Жамбылдықтар арасында елден ерек ең арзан бюджеттік кредит таратылады. Оның сыйақы ставкасы небәрі 2,5 пайыз болады. Несиенің жаңа түрінің егжей-тегжейі Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ел Үкіметінің отырысында жария етілді.
Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев қарапайым тілмен айтқанда «су-тегін» несиені бірінші беру үшін не себепті дәл осы өңір таңдалғанын түсіндіре кетті.
– Жамбыл облысының экономикасы бізге жақсы белгілі. Бұл – бюджетке күні қараған дотациялық өңір. Халқының 60 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Қазақстандағы өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың ең көбі де сонда. Сондықтан ұсынылып отырған жобаны қолдаймыз. Ең бастысы, жоба ауыл тұрғындарына өзін-өзі асырап, тұрмысын жақсартуға үлкен септігін тигізеді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын өркендетуге мүмкіндік туғызады, әсіресе, жерді ұтымды пайдалану, тиімді мал өсіру, жер мен малдан алынған өнімді өңдеу жолға қойылуға тиіс, – деді вице-премьер.
Оның мәліметінше, аталған жоба арқасында кем дегенде 90 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Нәтижесінде, Үкімет өңірдегі атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар қатары азаяды деп күтуде.
«Премьердің тапсырмасы бойынша бұл жобаны облыс әкімдігімен бірлесіп, бірнеше рет талқыладық. Қаржыландыру жағын есептедік. Бірақ облыс әкімдігіне айтар ұсынысымыз бар: біз көптеген жобаларды қолға аламыз, қаржы игереміз, алайда өкінішке қарай, түпкі нәтижеге жетпей қаламыз. Сол себепті бұл жобаны облыс басшылығы күнделікті түрде бақылауы керек. Егер пилоттық ауылдарда жоба жақсы нәтиже көрсетсе, онда оны басқа облыстарға да енгізу қажет!» – деді Б.Сапарбаев.
Тұтастай алғанда, облыс тұрғындарының жалпы саны – 1 миллион 125 мың адам, оның ішінде 680 мыңы немесе 60%-ы ауылда тұрады.
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов ауылдықтардың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін жеке қосалқы шаруашылықтарды (ЖҚШ) қолдайтын нысаналы мемлекеттік саясат қажетіне екпін түсірді.
– Қорасында мал ұстайтын, ауласында бақша салатын жеке қосалқы шаруашылықтарға өндіріс пен табыс көзі ретінде қарауға толық негіз бар. Бұған ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің 43%-ының және ет пен сүттің 60%-ының жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріліп отырғаны дәлел. Әрі, бұл мемлекеттің қолдауынсыз істеліп отырған шаруа, – деді А.Мырзахметов.
Әкімдік облыстағы барлық 138 мың үйді аралап шығыпты. Талдау қорытындысы ЖҚШ-ларда табыс орта есеппен айына 25-30 мың теңгені құрайтынын көрсеткен. Рас, табысы айына 500 мың теңгеден айналатын үйлер де анықталған екен.
Аймақ басшысы ЖҚШ-лардың жаппай жоғары табыс таба алмауына «ұйымдастыру мәселесінің шешілмеуі» себепкер дейді. Мәселен, ауылда өз қорасы мен бақшасында өндірген өнімді орталықтандырылған сатып алу және өткізу желілері жоқ, мал басын арттырайын десе жемшөп базасы жеткіліксіз, қажетті техника мен технологиялар қолжетімді емес, қаражатқа зәру.
Жаңа жоба бұқараға келесі бағыттар бойынша мемлекеттік қолдау шараларын ұсынады: өсімдік шаруашылығын, мал және құс шаруашылығын дамыту үшін үй іргесіндегі телімдерді, сондай-ақ елдімекендерден тыс жерлерде әр ауыл тұрғынына тиесілі жер ресурстарын (пайлық жер үлесі, шабындық, жайлау, тағы басқасын) тиімді пайдалану; әр ауылдық округте қажетті техника, құрал-жабдықтары және айналым қаражаттары бар кооперативтер құру.
Әкімнің жоспарынша, осы шараларды қабылдау 131 мың отбасының не 600 мыңдай адамның ай сайын 128 мың теңге көлемінде тұрақты қосымша табыс табуына мүмкіндік береді. Бұл қазіргі табыс деңгейінен 4 есе артық. 68 мың өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар жеке кәсіпкерге айналады. Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімі 34%-ға артады. Ет пен сүт өңдейтін кәсіпорындар жүктемесі 30%-ға ұлғаяды.
Жобаның екінші кезеңі 2020-2021 жылдарға жоспарланған. Микрокредиттерді ауылдық елдімекендерде және шағын қалаларда ақырғы қарыз алушыға жылдық 2,5% ставкамен беру жоспарлануда. Салыстыру үшін айтсақ, өзге өңірлердің тұрғындары бүгінде ең арзан дегенде жылдық 6% сыйақы мөлшерлемемен ғана несие ала алады.
