Талап қандай?
«Құқық қорғау қызметі туралы» заңның 11-бабына өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес, енді құқық қорғау қызметіне кірудің басты шарты ретінде бастапқы кәсіптік даярлықтан өту міндетті болмақ. Даярлық Бас прокуратура жанындағы құқық қорғау органдары академиясында өтеді. Ал оған оқуға түсудің өзіндік талаптарына тоқталсақ. Мәселен, жоғары заң білімінің болуы, жасы 35-тен аспауы, моральдық-психологиялық, медициналық талаптарға сәйкестігі, әшкерелейтін мәліметтердің болмауы қажет. Іріктеу тестілеу, әңгімелесу, медициналық және психофизиологиялық куәландыру, полиграфологиялық зерттеу және ауызша емтихан тапсыру кезеңдерінен тұрады. Осы талаптардың үдесінен шықсаңыз ғана академияға қабылдана аласыз. Тағы бір ескеретін жайт, оқуға прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және экономикалық тергеу қызметі органдарына алғаш рет қызметке баратын адамдар оқи алады. Яғни, біз атап өткен органдарда қызмет істеп жүрген немесе бұрын қызмет істеген азаматтар оқуға және сол арқылы қызметке тұру мүмкіндігі жоқ деген сөз. Оқу процесі құқық қорғау органдарында тағылымдамадан өту кезеңімен жалғасады. Атап айтсақ, прокуратура органдарына қызметке тұруға үміттілерді кәсіби даярлау мерзімі 1 жылға созылады, оның 6 айы оқу, ал 6 айы тағылымдамаға арналған болса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және экономикалық тергеу қызметі кандидаттары үшін 6 ай, оның 5 айы оқуға, соңғы ай тағылымдамадан өтуге арналады.Қызметке қабылдалу тәртібінде де өзгеріс бар
Сөз басында айтып өткендей, құқық қорғау органдарына қызметке қабылдау туралы шешімді бұған дейін бірінші басшы қабылдап келсе, ендігі шешімді оқу орнында құрылған ведомствоаралық комиссия қабылдайды. Оның құрамына үш органның кадр қызметі мен ішкі қауіпсіздік қызметі басшылары кіретін болады. Сол арқылы сынақ мерзімімен қызметке немесе тікелей қызметке алынады. Жаңа тәсілдің жалпы тәртібін түсіндіріп өттік. Енді мақсаты мен тигізер оң әсеріне тоқталайық. «Прокуратура органдары қызметінің аясы өте кең. Мәселен, азаматтық, қылмыстық, жер, еңбек, денсаулық секілді барлық қарым-қатынас салаларындағы заңнамаларды білу олар үшін міндетті, сол бағыттағы жұмыстарды үйретеміз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке келер болсақ, 19 тамызда өткен отырыста Президент айтқан осы бағытқа аса көңіл бөлініп отыр. Сондықтан жемқорлыққа қарсы қызметке кіретін үміткерлер құқық-бұзушылықтардың заманауи әдіс-тәсілдерін меңгеріп шығуға тиісті. Ал экономикалық тергеу қызметіне келер болсақ, көлеңкелі экономика ісінде тергеу жүргізу олардың басты мақсаты болып табылады», – деді Бас прокуратураның Кадрларды дамыту департаменті бастығының орынбасары Аида Әнуар. Оның сөзінше, оқуды жақсы аяқтау жұмысқа орналасуға үлкен мүмкіндік. «Құқық қорғау органдары академиясын аяқтаған үміткер міндетті түрде жұмысқа орналастырылатын болады. Оған бірінші сыныптық шен беріледі. Сонымен қатар академияда оқыған кезеңі оның еңбек өтіліне есептелетін болады. Сондықтан оның болашақтағы еңбекақысына, зейнетақымен қамтамасыз етілуіне әсер етеді», – дейді Аида Әнуар. Мұндай тәсілді енгізу кәсіби даярлықты арттырып, жұмыс дағдыларына үйрететіні түсінікті. Бұл, әрине құптарлық жайт. Алайда құқық қорғау органдары қызметіне қатысты өзге де мәселелер бар екенін ескерсек, жаңа тәртіптің тиісті деңгейде іске асуына келгенде көңілде күдік тұратыны да жасырын емес.Ашықтықты арттыру маңызды
Жалпы, елдің әр аймағында құқық қорғау органдары мамандарын даярлайтын өзге де арнайы оқу орындары бар. Мемлекеттік басқару академиясы, Сот академиясы, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігінің оқу орындары жұмыс істейді. Оған тиісті қаржы бөлінеді. Бұл тәжірибеде бар. Мәселе олардың қалай жұмыс істейтінінде. Заң ғылымдарының докторы, профессор Айсана Сман қазіргі таңда бізде заң саласы жалпылама оқытылатынын айтады. Ал бітірген жас маман ертең қызметке барған кезде қарапайым мәселелерді білмей жатуының бір себебі де осында болса керек. Себебі салаланбаған, арнайы пәндерді оқымаған. «Қазіргі заң бойынша жоғарғы білім беру үш бағытта дайындалады, құқықтану, құқық қорғау қызметі және халықаралық құқық. Оларды қызметке қабылдаған кезде мамандығына көңіл бөлінбейді. Қазіргі жағдайда білімді көтеруге, тәжірибеге көбірек мән беру керек. Мысалы, судья болу үшін Сот академиясын аяқтау керек, содан кейін ғана судья болуға құқығы бар. Яғни, бұл жерде басты шарт білім алушыны арнайы болашақта қызмет ететін органға бағыттау мәселесі және білімді маманды қызметке алу», – дейді заңгер. Аталған оқу орындары көбіне жабық, ашықтықтың жоқтығынан оларға талапкерлер қандай талаппен қабылданып жатқаны бізге беймәлім. Ал ашықтықтың болмауы жемқорлықтың белең алуына түрткі болатыны анық. «Бізде көп жағдайда ол академияларға қабылдану үшін қаржы қажет деген түсінік қалыптасқан. Сөйтіп, талапкердің де пара беруіне итермелейді. Оның үстіне, білім деңгейінен гөрі спорттық жетістіктерге, басқа да жайттарға көп мән беріп жатады. Содан келіп түлектер адамдармен қарым қатынас жасай алмайды, тиісті заңдарды азаматтарға түсіндіре алмайды. Ал оған жол бермеу үшін оқу орындары нақты талаптарын қойып, конкурс нәтижесін ашық жариялауы тиіс», – дейді заң ғылымдарының докторы, профессор Айсана Сман. Шынында, бұл жайттың зардабы көбіне құқық қорғау саласы қызметкерлеріне деген сенімсіздікке, өзге де түрлі мәселенің тууына түрткі болып жатады. Бас прокуратура өкілдері қызметкерлерді оқыту бойынша шетелдік тәжірибені жіті зерделедік деп отыр. Қазіргі таңда Германияның Висмар және Дюссельдорф университеттерімен, Украина, Ресей, Молдова, Өзбекстан прокуратуралары академияларымен келісім жасалған. 24 тамызда басталған кәсіптік даярлыққа іріктеу бір айға жалғаспақ. Нәтижесі қандай болады? Ол – уақыт еншісінде.Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