Шабуылды Иран жасады, дәлел бар - Эр-Рияд
Шабуылды Иран жасады, дәлел бар - Эр-Рияд
161
оқылды

Сауд Арабиясының Қорғаныс министрлігі сәрсенбіде Корольдіктің шығысында орналасқан мұнай шығаратын зауыттарға Иранның шабуыл жасағаны туралы дәлелдерді жариялайтынын хабарлады. Саудияға қарасты «Әл-Ихбария» мемлекеттік телеарнасы сәрсенбіде Қорғаныс министрлігінің өкілі осы себепті баспасөз конференциясының ұйымдастыратынын мәлім етті.

Қорғаныс министрлігі «Иран режимінің» Saudi Aramco нысандарына шабуыл жасағаны және шабуыл жасау үшін «Иран қолданған қару-жарақтарға» дәлелдер ұсынылатынын алға тартты.

Өткен сенбіде Саудияның мұнай өндіруші Saudi Aramco мұнай-газ компаниясына тиесілі нысандарға шабуыл жасалды. Салдарынан Корольдік мұнай өндірісінің 50 пайызын жоғалтып алды. Ал сейсенбіде елдің энергетика министрі Әбдел Әзиз бен Салман мемлекет шабуылдар салдарына қарамастан, мұнай экспортын қалпына келтіретінін және әлемдік аренада алған мінеттерін сол қалпы бұлжытпай орындайтындарына сөз берді.

Сауд Арабиясы жетекшілік ететін Араб коалициясымен соғыс қимылдарын жүргізіп жатқан Йемендегі бүлікші-хуситтер Корольдіктің мұнай өндіретін нысандарына шабуыл жасағандарын бұған дейін хабарлаған еді. Дегенмен, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео шабуылды Йеменнің жасағанынан дәлел жоқтығын айтып,оған Иранның қатысы бар екендігін алға тартты. Ал Тегеран болса, аталған айыптауларды негізсіз деп атап жоққа шығарды.