Жаңа несие түрін банктер де, микроқаржы ұйымдары да, тіпті «Даму» мен «ҚазАгро» да емес, «сенімді агенттер» береді. Жамбыл облысы бұл рөлге «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын бекітуде.
Осы орайда, Ауыл шаруашылығы министрлігі «Еңбек» өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2021 жылға дейінгі мембағдарламасы аясында 0,01% ставкамен облыс әкімдігіне бюджеттік кредит беруді ұсынады. Өз кезегінде әкімдік сенімді агентті (орысша нұсқасы – «проверенный агент») тарта отырып, ол бюджеттік кредитті ары қарай халыққа арзан несие түрінде үлестірмек. Ал сенімді агент ретінде «Тараз» ӘКК ол несиені ақырғы қарыз алушыға әлгінде айтылғандай, 2,5% сыйақы мөлшерлемесімен беруге тиіс.
– Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға қатысты жоба облыстағы 131 мың отбасының табысын арттыруға, оның ішінде 70 мыңға жуық өзін-өзі жұмыспен қамтыған және нәтижесіз жұмыспен қамтылған азаматтардың жеке кәсіпкер ретінде қалыптасуына, АӘК алушылар санын азайтуға өз септігін тигізеді, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Премьер жаңа несие кейін қайтарылмайтын борышқа айналып, мемлекетке қосымша қиындық туғызбау қажетіне назар аудартты.
– Біздің алдымызда қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру, өмір сапасын жақсарту міндеті тұр. Азаматтарға өздерінің кәсіпкерлік бастамаларын іске асыруға, несиелерді оңай алуға, отбасылық бизнес жүргізуге барлық мүмкіндіктерді жасауымыз қажет. Шағын несие беру – жай ғана аз пайызбен ақша таратуға айналып кетпеуге тиіс. Жобаны іске асыру кезінде қарыз ақшаны қайтаруға қатаң бақылау болуы қажет, – деді Үкімет басшысы А.Мамин.
Үкімет жетекшісі өңір басшысы Асқар Мырзахметовке аталған жобаны сапалы және уақытылы орындаудың маңызды екенін ескертті:
– Оны жүзеге асыру жұмыспен қамтудың өсуіне және жаңа жұмыс орындарының құрылуына, халық табысының артуына, кооперацияның дамуына ықпал етеді деп сенеміз. Асқар Исабекұлы, келесі жылы пилоттық жобаны іске асыру қорытындыларын қарастырамыз! – деді Асқар Мамин.
Премьер Ауыл шаруашылығы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне қыркүйек айының соңына дейін пилоттық жобаны іске асыру тетігін Үкіметтің қарауына енгізуді тапсырды. Бұған қоса, жарияланған көрсеткіштерге уақытылы қол жеткізуге тиісті бақылауды қамтамасыз етуді жүктеді.
Айта кету керек, жамбылдықтарға игілік әкелер пилоттық жоба 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мембағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Сондықтан ел Үкіметінің осы бағдарламаны бекіткен 2018 жылғы 13 қарашадағы №746 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа қаулы жобасы әзірленіп, қоғамдық талқылауға шығарылды.
Құжатта «Жамбыл облысы халқының табысын ауқымды және тиімді арттыру жөніндегі жоба» аясында ауылдықтарға ұсынылатын кредиттер мен микрокредиттердің «5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейінгі» мерзімге берілетіні жазылған. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2,5%-дан аспайды.
Түпкі қарыз алушыны, яғни арзан кредиттің кімдерге берілетінін «Тараз» ӘКК анықтайды. Корпорация несие таратудан табыс таба алады: оған қарыз алушының несие бойынша міндеттемелерін бұзуы себебінен алынатын комиссияларды, алымдарды және өзге де төлемдерді өз қалтасында қалдыруына рұқсат етілмек. Бұл ретте мұндай комиссиялардың, алымдардың, төлемдердің көлемі атқарушы билікпен алдын ала жазбаша келісуге тиіс.
Сонымен бірге сенімді агентке тапсырманы орындағаны үшін бюджеттік бағдарламаның әкімшісі өз бюджетінің қаражаты есебінен сыйақы төлейді.
«Сенімді агенттерге бағдарламаға қатысушылардың кредитіне немесе микрокредитіне байланысты бұдан басқа қандай да бір комиссияларды, алымдарды немесе өзге де төлемдерді алуына тыйым салынады», – делінген әлгі құжатта.
«Тараз» ӘКК ай сайын есеп беріп, бюджеттік бағдарлама әкімшісіне үлестірілген кредиттер мен микрокредиттер туралы ақпарат ұсынып отыруға міндетті.