Полиция атанудың тәртібі басқа
Полиция атанудың тәртібі басқа
фото: ашық дереккөз
141
оқылды
Бас прокуратура құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, прокуратура органдарына, сы­байлас жемқорлыққа қарсы қыз­метке және экономикалық тергеу қыз­метіне кадрларды даярлау мен іріктеудің бірыңғай тәсілін әзірледі. Бұрын бұл органдардың әр­қайсында конкурс өткізу, ре­зервке қабылдау, кандидаттарды іріктеу, қызметке қабылдау, кадр­ларды орналастыруда өзіндік тәр­тібі болатын.  Осы уақытқа дейін әрбір орган өзінше жеке ше­шім шығарып келген болса, енді бірыңғай тәсілге көшпек. Жаңа әдістің ережесі қандай және оның құқық қорғау органдары қызметінің сапасына қаншалықты оң әсері бар?  

Талап қандай?

«Құқық қорғау қызметі ту­ра­лы» заңның 11-бабына өз­геріс енгізілді. Оған сәйкес, енді құқық қорғау қызметіне кірудің басты шарты ретінде бастапқы кәсіптік даярлықтан өту міндетті болмақ. Даярлық Бас прокуратура жанындағы құқық қорғау орган­дары академиясында өтеді. Ал оған оқуға түсудің өзіндік талаптарына тоқталсақ. Мәселен, жоғары заң білімінің болуы, жасы 35-тен аспауы, моральдық-психологиялық, медициналық талаптарға сәйкестігі, әшкере­лейтін мәліметтердің болмауы қажет. Іріктеу тестілеу, әң­гіме­лесу, медициналық және пси­хофизиологиялық куәландыру, полиграфологиялық зерттеу және ауызша емтихан тапсыру кезеңдерінен тұрады. Осы талап­тардың үдесінен шықсаңыз ғана академияға қабылдана ала­сыз. Тағы бір ескеретін жайт, оқу­ға прокуратура, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қызмет және эко­номикалық тергеу қызметі ор­гандарына алғаш рет қызметке ба­ратын адамдар оқи алады. Яғни, біз атап өткен органдарда қызмет істеп жүрген немесе бұ­рын қызмет істеген азаматтар оқу­ға және сол арқылы қызметке тұру мүмкіндігі жоқ деген сөз.  Оқу процесі құқық қорғау орган­дарында тағылымдамадан өту кезеңімен жалғасады. Атап айт­сақ, прокуратура органдарына қызметке тұруға үміттілерді кә­сі­би даярлау мерзімі  1 жылға созылады, оның 6 айы оқу, ал 6 айы тағылымдамаға арналған болса,  сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және экономикалық тергеу қызметі кандидаттары үшін  6 ай, оның 5 айы оқуға, соңғы ай тағылымдамадан өтуге арналады.  

Қызметке қабылдалу тәртібінде де өзгеріс бар

Сөз басында айтып өткендей, құқық қорғау органдарына қыз­метке қабылдау туралы ше­шімді бұған дейін бірінші бас­шы қабылдап келсе, ендігі ше­шімді оқу орнында құрылған ве­дом­ствоаралық комиссия қабыл­дайды. Оның құрамына үш ор­ган­ның кадр қызметі мен ішкі қауіпсіздік қызметі басшылары кіретін болады. Сол арқылы сы­нақ мерзімімен қызметке немесе тікелей қызметке алынады. Жаңа тәсілдің жалпы тәртібін түсіндіріп өттік. Енді мақсаты мен тигізер оң әсеріне тоқталайық. «Прокуратура органдары қыз­метінің аясы өте кең. Мәселен, азаматтық, қылмыстық, жер, еңбек, денсаулық секілді барлық қарым-қатынас салаларындағы заңнамаларды білу олар үшін міндетті, сол бағыттағы жұмыс­тарды үйретеміз. Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қызметке келер болсақ, 19 тамызда өткен отырыста Президент айтқан осы бағытқа аса көңіл бөлініп отыр. Сондықтан  жемқорлыққа қарсы қызметке кіретін үміткерлер құ­қық-бұзушылықтардың заманауи әдіс-тәсілдерін меңгеріп шығуға тиісті. Ал экономикалық тер­геу қызметіне келер болсақ, кө­­­лең­келі экономика ісінде тер­­геу жүргізу олардың басты мақ­­саты болып табылады», – деді Бас прокуратураның Кадр­ларды дамыту департаменті бастығы­ның орынбасары Аида Әнуар. Оның сөзінше, оқуды жақсы аяқтау жұмысқа орналасуға үл­кен мүм­кіндік.  «Құқық қор­ғау ор­гандары академиясын аяқ­таған үміткер міндетті түрде жұ­мысқа орналастырылатын бо­лады. Оған бірінші сыныптық шен беріледі. Сонымен қатар академияда оқыған кезеңі оның еңбек өтіліне есептелетін болады. Сондықтан оның болашақтағы еңбекақысына, зейнетақымен қамтамасыз етілуіне әсер етеді», – дейді Аида Әнуар. Мұндай тәсіл­ді енгізу  кәсіби даярлықты арттырып, жұмыс дағдыларына үйрететіні түсінікті. Бұл, әрине құптарлық жайт. Алайда  құқық қорғау органдары қызметіне қа­тысты өзге де мәселелер бар еке­нін ескерсек, жаңа тәртіптің тиісті деңгейде іске асуына кел­генде көңілде күдік тұратыны да жасырын емес.  

