Қазақстан мен Ресей әскерлерінің оқу-жаттығуы басталды
Қазақстан мен Ресей әскерлерінің оқу-жаттығуы басталды
458
оқылды

Каспий теңізінде Қазақстан мен Ресей әскерлерінің біріккен теңіз оқу-жаттығуы өтіп жатыр.

ҚР Әскери-теңіз күштерінің «Орал», «Сарыарқа», «Маңғыстау» және «Қазақстан» ракеталық-артиллериялық кемелері Ресей Федерафиясы Әскери-теңіз күштерінің Каспий флотилиясымен бірлескен оқу-жаттығуына қатысып жатыр. Каспий теңізінің қазақстандық акваториясында өтіп жатқан оқу-жаттығу 22 қыркүйекке дейін созылады.

Жуырда Ақтау қаласының портына ресейлік «Татарстан» кемесі мен «Ступинец» катері, сонымен қоса 2 гидрографикалық кеме, ракеталық және рейдтік тралдар, құтқару буксирі мен кіші танкер келді.


Жаттығу барысында Қазақстан мен Ресей Әскери-теңіз күштері біріккен топтарының жаңа ұрыс формалары мен әдістерін зерделеуге басты назар аударылмақ. Екі елдің теңізшілері арнайы операциялар мен ұрысты жүргізу бойынша бірқатар мәселелерді пысықтап, кемелердің бірлескен іс-қимылын, тапсырманы орындау орнындағы маневрлерді жүзеге асырады. Оқу жаттығуға Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, контр-адмирал Сәкен Бекжанов жеке басшылық етіп жатыр.

Осы жаттығудың нәтижесінде екі елдің біріккен штабтарының үйлесімділігі бағаланып, офицерлердің біліктілік деңгейі сыналады. Бүгінгі күні біріккен оқу-жаттығуды өткізуден басқа, қазақстандық және ресейлік әскери теңізшілер Халықаралық армия ойындары барысында өзара іс-қимылдарды бірлесе өткізіп, машығын жетілдіруде.