«Қасірет пен тағдыр» – елдің шері мен қайғысы – жазушы Сәуле Досжан
«Қасірет пен тағдыр» – елдің шері мен қайғысы – жазушы Сәуле Досжан
1,693
оқылды
– Полигон – қасірет. Қасіретті жүректен өткізу оңай емес, қалай тәуе­келге бардыңыз? –  1949 жылдың 29 тамызы күні Семей ядролық сынақ поли­гонында алғашқы 22 тонналық атом бомбасы жарылған. 1989 жылға дейін 470 ядролық жарылыс жасалған. Оның 354-і жерасты, 28-і жерүсті, қалған 90-ы әуеде жа­рылған. Осылайша, Семейде 40 жыл бойы сыналған ядролық жа­рылыстардың жиынтық қуаты Хи­росимаға тасталған бом­баның қуатынан 2,5 мың есе асып түсіпті. Уақыт таспаға түсірген та­рих­ты ғаламдық өлшеммен «жетпіс жыл бұрын болған» деп айтуға ғана оңай. Сол жылдардың қатпар-иі­нінде ғаріп күй кешіп, өмірінің дал-дұлы шыққан, көзінен жас орнына қан сорғалаған, аузынан қарғыс ақтарылған жетпіс мың тағдыр бар. Жартысы кебінге оралып, жер қойны­на кетті, то­пыраққа айналды. Қалған жар­тысы көңін сүйретіп, кебенегін іліп, тұқымының тұздай құрып кет­пеуі­нің қамын жасамасқа ама­лы қал­маған. Бұл зобалаң кәріні де, жасты да аяған ба? Жан сауғалат­пасына қойған ба?! Міне, бұл қасірет емей немене?! Әлемде адам­­дар мен жан-жануарлар өмір сү­ріп жатқан жерге атом жарған – жалғыз Қазақстанның «Семей сы­нақ алаңы». Оны жаса­ған – социа­листік жүйе. Сахаровтың жо­ба­­сымен жасал­ған алғашқы термо­ядролық бомба 1953 жылы 12 та­­мызда Семей полигонында сы­нал­ды. Міне, осы еңбегі үшін оған Сталиндік Мемле­кеттік сый­лық пен Социа­лис­­тік Еңбек Ері атағы қосып бе­ріледі. Ғалым өзі жасаған бомбасының адамзат тарихындағы ең жойқын қару екенін, үлкен қауіп тудыраты­нын басқаларға қарағанда ерте түсінеді. Кейіннен өздерінің бұл істе­рінің қылмыс екенін мойындап ағынан жарылады. А. Сахаров. «Яд­ро­лық сынақтан 6 миллион адам опат болады. Сұмдық қылмыс жа­салып жатыр», – деп жазған өз естелік­терінде. Романға материал­дар жинау барысында осындай сұмдықтарды оқыған сайын жүре­гім ауырып, есеңгіреп қала­тын­мын. «Адамның адамшылығын істі аяқтағанынан емес, қалай бастаға­нынан біл» деп Абай данышпен айтқандай, істі қатты ықыласпен баста­ған соң нәтиже шығаруға міндеттендім. Жарты ғасырдан ас­там уақыт Семейдің халқы азап кө­ріп, ұрпағы үш жүз жылға кететін қайғы шегіп, қасірет тартып келген­де, маған неге қасіреттің шындығын ашып, қолға алған істе төзімділік танытпасқа?! – Полигон тақырыбы дегенде, үнемі көз алдымызға Роза Мұқа­но­ваның «Ләйләсі» елестейтін. «Мәң­­гілік бала бейнеден» кейін бұл қасі­ретті шерткен қомақты шығарма көп емес секілді. Жазылғандарының өзі көп насихаттала қойған жоқ. Қа­лам­герлердің бұл тақырыпты көп қаузай бермегенінің сыры неде? – Неге жазылмаған? Жазылған! Тек оны уақытында жарыққа шы­ғаруға рұқсат етілмеген. Мысалы, сол коммунистік режимнің зама­нында-ақ Бекежан Тілегенов аға­мыз «Дегелең» трагедиясын сурет­теп «Қа­ра жел» деген роман жазған. Сол шы­ғар­маны отыз жылдай бас­­ты­рылып жатқан жерінен «Ел-шежіре баспасының» дирек­торы Дәулет Дидахметұлы Әшім­ханов осы жылдың басында кітап етіп шығар­ды. Рымғали Нұрға­лиевтің «Алты аяқты құлын» деген, Сұлтан Ора­залиннің «Сталин өл­ген жыл» деген хикаяттары, Роллан Сейсен­баев пен Нәубет Қалиевтың әңгі­мелері жа­зылған. Бәрінде жер бе­тін­де ашық сынал­ған атом бом­басының әсе­рінен тірідей сынаққа ұшыраған адам­дардың күйзелісі, табиғаттың тарт­қан зия­ны сурет­теледі. Ел тә­уел­сіздігін алғаннан кейін сол шы­ғар­малар там-тұмдап шыға бас­тады. Семей­дегі ардақты жазушы Медеу Сәрсеке ағамыздың ені бір қарыс болатын «Семей қа­сіреті» деген еңбегін оқысаңыз, төбе шаш­ыңыз тік тұрады. Деректі оқи­ғаларға негізделген бұл шығар­маны орыс және ағылшын тіл­деріне ауда­рып шетелдерге де тарата бас­тады.  

