Десе де, Үкімет әлемдік пандемияның екінші толқынына дайын екендеріне сендіріп бағуда. Бірақ бұған дейін де «біз бәріне дайынбыз» деген биліктің бұл сөзін көпшілік күлкіге айналдырып отыр. Осы орайда, Жамбыл облысы ковидтің екінші толқынына қаншалықты дайын екенін зерделеп көрген едік.
Не бар, не алынады?
Облыс әкімдігі берген ақпаратқа сүйенсек, әлемдік сарапшылар болжап отырған күзгі-қысқы кезеңдегі коронавирустың екінші толқынына жергілікті билік жіті дайындалып жатыр екен. Десе де, індеттің жаңа толқыны маусымдық тұмаумен тұспа-тұс келетіндіктен, ауыр зардаптары болуы мүмкін екенін әкімдіктегілер жасырмауда. – Пандемияның екінші толқыны кезінде негізгі ауыртпалықты облыстың медицинасы көтереді. Осы орайда, денсаулық сақтау секторын жаңғырту және күзгі-қысқы кезеңге дайындықты қамтамасыз ету жүргізілуде. Жамбыл облысында барлық емдеу-алдын алу ұйымдары бүгінде дәстүрлі жұмыс режиміне көшкен. Онда пациенттерді триаж жүйесімен сұрыптау және бөлуді қатаң сақтау, медициналық персоналдың шұғыл көмек көрсетуге дайындығы мен жеке қорғаныс құралдарымен қамтылуы қамтамасыз етілді. Сондай-ақ ауруханаішілік инфекциялардың таралуын болдырмау үшін емхана инфрақұрылымы жаңартылды. Пандемия басталғаннан бері инфекциялық және провизорлық госпитальдарда – 1 780, оның ішінде облыс аудандарында 675 төсек-орын дайындалды. 1 600 инфекциялық және провизорлық төсектерді қосымша орналастыруға дайындық жүргізілуде. Оттегі желілері тартылып, қажетті жабдықтар сатып алынуда, – дейді облыс әкімінің баспасөз қызметі. Бұдан бөлек, өңір жедел медициналық көмек бойынша бригадалар санын көбейтіп, дәрігерлердің де бірлігін арттырған екен. – Жедел медициналық көмек бойынша 91 бригада жұмылдырылып, қосымша 15 бригада құрылатын болады. Лизинг бойынша 53 бірлік санитарлық автокөлік сатып алынуда, сонымен қатар 10 көлік демеушілер есебінен алынды. Коронавирус инфекциясымен күресуге тартылған қызметкерлердің жалпы саны 2 536 адамды құраса, оның ішінде дәрігерлер – 508, орта медициналық персонал – 1 014. Қазіргі кезеңде Денсаулық сақтау министрлігінің бекітілген хаттамаларына сәйкес, бұрын инфекциялық және провизорлық госпитальдарда жұмыс істеген, сондай-ақ жаңадан келген мамандарды коронавирус инфекциясы мен пневмонияны диагностикалау және емдеу бойынша оқыту жүргізілуде. Қажетті медициналық көмек көрсету үшін қосымша 525 оттегі концентраторы сатып алынды. Қолданыстағы 170 өкпені жасанды желдету аппаратына тағы 71 бірлік қондырғы қосылады деп күтілуде. Осылайша, олардың жалпы саны – 241 бірлік. Шұғыл көмек көрсету үшін 2 экстракорпоралды мембраналық оксигенациялау (ЭКМО) аппаратын сатып алу да өте маңызды болып тұр. Аталған аппараттарда жұмысты ұйымдастыру үшін қыркүйек айының басынан Нұр-Сұлтан қаласында қажетті оқытудан өтетін медицина қызметкерлерінің бригадасы құрылды, – дейді әкімдіктегілер. Бұдан бөлек, аудандар да назардан тыс қалмай, оларға 7 компьютерлік томография (КТ) аппараты сатып алынуда. Сонымен қатар науқастарды тестен өткізу де оңтайландырылмақ. – Бүгінде әртүрлі өндірушілердің тест жүйелері жеткілікті мөлшерде сатып алынуда. Енді медицина қызметкерлеріне сынамаларды алу ережелері толықтай түсіндіріледі. Пациенттерді емдеу үшін медициналық ұйымдарға емдеу хаттамалары мен медициналық мақсаттағы бұйымдар тізбесіне кіретін қажетті 3 айлық дәрі-дәрмек қоры құрылуда. Бөлшек сауда дәріхана желісінің кәсіпкерлерімен қоймаларда дәрілік заттардың қосымша амбулаториялық қорын жасақтау туралы келісімге қол жеткізілді. Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігіне басты назар аударылып, оларға қорғаныш костюмдерін, «М-95» типті бетперделерді, қорғаныш қалқандары мен дезинфекциялау құралдары да алынуда, – дейді баспасөз қызметіндегі мамандар.Балалардың ауыра бастағаны рас па?
