«Басымды қатырма!» деген сөз әр жерде әр қилы: –Адам емессің, есексің! – дейді әйелі. –Есек емес, атпын! – дейді күйеуі. –Саған короновирус та жұқпайды екен! –Не деген пәле, мына қатын ештеңені ұқпайды екен! –Свинья! –Қазақша қарға деймін, мемлекеттік тілде! –Орангутан! –Басымды қатырма деймін! Ал базарда: –Костюм шалбар қанша тұрады? –Қырық мың. –Жеңімен бірге сатылады ма? –Ия да! –Қалталарында ақша жоқ па? –Қандаай адамсың өзің? –Түймелері неге домалақ? –Басымды қатырмашы, а?! Ал, шенеуніктердің дөрекілігі ше? «Басымды қатырма!» деп, алдына келгенде сөзбен сілкілеп, қолымен желкелеп шығаратындар да бар ғой? Керек десеңіз, жер-жебіріңе жетіп: «Қайда барсаң, онда бар!» деп айқай салатынын қайтерсің? «Алдыма адам келді ғой, мен солар үшін мәдениетті жауап беруім керек шығар?» деп ойланса қанеки? Мысалы, Алматы облысының бас санитар дәрігері Ерғали Сыдыманов өзінің алғашқы жұмыс күнінде-ақ, Талдықорған тұрғындарының зәресін алды. Куәгерлердің сөзінше жиналғандвармен сөйлескен ол қалшылдап, дірілдеп, шалқасынан жата кетпесе де, түсін суытып: «Балаларды тамақтандыру керек екенін түсінемін, несие бар, анандай, мынандай. Мен не бірінші жылы тұрмыстамын ба? Болды, басымды қатырмаңдар! Сен неге түсіріп тұрсың? Осындайлардан кейін бәрі басталады!» – деді Сыдыманов сызданып. «Хабиби» серіктестігінде жұмыс істейтін кәсіпкерлер мен өкілдер басшыдан мұндай майы сорғалаған сірне сөздер естіиміз деп келмесе керек. «Басымды қатырмаңдар!» деген сөз өз басына пәле болды. Оның сөзі Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметовтің құлағын дыңылдатты. Тіпті, министр Цойдың да құлағын шыңылдатты. Шынында, «Басымды қатырмаңдар!» деген сөз қатар отырып сыра ішіп отырған желөкпе жігіттер арасындағы бір бұзақыны елестетеді емес пе? Енді не болды? Айтылған сөз, атылған оқ. Қызметтік тексеріс жүргізілетін болды. Өй, мұндай жағдайлар Шымкентте де болып жатады. Қарамағындағысын қуырдақтай қуырып, құлағынан қыл суырып, әке–шешеден сыбап алатындар, тіпті жұдырығын ала жүгіретін шенеуніктерді де көргенбіз.Олар қызметтік этика заңын білмейді дейсіз бе, біледі, тек қызметтік лауазым буы ғой оларды тым еркелетіп жіберетін. Қалай десек те, шенеуніктер халықтың арқасында шенеунік. Анаау бетпақдалада, жалғыз өзі креслода шалқайып отырып, құрт-құмырсқалар мен кесірткелерге айқайлап, кісі бола алмайды ғой? Олай болса, ей, шенеуніктер, басты қатырмаңдар!
Мұхтар ШЕРІМ