Полигон жайлы алғашқы дабыл қаққандардың тағы бірі – Мұхамедғали Әленұлы Сужиков болған. Мұхамедғали Әленұлы Семей облысына бірінші хатшы болып барғаннан тыным таппай, ядролық жары­лыстардан зәрезап болған шерменде халықтың мүд­десін қорғап, сынақ жасап жатқан әскери зона­ның бастықтарымен, әскери кешеннің жетек­шілерімен жиі сөзге келіп қалып жүрген.

  – Медеу Сәрсекенің «Семей қа­сіреті» – деректі хикаят. Медеу аға «Қасірет пен тағдырға» қандай баға берді? – Осы полигон тақырыбын зерт­теп жүргенде Семейде Медеу Сәрсеке ағамен танысып, ағайдың рұқсатымен кітабынан біраз мате­риал­дарды алып, өзінің аты-жөнін сақтап пайдаландым. Кейін сол кісі жетекшілік ететін «Абай әле­мі» жобасында менің «Қа­сірет пен Тағдыр» романымның бірінші кітабы шықты. Қандай баға берге­нін ол кісі өзі айта жа­тар. Әйтеуір маған роман жазуда көр­сеткен ағалық ақылы зор бол­ды. Аталған романымды Шығыс Қа­зақ­­­стан облысының әкімі Да­ниал Ахметов мырза редактор­ла­рына оқы­тып, ұнатып, орыс тіліне аудар­тып, «Фолиант» баспа­сынан шыға­рып облыстың оқу орындары мен кітап­ханаларына, халыққа тарат­ты. Авторды арнайы шақы­рып елмен, Шәкәрім университеті мен М.Әуезов атын­дағы колледж сту­дент­терімен жүз­дес­тірді. Бұл шы­ғыс­тағы оқыр­мандарымның бер­ген жоғары бағасы деп қабыл­даймын. – «Қасірет пен тағдыр» романын жазуға қанша уақыт кетті? Негізгі оқи­ғаға сүйеніп шығарма жазу – дәл­дікті, шынайы фактілерді қажет ете­тіні белгілі. Бұл тұрғыдан сізге арнайы ақыл-кеңес берген адамдар болды ма? – «Қасірет пен тағдырды» үш жыл жаздым. Материал жинау, ел ара­лау – көп уақытымды алды. Негізі, осы полигон тақырыбын бастауы­ма жарым – генерал-пол­ковник Сәт Бесімбайұлы Тоқпақ­баев себепкер болды. Ол жас кезінде Семейге жер аударылған екен. Сон­да қызмет барысында халықтың жағдайын көріп, қасіреттері жүре­гіне қан болып қатып жүріпті. Кейін менімен қосылған соң «сен осы та­қы­рыпты жаза алсың, жаз­шы!» деп маған көптеген деталь­ды айтып берді. Ол кісінің айтқан дүниелері менің осы шығармама арқау болды. Жақында «Үзілмеген үміт» деген тақырыппен екінші кітабын аяқ­тадым. Сол екінші кітапты жазуыма Медеу аға мен Шәкәрім мем­лекет­тік универ­ситетінің профес­соры, М.Қозыбаев атындағы тари­хи-ғылыми зерттеу институтының директоры Мұқтар­бек Кәрімов, философия ғылы­мының канди­даты, абай­танушы Асан Омаров, Шәкәрім мемле­кет­тік универ­ситетінің қазақ әде­биеті кафедра­сының меңгеру­шісі, фило­софия докторы Арай Жүнді­баева, «Семей полигоны айма­ғындағы соры арыл­маған ауыл» атанып, қасіретінен бүкіл елімізге аты шық­қан шағын ғана мекен Сары­жалда ұзақ жыл мектеп дирек­торы болған Сәкен Сейсенұлы деген азмат­тардың бер­ген мате­риал­дары мен полигон қасіретін шеккен суретші, АТОМ жобасының құрметті елшісі Кәріп­бек Күйіков (кітап мұқа­басына сурет салып берді) маған көп ақыл-кеңесін берді. – Ғабит Мүсіреповтің «Жапон балладалары» есімізден кетпейді. Аяулым да сондай қасірет шеккен тағдыр иесі. Бір Аяулым арқылы мыңдаған аяулы жандардың