Жергілікті билік коронавирустың жаңа толқынына сақадай-сай екендерін айтуда. Алайда «Енді балалар қынадай қырылады екен. Бұл – коронавирустың жаңа түрі» деген әңгіме ел арасында желдей есіп жүр. Осыған орай, сала маманынан анық-қанығын білген едік. – Коронавирус жұқпасы балалар арасында симптомсыз немесе жеңіл түрде өтеді. Алайда осы жылдың сәуір, мамыр айларында Ұлыбритания елінде аталмыш вирусқа шалдыққан бірнеше балада дерттің ауыр түрі анықталды. Ол көпжүйелік қабыну синдромы деп аталады. Осы сырқат жүрек-қан тамыры ауруларының асқыну түрінде болған. Мұндай дерт Ұлыбританиямен қатар, АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында да орын алғандықтан, коронавирус көп тараған аймақтардағы балаларда көпжүйелік қабыну болуы мүмкін деген болжам бар. Бұл тек ғана болжам. Әрине, Үкімет халықты қауіптен арашалап, аман алып қалу үшін қамданып, әзірлік жүргізудеміз. Облыста бұл вируспен ешқандай бала ауырған жоқ. Баланың бұл дертке шалдыққанын маманға қаралмай тұрып, қалай анықтаймыз дегенге келсек, балада коронавирустан кейінгі асқыну белгілері болады. Яғни, дене қызуының жоғары көтерілуі, дем жетіспеу, жиі демалу секілді тыныс алу жолдарының асқынуы, кеуде қуысының қабынуы. Ең басты белгісі – баланың денесінде бөртпелердің, коньюктивиттің пайда болуы және бездердің қабынуы, жүрек тұсында ауру сезіледі. Ол кеудеге, арқасына, жауырынына, иығына қарай беріледі. Ауыз төңірегі көгеріп, алақандары, табандары ісінеді. Іші өтіп, ауырып, құсады. Тамағы ауырады. Егер осындай белгілер байқалса, жедел түрде дәрігерге қаралу керек, – дейді облыс әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Әлия Шатаева. Маман осылайша білгенімен бөлісті. Оның сөзіне сүйенсек, коронавирустың жаңа толқыны балаларға әсер етуі де, етпеуі де мүмкін екен. Сондай-ақ бүгінгі таңда бірде-бір бала бұл дерттің белгілерімен ауруханаға түспегенін айтуда. Ал әлеуметтік желілерде «ауруханаларда алдын ала балаларға төсек орындары әзірленіп жатыр» деген әңгімені Әлия Өзбекқызы жаз мезгілінде балалар ауруханаға ішек инфекциясымен көптеп түскенін айтып түсіндірді. Демек, жүрекке салмақ салудың қажеті жоқ. Түптеп келгенде, коронавирустың жаңа толқыны балаларға жұғатын болса, оған өңір медицинасына дайын екенін айтып жатыр. Түйін:Әрине, бәрі мамандар айтқандай, бақылауда болса жанға демеу. Алайда «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясы мен партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша аймақтық комиссияның бірлескен отырысында коронавирустың алғашқы толқынының өзіне қатысты көптеген сын айтылып, талқыға түскен болатын. Тіпті, Жамбыл облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Хамит Мырзақасымов пен жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру мекемесінің директоры Қадірхан Абдуллаев екеуі коронавирустан көз жұмғандардың санына қатысты келіспей қалып, жаға жыртысуға дейін барған. Басқарма басшысының міндетін атқарушы індеттен көз жұмғандар 53 адам деген дерек айтса, жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру мекемесінің директоры шын мәнінде 134 адам көз жұмғанын алға тартқан болатын. Тараптар өз сөздерін дәлелдеу үшін арнайы құжаттар көрсетуге дайын екендерін де жеткізген. Біз бұл тұста қаза тауып, ағайыны қара жамылып отырған жандарды түгендеуден аулақпыз. Тек осындай түсінбеушілік пен кикілжің коронавирустың екінші толқынында орын алмаса екен деп тілейміз.
Себебі таразы басында адам өмірі тұр!
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы