Ең арзан несие қайда бар?
Ең арзан несие қайда бар?
354
оқылды

Жамбылдықтар арасында елден ерек ең арзан бюджеттік кредит таратылады. Оның сыйақы ставкасы небәрі 2,5 пайыз болады. Несиенің жаңа түрінің егжей-тегжейі Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ел Үкіметінің отырысында жария етілді.

Үкімет басшысының орын­басары Бердібек Сапарбаев қа­рапайым тілмен айтқанда «су-тегін» несиені бірінші беру үшін не себепті дәл осы өңір таңдалғанын түсіндіре кетті.

– Жамбыл облысының эконо­микасы бізге жақсы белгілі. Бұл – бюджетке күні қараған дотациялық өңір. Халқының 60 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Қазақстандағы өзін-өзі жұ­мыспен қамтушылардың ең көбі де сонда. Сондықтан ұсынылып отырған жобаны қолдаймыз. Ең бастысы, жоба ауыл тұрғындарына өзін-өзі асырап, тұрмысын жақсартуға үлкен септігін тигізеді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын өркен­детуге мүмкіндік туғызады, әсіресе, жерді ұтымды пайдалану, тиімді мал өсі­ру, жер мен малдан алынған өнімді өңдеу жолға қойылуға тиіс, – деді вице-премьер.

Оның мәліметінше, аталған жо­ба арқасында кем дегенде 90 мың­ға жуық жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Нәтижесінде, Үкімет өңірдегі атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар қатары азаяды деп күтуде.

«Премьердің тапсырмасы бо­йынша бұл жобаны облыс әкімді­гімен бірлесіп, бірнеше рет талқы­ладық. Қаржыландыру жағын есеп­­тедік. Бірақ облыс әкімдігіне айтар ұсынысымыз бар: біз көп­теген жобаларды қолға аламыз, қаржы иге­реміз, алайда өкінішке қарай, түпкі нәтижеге жетпей қа­ламыз. Сол себепті бұл жобаны об­лыс басшылығы күнделікті түрде бақылауы керек. Егер пилоттық ауыл­дарда жоба жақсы нәтиже ­көр­сетсе, онда оны басқа об­лыстарға да енгізу қажет!» – деді Б.Сапарбаев.

Тұтастай алғанда, облыс тұр­ғындарының жалпы саны – 1 мил­лион 125 мың адам, оның ішінде 680 мыңы немесе 60%-ы ауылда тұрады.

Жамбыл облысының әкімі Ас­қар Мырзахметов ауылдықтардың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін жеке қосалқы шаруашылықтарды (ЖҚШ) қолдайтын нысаналы мем­лекеттік саясат қажетіне екпін түсірді.

– Қорасында мал ұстайтын, аула­сын­да бақша салатын жеке қосалқы ша­руа­шылықтарға өндіріс пен табыс көзі ретінде қарауға толық негіз бар. Бұған ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің 43%-ының және ет пен сүттің 60%-ының жеке қосалқы шаруашы­лықтарда өнді­ріліп отырғаны дә­лел. Әрі, бұл мемле­кеттің қолда­уынсыз істеліп отырған шаруа, – деді А.Мырзахметов.

Әкімдік облыстағы барлық 138 мың үйді аралап шығыпты. Талдау қорытын­ды­сы ЖҚШ-ларда табыс орта есеппен айы­на 25-30 мың теңгені құрайтынын көр­сеткен. Рас, табысы айына 500 мың тең­­геден айналатын үйлер де анық­талған екен.

Аймақ басшысы ЖҚШ-лардың жаппай жоғары табыс таба алма­уына «ұйымдастыру мәселесінің шешілмеуі» себепкер дейді. Мә­селен, ауылда өз қорасы мен бақшасында өндірген өнімді орта­лықтандырылған сатып алу және өткізу желілері жоқ, мал басын артты­райын десе жемшөп базасы жеткіліксіз, қажетті техника мен технологиялар қолжетімді емес, қаражатқа зәру.

Жаңа жоба бұқараға келесі ба­ғыттар бойынша мемлекеттік қол­дау шараларын ұсынады: өсімдік шаруашылығын, мал және құс ша­руашылығын дамыту үшін үй іргесіндегі телімдерді, сондай-ақ елдімекендерден тыс жерлерде әр ауыл тұрғынына тиесілі жер ресурс­тарын (пайлық жер үлесі, шабын­дық, жайлау, тағы басқасын) тиімді пайдалану; әр ауылдық округте қажетті техника, құрал-жабдықтары және айналым қаражаттары бар кооперативтер құру.

Әкімнің жоспарынша, осы шара­ларды қабылдау 131 мың отбасының не 600 мыңдай адамның ай сайын 128 мың теңге көлемінде тұрақты қосымша табыс табуына мүмкіндік береді. Бұл қазіргі табыс деңгейінен 4 есе артық. 68 мың өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар жеке кәсіпкерге айналады. Жалпы, ауыл шаруа­шылығы өнімі 34%-ға артады. Ет пен сүт өңдейтін кәсіп­орындар жүктемесі 30%-ға ұлғаяды.

Жобаның екінші кезеңі 2020-2021 жылдарға жоспарланған. Микро­кре­диттерді ауылдық елдімекендерде және шағын қалаларда ақырғы қарыз алушыға жылдық 2,5% ставкамен беру жоспар­лануда. Салыстыру үшін айтсақ, өзге өңір­лердің тұрғындары бүгінде ең арзан дегенде жылдық 6% сыйақы мөл­шер­лемемен ғана несие ала алады.

Жаңа несие түрін банктер де, мик­роқаржы ұйымдары да, тіпті «Даму» мен «ҚазАгро» да емес, «сенімді агент­тер» береді. Жамбыл облысы бұл рөлге «Тараз» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпо­рациясын бекітуде.

Осы орайда, Ауыл шаруашы­лығы министрлігі «Еңбек» өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2021 жыл­ға дейінгі мем­бағ­дарламасы ая­сында 0,01% ставкамен об­лыс әкім­дігіне бюджеттік кредит беруді ұсы­­нады. Өз кезегінде әкімдік се­німді агент­ті (орысша нұсқасы – «про­веренный агент») тарта отырып, ол бюджеттік кре­дитті ары қарай халыққа арзан несие тү­рінде үлес­тірмек. Ал сенімді агент ре­тін­де «Тараз» ӘКК ол несиені ақырғы қарыз алушыға әлгінде айтыл­ғандай, 2,5% сы­йа­қы мөлшерле­месімен беруге тиіс.

– Жамбыл облысы тұрғында­рының тұрмыстық табысын жақ­сартуға қатысты жоба облыстағы 131 мың отбасының табысын арт­ты­руға, оның ішінде 70 мыңға жуық өзін-өзі жұмыспен қамтыған және нәтижесіз жұмыспен қам­тылған аза­маттардың жеке кәсіпкер ретінде қалыптасуына, АӘК алу­шылар са­нын азайтуға өз септігін тигізеді, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Премьер жаңа несие кейін қай­тарылмайтын борышқа айналып, мемлекетке қосымша қиындық туғызбау қажетіне назар аудартты.

– Біздің алдымызда қазақ­стан­дық­тардың әл-ауқатын арттыру, өмір сапасын жақсарту міндеті тұр. Азаматтарға өздерінің кәсіпкерлік бастамаларын іске асыруға, несие­лерді оңай алуға, отба­сылық бизнес жүргізуге барлық мүмкін­діктерді жасауымыз қажет. Шағын несие беру – жай ғана аз пайызбен ақша та­ратуға айналып кетпеуге тиіс. Жобаны іске асыру кезінде қарыз ақшаны қай­таруға қатаң бақылау болуы қажет, – деді Үкімет басшы­сы А.Мамин.

Үкімет жетекшісі өңір басшысы Асқар Мырзахметовке аталған жо­баны сапалы және уақытылы орын­даудың маңызды екенін ескертті:

– Оны жүзеге асыру жұмыспен қамтудың өсуіне және жаңа жұмыс орындарының құрылуына, халық табысының артуына, коопера­ция­ның дамуына ықпал етеді деп се­не­міз. Асқар Исабекұлы, келесі жылы пилоттық жобаны іске асыру қоры­тындыларын қарастырамыз! – деді Асқар Мамин.

Премьер Ауыл шаруашылығы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне қыркүйек айының со­ңына дейін пилоттық жобаны іске асыру тетігін Үкіметтің қарауына енгі­зуді тап­сырды. Бұған қоса, жарияланған көрсет­кіштерге уақытылы қол жеткізуге тиісті ба­қылауды қамтамасыз етуді жүктеді.

Айта кету керек, жамбыл­дық­тар­ға игілік әкелер пилоттық жоба 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мембағдарламасы аясында жүзе­ге асырылады. Сондықтан ел Үкіме­тінің осы бағдарламаны бекіткен 2018 жылғы 13 қарашадағы №746 қаулысына өзгерістер мен толық­тырулар енгізетін жаңа қаулы жо­басы әзірленіп, қоғамдық талқы­лауға шығарылды.

Құжатта «Жамбыл облысы халқының табысын ауқымды және тиімді арттыру жөніндегі жоба» аясында ауылдықтарға ұсынылатын кредиттер мен микро­кре­диттердің «5 жылға дейін, ал мал шаруа­шы­лығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейінгі» мерзімге берілетіні жазылған. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2,5%-дан аспайды.

Түпкі қарыз алушыны, яғни арзан кредиттің кімдерге беріле­тінін «Тараз» ӘКК анықтайды. Корпорация несие таратудан табыс таба алады: оған қарыз алушының несие бойынша міндет­темелерін бұзуы себебінен алынатын комис­сияларды, алымдарды және өзге де төлемдерді өз қалтасында қалды­руына рұқсат етілмек. Бұл ретте мұндай комис­сиялардың, алымдар­дың, төлемдердің көлемі атқарушы билікпен алдын ала жазбаша келісуге тиіс.

Сонымен бірге сенімді агентке тап­сырманы орындағаны үшін бюджеттік бағдарламаның әкімшісі өз бюджетінің қаражаты есебінен сыйақы төлейді.

«Сенімді агенттерге бағдарла­маға қатысушылардың кредитіне немесе микрокредитіне байланысты бұдан басқа қандай да бір комис­сияларды, алымдарды немесе өзге де төлемдерді алуына тыйым салы­нады», – делінген әлгі құжатта.

«Тараз» ӘКК ай сайын есеп беріп, бюджеттік бағдарлама әкім­шісіне үлес­тірілген кредиттер мен микрокредиттер туралы ақпарат ұсынып отыруға міндетті.