«Жолдауды заңнамалық тұрғыда сапалы қамтамасыз ету – негізгі міндетіміз» – Мәулен Әшімбаев
«Жолдауды заңнамалық тұрғыда сапалы қамтамасыз ету – негізгі міндетіміз» – Мәулен Әшімбаев
151
оқылды
«Мемлекет басшысы экономика, әлеуметтік, саяси салаларға қатысты алдағы басымдықтарды айқындап берді. Президентіміз экономикалық өсімді қалпына келтіру, халықтың әл-ауқатын арттыру, құқық қорғау жүйесін әрі қарай жаңғырту, саяси реформаларды жалғастыру мәселелеріне тоқталып, Парламент пен Үкіметтің алдына нақты мақсаттар қойды. Жолдауда айтылған тапсыр­маларды заң­намалық тұрғыдан уақытылы әрі сапалы қамтамасыз ету – біздің негізгі мінде­ті­міз», – деді Сенат Төрағасы. Мәулен Әшімбаев сенаторлар өңірлердегі жағ­дайға мониторинг жүргізіп, халықты алаңдатқан өзекті мәселелерді шешуге атсалысқанына назар аударды. Жаз бойы еліміздегі және әлемдегі эпиде­миялық ахуал күрделі болғаны белгілі. Прези­денттің тапсырмасы бойынша қажетті қаражат бөлініп, тиісті заңнамалық актілер қабылданды. «Қазір жағдайдың тұрақталып келе жатқанын көріп отырмыз. Бірақ Президентіміз айтып өт­кендей, санитарлық-эпидемиялық режимге, сақтық ша­раларына баса мән беруіміз керек. Осы жолда де­путаттар Мемлекет басшысының тап­сырмалары аясында қажетті заңдар қабылдау жұ­мысын жал­ғастыратын болады», – деді Мәулен Әшімбаев. Сенат алдағы уақытта жаңа депутаттық құ­раммен жұмыс істейді. Нақты айтқанда, 2020 жылдың 12 тамызында Сенат депутаттарының сайлауы өтіп, оның қорытындысы бойынша Ольга Перепечина, Әли Бектаев, Сергей Ершов және Айгүл Қапбарова жаңа мерзімге қайта сайланды. Сондай-ақ сенаторлар қатарына жаңадан 13 депу­тат қосылды. Палатаның бүгінгі отырысы кезінде олар ант қабылдады. Өз кезегінде Сенат Төрағасы жаңадан сайланған депутаттардың қызметіне табыс тілеп, кәсіби бі­ліктіліктері мен мол тәжірибелерін заң шығару қыз­метінде кеңінен пайдаланатынына және Сенат жұмысына тың серпін беретіндеріне сенім білдірді. Сонымен қатар отырыс барысында Сенат Тө­рағасының орынбасары болып Нұрлан Әбдіров сайланды. Одан бөлек, Жоғарғы Палата коми­теттерінің құрамы белгіленіп, олардың төрағалары сайланды.