жү­регіндегі қасіреті көрінді. «Ерлер еңсеретін тақырыпты» қозғаудағы жазушының культі неде? – Романға «толғатып» жүре­генімде түс көрдім. «Ол – қасірет!», «Ол – тағдыр!» деп шошып оян­ғанмын. Содан басталды... Атын «Қасірет пен Тағдыр» деп қойдым. Басты кейіпкерім Аяулым әйел болғанымен, басты мақсатым – қазақ ерлерін биіктетіп көрсет­кім келді. Аягөз ауданының ар­дақты ақсақалы Әскен Күріш­баевтың, Мэлс пен әкесі Үсен аға­ның, Әмі­рдің ағасы Дәулеттің образдары арқылы қазақ ер-азама­тының қай­сар мінезі, бауырмал­дығы, отан­сүйгіштігі, отбасындағы әкелік орнын айрықша көрсеткім келді. Мен үшін әлемде семей­ліктердей туған жерінің топырағын қасиет­тейтін елжанды адамдар жоқ! Өздері у ішіп, қан құсып жа­тып, балалары­ның ауру болып туғанын көре отырып, ұрпағына үш жүз жылға кете­тін қасірет барын білсе де ата-баба мекенін, туған топырағын қи­май, қымызын дәрі етіп, жақ­сылықтан үміттерін үзбей қара­ шаңырақтарында отыр... Бұл маған үлкен серпін берді. – Қазір әдебиет сахнасында қа­ламгер әйелдердің үлесі артып келеді. Джоан Роулингтің өзі осыны дәлел­деп тұрғандай. Кітап дүкен­дерін қа­расаңыз, орыс әдебиетінде де жазу­шы әйелдердің салмағы басым еке­ніне көз жеткізесіз. Бір жағынан әлеуметтік ахуалды «әйел­дік көз­қараспен» суреттейтін тенден­цияның қалыптасуы дұрыс та секіл­ді. Қалай ойлайсыз? – Жалпы, қаламгерлікте жы­ныс болмайды деп ойлаймын. Әйел қаламгерлер де еркектің психо­ло­гиясын, жан-дүниесін жеріне жет­кізіп жаза алады. Еуропада соң­ғы он жылдықта әйел жазушылар­дың үлесі басым. Америкадағы «Жа­зушы әйелдер гильдиясы» екі жыл бұрын мені мүшелікке алған. Ал Азия ел­дерінде проза жанрында әйелдер аздау. Жазушылар одағы­ның мүшелері арасында да ақын қыз­дарымыз баршылық, өкінішке қарай проза жанрында әйелдер аз екенін біле­сіздер. Біз­де, тіпті бір таң­ғала­ты­ным, әсіресе ер адамдар әйел ро­ман жазады де­генге сен­бей­тіндері бар екен. Кеңес Ода­ғы жазу­шы­ларынан Шәр­бану Құ­марова де­ген апай ро­ман жа­зып, қыздарға жол ашып кетті. Сол соқ­пақпен «Үл­кен үй­дегі үрей», «Жал­ғыз­дың жарасы» және поли­гон жайын­­да осы екі ро­­ман­­ды аяқ­­тадым. Жиыр­мадай хи­каят, отыз­дан ас­там әң­гі­мем бар. Шы­­ғар­ма­ларым әлемнің 8 ті­ліне ауда­рылды. Sayle Dosjan1 – Полигон қасіретін жазып жүріп, қандай тың деректерге тап болдыңыз? Қасірет алаңын жабуда тағы кімнің үлесі бар? Біз тарихи шындықты қан­шалықты ашық айта алдық? – «Қасірет пен Тағ­дыр» деген кітабымды жазу ба­ры­сындағы іздеп тап­қан­да­рым­нан және Семей өңі­рін аралап, ел ішіндегі өмірді көріп, оқыған кі­тап­тарымнан, ғалам­тордан, бұ­қаралық ақпарат құрал­дарынан көр­ген­дерімнен қо­рыта келе, «Полигон жайлы алғаш дабыл қаққандар шын­дығында кімдер екен?» деген ойға қалдым. Семей полигоны зар­дап­тарын 1957 жыл­дан бастап ал­ғаш зерттеп, дабыл қағуға кіріс­кен адам көрнекті ға­лым, ме­ди­цина ғылым­дарының докторы, профес­сор, Қазақ­стан ғы­лым ака­демия­сының коррес­пондент-мү­шесі, Өлкелік пато­логия ғылы­ми-зерттеу инсти­ту­тының