Ашықтықты арттыру маңызды

Жалпы, елдің әр аймағында құ­қық қорғау органдары ма­ман­дарын даярлайтын өзге де арнайы оқу орындары бар. Мем­лекеттік басқару академиясы, Сот академиясы, Ішкі істер ми­нистрлігі, Қорғаныс минис­трлігінің оқу орындары жұмыс істейді. Оған тиісті қаржы бө­лінеді. Бұл тәжірибеде  бар. Мә­селе олардың қалай жұмыс іс­тейтінінде.  Заң ғылымдарының докторы, профессор Айсана Сман қазіргі таңда бізде заң саласы жалпылама оқытылатынын айта­ды. Ал бітірген жас маман ертең қызметке барған кезде қарапайым мәселелерді білмей жатуының бір себебі де осында болса керек. Себебі салаланбаған,  арнайы пәндерді оқымаған. «Қазіргі заң бойынша жоғарғы білім беру үш бағытта дайындалады, құқықтану, құқық қорғау қызметі және ха­лықаралық құқық. Оларды қыз­­­метке қабылдаған кезде ма­ман­дығына көңіл бөлінбейді. Қа­зіргі жағдайда білімді көтеруге, тәжірибеге көбірек мән беру керек. Мысалы, судья болу үшін Сот академиясын аяқтау керек, содан кейін ғана судья болуға құ­қығы бар. Яғни, бұл жерде басты шарт білім алушыны арнайы болашақта қызмет ететін органға бағыттау мәселесі және білімді маманды қызметке алу», – дейді заңгер. Аталған оқу орындары көбіне жабық, ашықтықтың жоқтығынан оларға талапкерлер  қандай та­лап­пен қабылданып жатқаны бізге беймәлім. Ал ашықтықтың болмауы жемқорлықтың бе­лең алуына түрткі болатыны анық. «Бізде көп жағдайда ол академияларға қабылдану үшін қаржы қажет деген түсінік қалып­тасқан. Сөйтіп, талапкердің де пара беруіне итермелейді. Оның үстіне, білім деңгейінен гөрі спорттық жетістіктерге, басқа да жайттарға көп мән беріп жатады.  Содан келіп  түлектер адамдармен қарым қатынас жасай алмайды, тиісті заңдарды азаматтарға тү­сіндіре алмайды. Ал оған жол бермеу үшін оқу орындары нақты талаптарын қойып, конкурс нәтижесін ашық жариялауы тиіс», – дейді заң ғылымдарының докторы, профессор Айсана Сман.  Шынында, бұл жайттың зардабы көбіне құқық қорғау са­ласы қызметкерлеріне деген сенімсіздікке, өзге де түрлі мә­селенің тууына түрткі болып жатады. Бас прокуратура өкіл­дері қызметкерлерді оқыту бо­йынша шетелдік тәжірибені жіті зерделедік деп отыр. Қа­зір­гі таңда Германияның Вис­мар  және Дюссельдорф уни­вер­ситеттерімен, Украина, Ре­сей, Молдова, Өзбекстан про­куратуралары академияларымен келісім жасал­ған. 24 тамызда басталған кә­сіптік даярлыққа іріктеу бір айға жалғаспақ.  Нәтижесі қандай болады? Ол – уақыт еншісінде.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=