БҰҰ неге алаңдаулы?
БҰҰ неге алаңдаулы?
172
оқылды

Қазақстан жол қозға­лы­сы қауіпсіздігі жөніндегі ІІІ Дүниежүзілік министр­лер конференциясына қа­тысуға шақырту алды. Сенат төрағасының орын­басары Асқар Шәкіров БҰҰ Бас хатшысының жол қозғалысы қауіпсіздігі жө­ніндегі арнаулы уәкілі Жан Тодтпен кездесті.

Тараптар жол қозғалысының қауіп­сіздігін арттыру жөніндегі жан-жақты ынтымақтастықты тал­қы­ла­ды. Парла­менттің Жоғарғы па­латасы басшысының орынба­са­ры А.Шәкі­ров халықаралық са­рап­шылардың ұсыныстары ұлттық заң­наманы жетілдіруге, құқық қол­­дану тә­жірибелерін жақсартуға және Қазақстанның институттық әлеуетін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Жан Тодт өз кезегінде БҰҰ-ның жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі барлық конвенцияларын қолдағаны және БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы ала­ңындағы жұмыс топтарының қыз­метіне белсенді қатысқаны үшін Қазақстанға алғысын білдірді. Ол өткен жылдармен салыстырғанда республикамыздағы жол қауіп­сіздігін дамытудағы елеулі өзге­рістерге назар аудартты.

БҰҰ-ның арнаулы уәкілі ынтымақ­тастық туралы айта келе, әлемдегі жол қозғалысы қауіпсіз­дігі мәселесін қозғады. Ол қазіргі кезде тәртіп бұзушылықтар жүргі­зушілердің жол үстіндегі кішігі­рім қателіктерінен құралатынын жеткізді. Бұларға: жол қозғалысын тиісті деңгейде бақыламау; қауіп­сіздік белдігі сияқты ма­ңызды құ­рылғыларды пайдалану қажетін ескермеу; мас күйде көлік жүргізу; жүру ке­­зінде SMS жазу және тағы басқа түйт­кіл­дер жатады. Мұндай жағдайларды бол­дыр­мау және қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау жол-көлік оқиғаларының санын кем дегенде екі есеге қысқартады екен.

Кездесу барысында Сенат төра­ғасының орынбасары Қазақ­станның жүк транзиттік әлеуетін дамытудың мемлекеттік бағдар­ламасын іске асыру, көлік жолда­рын кеңейту мен сапасын жақсарту, сондай-ақ жол қозғалысы саласына тартылған барлық құрылымдардың және адамдардың құқықтары мен міндеттерінің нақты жүйесін рет­тейтін «Жол жүрісі туралы» заңын іске асыру туралы айтып берді.

БҰҰ Бас хатшысының жол қозғалысы қауіпсіздігі жөнін­дегі ар­наулы уәкілі Жан Тодт 2020 жыл­ғы 19-20 ақпанда Сток­гольмде өте­тін жол қозғалысы қа­уіпсіздігі жөніндегі үшінші Дү­ниежүзілік ми­нистрлер конфе­ренциясына қа­тысуға Қазақ­стан­ды да шақырды.