ала ақшаларын бөлісіп, жоспар құрып, Марданның киіміне, бетіне сойылған қоянның қанын жағып шыққан. Не деген керемет сценарий? Мұндай сценарийді драма театрының драматургтері де жаза алмас! Бесеуі де бүгінде излоляторда жатыр.Әй, ақымақтар–ай!  

                                                                                                 Ратқұм МІРЕШ