2015 жылы қала құрылысы саясаты және абаттандыру бойынша сарапшы Рикардо Марини Алматының Нью-Йорк сияқты үлкен қала боларлық қауқары барын айтқан. Шынымен де, қазір Алматы халқы 2 миллионға жетеқабыл. Еліміздегі мәдениет пен өнердің ошағына айналған қала тоқтаусыз дамуды талап етеді. Инфрақұрылым ахуалы тек алмалы қаланы емес, күллі елді алаңдатады.
15 қыркүйек күні Шамалған шойын жолында апат болды. Пойыз бен автобус соқтығысты. Себепті автокөліктер үшін аспалы көпірдің болмауынан іздеді. Станса тұрғындары жұмыс пен үй арасында үш сағаттап кептелісте тұрады екен. Ауданның нақты инфрақұрылымы болмағандықтан, осыған ұқсас оқиғалар тіркеліпті. Мысалы, соңғы 10 жылда 10 адам пойыз астына түскен. Теміржол сыртындағы 5 көшеден 250 бала аудан орталығындағы мектепке қатынайды екен. Дерек бойынша, оқушыларға жаяу жүргінші жүретін теміржолдағы жолақ жабылып қалғанда, пойыздың астынан өтуге тура келеді. Сонда Smart Almaty, «Алматы – 2020» бағдарламасының нәтижесі не?
«Ақылды қала» термині әлемді шарлағанына біраз уақыт болды. Бұл – қаланың даму концепциясына көмек болатын бағдарлама. Аталған жоба жаһанның 2 500 қаласында іске асырылып жатыр. Жобаны PwC, Forbes, Juniper Research, EasyPark сияқты агенттіктер мен компания төрт рейтингке бөліп қарастырады. Аталған рейтингте Копенгаген, Сингапур, Барселона, Мельбурн, Токио, Сеул, Лондон, Нью-Йорк көш бастап тұр. Әзірге Қазақстанның бірде-бір қаласы рейтингке енбеген. Елдегі жоба мамандарының сөзіне сүйенсек, 2022 жылға қарай рейтингке енеді-мыс.
Негізінен ақылды қала жүйесі бәріне тиімді. Қала болашағына, тұрғындардың денсаулығына, жайлы жағдай жасауға бейім. Әлемдік стандарт бойынша ақылды қала құру екі бағыт бойынша жүреді. Біріншісі – «жоқтан бар жасау». Яғни, алғашқы этаптан бастап іске асыру. Мұндай смарт жобаға БАӘ-дегі Масдар Сити, Оңтүстік Кореядағы Нью-Сондго, Қытайдағы Тяньцзинь жатады. Екіншісі – қалаға ақылды технологияларды біртіндеп енгізу арқылы дамыту. Амстердам, Лондон, Стокгольм мен Фуджисава технологияны жаймен енгізіп келеді.
«Көлік емес, адам кеңінен тыныстайтын қала құру» – көптеген елдің арманы. Жыл сайын әлемде осыған лайықталып түрлі жоба жасалады. Қала әкімінен бастап ел тұрғындары да үлес қосуға тырысады. Осыған қатысты Нью-Йорктың амалы ерекше. 2001-2009 жылы қала мэрі болған Блумберг Нью-Йоркте велосипедке арнап 250 шақырымнан астам жол төседі. Автобус бағыттарының саны артты. Басты көше санатындағы Бродвейде жаяу жүргіншілер көбейді. 8,5 млн тұрғыны бар қала үшін үлкен жетістік. Сондай-ақ Нью-Йоркте көше қозғалысын басқаруда смарт-технология мен BigBelly интеллектуалды қоқыс жәшіктері бар. Бұл – қала тұрғындарының игілігі үшін жасалған жұмыс нәтижесі.
Елімізде миллионнан астам халқы бар үш мегаполис бар. Урбанизация уақытылы жүреді. Сөзімізге дәлел – елордамыз. 1981 жылы Алматыда миллионыншы тұрғын дүниеге келді. Сол тұста Целиноград іргелі ел бола қоймаған кез. Қазір астанадағы халық саны – 1 миллион. Тұрғын саны артқан сайын экология өзгеріп, жүріс-тұрыс қиындай түседі. 2 миллион қала халқынан бөлек, 500 мыңға жуық адам кіріп-шығатын Алматы үшін көлік қозғалысы басты мәселе.
Алмалы қаланың ахуалын реттеу турасында біраз жоба қолға алынды. «Алматы – 2020» бағдарламасының арқасында көрім дүние көзге ілінді. Бір ғана 2016 жылғы статистикада қалада 600 мыңнан астам көлік бары көрсетілген. Оған 200 мың автокөлік транзитін қосыңыз. Онсыз да еңісте орналасқан қала көк түтіннің астына қалады деген сөз.
Қаланы кептелістен құтқарудың түрлі амалы бар. Оған әлемдік тәжірибе куә. Айрықша автобус жолағының санын көбейту, серіктес қалалармен көлік қатынасын ұйымдастыру, метроны дамыту, ақылы тұрақ енгізу, теңгермелі тарифтер жүйесі негіз бола алады. Зерттеушілердің айтуынша, жүк көліктері қаланы сырттай айналып өтетін жол салу қажет. Қала ішінде орналасқан құрылыс заттарын сататын базарларды сыртқа көшірген жөн. Сонда жұмыс нәтиже береді.
2020 жылға қарай қоғамдық көліктің үлес салмағы 32 пайыздан 50 пайызға өседі. Алматы қаласын алып қарайтын болсақ, бұған BRT жүйесі, «Оңай» жол картасы мысал болады. BRT енгізілген соң қаладағы қоғамдық көліктер күніне 100 мыңнан 142 мыңға дейін адам тасымалдаған. Осылайша, жолаушылар саны 40 пайызға өскен.
Алматыдағы аталған жүйе Лондондағы тәжірибеге ұқсайды. 2000-2008 жылдары Лондонның мэрі болған Кен Ливингстон қалада Oyster card жол ақысын төлеу картасын енгізеді. Автобус еркін қозғалуы үшін арнайы жолақ бөледі. 2003 жылы Сохо, Уэст-Энд, Вестминистер, Сити сияқты орталық аудандарда жол жүру үшін ақы ала бастайды. Бұл жүйе қаладағы көлік жүктемесінің 15 пайызға төмендеуіне әкеледі. Ал Германияның Лейпциг қаласында түйткілді шешу үшін қоғамдық көлікте жүру құнын төмендетеді. Тіпті жүргізуші куәлігін көрсеткен тұрғындарға автобуста тегін жүруге мүмкіндік берген. Нәтижесінде, жүз мыңдаған жүргізуші көлікті тастап, қоғамдық көлікке ауысқан. Немістердің жеке көлікке қарағанда, қоғамдық көлікке басымдық беретіні сондықтан. Осы жоба арқылы қаладағы жол қозғалысы біршама реттелген екен.
Кептелістен құтылудың тағы бір жолы – ақылы паркингтерді көбейту. Жоғарыда Ұлыбританияда ақылы көше барын жаздық. Ақылы паркингтер көбейген сайын, адам тиімді тұсын іздей бастайды. Солай қоғамдық көлікке немесе самокатқа ауысуы мүмкін. Жолдағы көлік тығынын болдырмау үшін Сингапур көлік жүргізу үшін де ақы алады. Бұл жыл сайын жеке көліктің санын 0,25 пайызға қысқартуға сеп болады. Сингапурда көлік алатын адам жүргізу үшін де рұқсат алады. Куәлік 10 жылға жарамды, тегін емес. Құны – 50 мың Сингапур долларына тең. Әлемде мұнан да қызық жүйелер бар.
Қанша мәселе болса, сонша шешім бар. Бұл көлік кептелісіне де қатысты. 9 миллионнан астам тұрғыны бар Токиода көлік кептелісі айтарлықтай мәселе емес. Технологиясы дамыған ел көліктің де жайын біржақты еткен. Елде жол тығынын күрделі жолайрықтарын салу жолымен шешеді. Қала орталығындағы 5 деңгейлі жолайрығы таңдандырады. Мұны Токиодағы ең маңызды жол деуге болады. Грекия мәселені шешудің мүлдем басқа түрін ұсынады. Мысалы, Афинада жұп күндері орталыққа жұп нөмірі бар мәшинелер кіре алады. Сәйкесінше тақ нөмірі бар темір тұлпар тақ күні қала ортасымен еркін жүйткиді. Сеулде автобус маршруттарын метромен біріктірген. Бұл қоғамдық көлікті бір түрінен екінші түріне ауыстыру уақытын 2 минутқа дейін қысқартты. Сонымен қатар, автобустар кез келген жеке автокөліктердің алдында жүру артықшылығына ие.
Қаланы кептелістен құтқарудың тағы бір жолы – ыңғайлы атмосфера орнату. Яғни, көлікке емес, адамға жағдай жасау. Орталықтағы жаяу жүргінші жолын жақсарту, саябақ салу, қаланы жасыл желекке орау. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар амал. Мәселен, 90-жылдары Шанхайда Сучжоу өзенін халық «Шанхайдың сорына» теңеген. Өйткені өзен «өлілердің» қатарына қосылған. 700-ге тарта кәсіпорын қалдығы, 10 мың тоннаға жуық қоқысқа қала «көмілген». Оған жол тығынын қосыңыз. Содан арнайы инфрақұрылым жасалып, Шанхай аумағының 35 пайызын жасыл желекке орау қолға алынған. Сол кездегі 17 миллион тұрғынның әрбіріне 9,2 шаршы метр алаңқайдан тиген. Такси мен автобустар жанармайдан бас тартып, газбен жүруге көшкен. Қоршаған ортаға зияны тиген тұрғынға қомақты айыппұл салған. Тіпті қала көшелерінде түкіруге қатаң түрде тыйым болған. Нәтижесінде, Қытай үкіметі жылдар өткесін Шанхайды «экологиялық жасыл бақша» деп атап кеткен. Қазір 24 миллионнан астам тұрғыны бар қала көлік кептелісін арнайы стратегиямен шешіп отыр.
Шетелде жол-көлік туралы заң қатты қадағаланады. Жұмысшылар кодексті қатаң ұстанады екен. Мысалы, Испанияда орын алған мына жайтқа үнсіз келісесің. Испанияда жолаушы пойызы жолда тоқтап, жүргізуші жолды ары қарай жалғастырмайтынын айтқан. Себебін сұрағанында заң бойынша 6 сағат пойыз жүргізуіне болады екен. Белгілі сағат өткен соң келесі машинист кезек алуы керек. Ал ол кешігіп келген. 6 сағаттан соң адамның миы шаршайды. Испанияда жүргізуші 6 сағаттан артық пойыз жүргізсе, айыппұл салынады. Бұл – теміржолдағы тосын жағдайдың алдын алу амалы. Аталған оқиға Сантадерадан Мадридке қатынайтын пойызда болған.
Әлем елдерінің тәжірибесіне үңілсеңіз, саты есіңізге түседі. Бәрі бір-біріне байланысты. Экология мәселесін кептелісті жою арқылы, пойыз жолы жағдайын заңмен игеріп отыр. «Алматы – 2020» бағдарламасының бірқатар жетістігін байқадық. Қаланың ішкі құрылымы біржақты болғанда, кезек Шамалған сияқты стансаларға келері анық. Бастысы – кептелістен құтылатын жол тауып, адам шығынының алдын алу.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