дирек­торы болған Бахия Атшабаров екен. Ол кісіге тапсырма берген – Қазақстан Ғы­лым акаде­миясының президенті Қаныш Сәт­баев. Ал Қаныш Сәт­баевқа заманы­мыздың заңғар жазу­шысы Мұхтар Әуезов өзінің 60 жылдық мерей­тойында туған же­ріне барған са­парында халқының жағдайын көріп, Деге­леңдей «тауы өліп», топырағының тозы шығып, суы уға, ауасы радиа­цияға айнал­ғанын көріп қасірет­теніп оралады. Келе Қаныш ағаға жағдайды айтып, зерттеу жасауын өтінеді. Содан Қаныш Имантай­ұлы­ның кеңесімен Бақия Атша­баров арнаулы ғылыми экс­педиция құ­рып, полигонның кесел­дерін жан-жақты анықтап, респуб­лика бас­шылығына жазбаша мәлім­деген, бірақ біздің басшылар Кремль­­дің қабағын бағып, ол игі істі ескерусіз қалдырып, атақты академик Сайым Балмұхановтың зерттеулеріне де тыйым салыпты. Мен кітабымда таратып жаздым, осы зерттеулерден кейін ғана атом­ды жер бетінде сынауды тоқтатқан. Полигон жайлы алғашқы дабыл қаққандардың тағы бірі – Мұ­хамедғали Әленұлы Сужиков бол­ған. Мұхамедғали Әленұлы Семей облысына бірінші хатшы болып барғаннан тыным таппай, ядролық жарылыстардан зәрезап болған шер­менде халықтың мүддесін қор­ғап, сынақ жасап жатқан әскери зонаның бастықтарымен, әскери кешеннің жетекшілерімен жиі сөзге келіп қалып жүрген. С.Бал­мұха­новтан білген М.Сужиков зорға деп обкомның бюро мүше­лерінің келісімін алып, Семей по­ли­гонын­дағы атом және термоя­дролық қа­ру­ды сынаудың зардап­тары туралы 1959 жылы КПСС Орталық Ко­митетінің бірінші хат­шысы Н. Хрущев пен Қазақстан Компар­тиясы Орталық Комите­тінің бірінші хатшысы Н.Беляевке құпия ашықхат жолдаған болатын. Мұхамедғали Әленұлы өзі айтқан­дай, «халық өліп жатқанда үндемей, үнсіз келісіп, әрекет етпей отыра алмаған». Өйт­кені Мұхамедғали Әленұлының ар-ожданын әркез халық қамы, соның мүддесі бас­қаратын. Жазушы Ғаббас Қабы­шев полигон жайлы алғашқы дабыл қаққандардың бірі Әнуар Әлім­жанов екенін былай баяндайды: «Атом-ядролық сынау­лардың «Қо­зы Көрпеш – Баян сұлу» дүниеге келген жерде жасалғанын алғаш айтып ашынған адам мем­лекет және қоғам қайраткері, сан елге, сан жұртқа белгілі қаламгер Әнуар Әлімжанов еді. Ол айтарын көшеде, алаңда ұрандап, аттандап жүріп емес, халықаралық конфе­рен­циялардың мінберлеріне шы­ғып тұрып айтты», – деп екі мы­салмен дәлелдейді. Ал 1989 жылдың ақпан айының 20 жұлдызында Семей облыстық партия комитетінің бірінші хат­шысы Кешірім Бозтаевтың сол кездегі Министрлер Кеңесінің тө­рағасы Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдаса отырып, М.Горбачевке Семей полигонының зардабы жайын­да жіберген жеделхаты та­рих­­та полигонды жабуға жол аш­қан күрестің басы болған. Бозтаев басын бәйгеге тікті. Бірінші болып мәселе көтерді. Ол – батыр адам! Мәскеуге хат жазды. Олжас Сүлей­менов бастаманы іліп әкетіп, халықтық қозғалысқа ұластырды. Ақиқат осы. Полигон туралы нағыз шындықты білгілерің келсе, Медеу Сәрсекеевтің деректі құжаттармен жазған кітабын оқыңыздар! Жа­зушы Медеу Сәрсеке: «Иә, Нұр­сұлтан Әбішұлымен ақылдаса оты­рып, полигонды жабуға бірінші қадам жасаған азамат Кешірім Боз­таев бүгінде ортамызда жоқ...», – дейді. pero Ядролық қаруды толықтай жабуға Қазақ КСР Президенті Н.Назарбаевтың 1991 жылы 29 тамызда қол қойған «Семей ядро­лық полигонының жабылуы тура­лы» Жарлығы негіз болды. Жар­лықта: «Қазақ КСР-інің тер­ри­ториясындағы Семей облысында 1949 жылдан бері ядролық қаруды сынау жүзеге асырылып келеді. Осы уақыттың ішінде онда 500-ге жуық ядролық жарылыс жасалып, оның өзі мыңдаған адамның денсаулығы мен өміріне нұқсан келтірді. ҚазКСР КСРО мен АҚШ ара­сындағы стратегиялық әскери тепе-теңдікті қамтамасыз еткен ядро­лық потенциалды жасау жө­нін­дегі өз борышын орын­дағанын ескеріп және республика жұрт­шылығының талаптарына құлақ асып, қаулы етемін: 1. Семей ядролық сынақ поли­гоны жабылсын. 2. ҚазССР Министрлер Каби­неті КСРО Қорғаныс министрлігі мен КСРО Атом энергетикасы және атом өнер­кәсібі министр­лігімен келісе отырып, Семей сы­нақ поли­гонын одақ­тық рес­пуб­лика­лық ғылыми-зерт­теу ор­талығы етіп қай­та құрсын. 1991 жылы оның ста­ту­сын және ғылыми-зерт­теу жұмыс­тарының негізгі бағыт­тары­ның тізбесін әзірлеп бекіт­сін» де­ген. «Біткен іске сыншы көп, соны бітірген ердің кемі жоқ» деп баба­ларымыз айтқандай, 1991 жылы 29 тамыз күні сынақ алаңын жабу туралы Президент Н. Назарбаевтың Жарлығы шыққаннан кейін поли­гонға еңбек сіңіргендер көбейіп, «алғашқы болып үн қатқандар» шыға бастады. Қазақтың маң­дайына біткен марқасқа азамат­тардың бірін-бірі «оны полигонды жабу кезінде көргем жоқ» деп қаралауға дейін барып жатқандарын естігенде, орыстың «жеңістің әкесі көп» дейтіні есіме түсті. Мен екі кіта­бым­да мүмкіндігінше оқы­ғаным мен жиған-тергенімді шын­дықты ашу үшін кеңінен таратып айттым. «Қа­сі­рет пен Тағдырды» оқыған оқыр­мандар ұнатқан соң шығар, маған семейліктер өздері екінші кітап – «Үзілмеген үмітке» материалдар бе­­ріп, көрген-білген­дерімен бөліс­кендері. Қазақстан үшін тағы бір маңыз­­­­­­­­ды оқиға 1996 жылы «Ядро­лық сынақтарды тоқтату туралы» шарт­қа қол қою болды. Президент Н. Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблея­сының ресми құжаты ретінде тара­тылған арнайы өтінішпен сөз сөй­леп, Қазақстан үстіміздегі жүз­жыл­­­дықтағы ең ірі келісімді дайын­­­­­­­­­дауға өз үлесін қосқаны жай­­­­­лы айтты. Қазақстан іс жүзінде өзінің ядролық қаруға қарсы еке­нін бүкіл әлемге дәлел­деді. Хал­қы­мыздың басына сан түрлі қасірет әкелген Семей жеріндегі ядролық сынақ­тарды тоқтату – тәуелсіз ел ре­тінде Қазақстанның алғашқы қабыл­даған тарихи ше­шім­дерінің бірі болды. Кемел ой­дан туған ке­меңгер шешім қазақ елінің әлемдік өркениетке бейбіт­шілікті жақтай­тын мемлекет ретін­де қадам бас­қанын көрсетті. – «Қасірет пен тағдыр» – қа­зақтың қаралы тағдырының жаңғы­рығы. «Үзілмеген үміт» ше? – «Үзілмеген үміт» аты айтып тұрғандай, үміт ешқашан үзілмейді. Алдымызда жарқын өмір! Енді атом қасіреті Қазақстанда ғана емес, әлемде қайталанбайды...  

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС