Сергелдеңге салмаса, шендінің асы сіңбей ме?

Сергелдеңге салмаса, шендінің асы сіңбей ме?

Осы өрісте алаяқтар да толып жүр. Халық өз меншігіндегі бас­панаға кездейсоқ жандардың тіркелгенін күн сайын әшкерелеп жатыр. Әрине, оның статистикасын жүргізген ешкім жоқ. Жауапты органдар оның себебі ретінде «базада қате кеткен» дей салады. Шынында, солай ма? Азаматтар «прописка» сатумен айналысатын көлеңкелі кәсіп иелерінің ХҚКО-ларда сыбайластары бар деген пікірде. Құқық қорғау органдары қолынан ұстап алмаған соң оны дәлелдеу қиын.  

Анда барам – жоқ, мында барам – жоқ...

Қапшағай қаласының тұрғыны Ержан Күдеринов көп жылдан бері өз баспанасын қорғау үшін алысып келеді. Ол көмек сұрап Әділет министрі Марат Бекетаевқа жүгініпті. Қайран болмаған. «Біздің қалалық халыққа қыз­мет көрсету орталығы үнемі пәте­ріме маған таныс емес әлдебір адамдарды тіркеп қоя береді. Заңгерлердің түсіндіруінше, заң бойынша менің келісімімсіз ешкім де олай жасай алмауы тиіс көрінеді. Өткен жылы ғана жүгіріп жүріп, біраз адамды шығартып таста­ғанмын. Жақында тексерсем, тағы бір топ адамды тіркеп қойыпты. Мұның артында сыбайлас жем­қорлық тұр ма, әлде өз ісіне нем­құрайды қараған маман жаңылы­са бере ме, білмедім. Билік осы салаға мұқият тексеріс жүргізсе артық болмас еді», – дейді ол. Елорда тұрғыны Л.Шаймар­данова да осы проблемаға маңдай соқты. «Мен eGov.kz порталындағы жеке кабинетімді тексерсем, өз пә­те­рімде жат адамның тұрақты тіркеуде тұрғанын анықтадым. Порталды жиі қарап оты­­­рамын. Осының алдында 2020 жылғы 22 маусымда кіргенмін, сонда бас­панамда отбасымның мүшелері ғана тіркеуде болды. Ал 14 шілдеде тіпті аты-жөнін бұрын естімеген әлдебір Шевцов дегенді тіркеп қойыпты. Мән-жайын білу үшін ХҚКО-ға бардым, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемкорпорациясына, «Ұлттық ақ­параттық технологиялар» АҚ-ына түсініктеме сұрап жүгіндім. ҰАТ-тағылар заңсыз тіркеу не Әділет министрлігі, не ІІМ-нің Көші-қон қызметі комитеті тара­пынан жүр­гізілгенін хабар­лады. ҰАТ маман­дары ұқсас оқи­ғаларға бұған дейін де кезік­кенін, шағым айтып кел­гендер болғанын мәлім етті», – дейді Лилия Шай­мар­да­нова. Ол атауында «әділет» деген ұлы ұғым ұлықталған министрлік қа­лай­ша мұндай әділетсіздік пен қия­натқа жол беретініне таң­ға­лады. Баспанаға бөтен адамның тір­келуі тіпті ойыншық емес. Оған бір күліп қоя салуға болмайды. Бірін­шіден, әкімдік пен комму­налдық кәсіпорындар осы деректер база­сына кіріп, үйде тіркелген адам санына қарай коммуналдық қыз­мет ақысын есептейді. Яғни, ұқып­сыз не жемқор шенеунік кесірінен зардап шегуші отбасы негізсіз шығын шегеді. Екіншіден, кейін ол адам лаңкес, ірі қылмыскер бо­лып шықса, бұл жайттан бейхабар үй иесінің басы бәлеге қалады. Үшіншіден, егер онысы педофил болса, әлгі үй арнайы картада ба­лаларға жәбір көрсететін қас­күнем тұратын мекенжай ретінде көрсе­тілуі ықтимал. Үйі бар қазақ­стан­дық­тардың үрейленіп, дабыл көте­ретіні де осыдан. Әділет министрі Марат Беке­таев мұндай шағымдардың бәріне стан­дартты, көшірме жауап жол­даумен жүр: «Өкінішке қарай, бұл мәселе Әділет министрлігінің құ­зы­рына жатпайды», – дейді ол. Шы­нында, «Жылжымайтын мүлік тір­келімі» мемлекеттік  деректер  қоры ақпарат­тық  жүйесін кезінде дәл осы меморган әзірлеп, жүргіз­гені мәлім. М.Бекетаев өзгелерге сілтейді: «Қазақстанның ішкі істер орган­дары туралы» заңына сәйкес, аза­маттарды есепке алуды, оларды тұр­ғылықты жері бойынша тіркеуді және тіркеуден шығаруды, респуб­лика шегінен тыс тұрақты тұрғы­лық­ты жерге кету құжаттарын рә­сімдеуді жүзеге асыруға ІІМ жауап­ты екенін жеткізді. Сон­дықтан осы тәрізді түйткілді шешу үшін Е. Тұр­­ғым­баев басқаратын ве­домство­­ға жүгінуге кеңес береді. Алайда бұл ұсынымы табанды емес. «2019 жылғы 12 шілдеде Үкі­меттің №501 қаулысымен бекітіл­ген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрлігі туралы ереженің 1-тар­­мағы бойынша дәл осы ми­нистрлік «электронды үкімет» са­ла­­сына және мемқызметтер көр­сету са­ласындағы мемлекеттік сая­­саттың дамуына басшылық ете­тін ме­мор­ган болып есептеледі. Осыған бай­ла­нысты аталған мә­се­лені ше­шу үшін Цифр­лық даму ми­нистр­лігіне жүгінуді ұсына­мыз», – дейді Әділет ми­нистрі. Мұндай тірлік адам басын доп қылып, әрі-бері тепкілеген «ше­неу­ніктер футболына» көбірек ұқ­­сайды. «Сергелдеңге салмаса, шен­дінің асы сіңбей ме?» деп бұқа­ра осыдан кейін қапаланады.  

Аппаратта ақау бар

Елорданың Есіл өзенінің сол жағалауындағы жаңа орталығында тұратын Нұржау Көшербай да жуырда жекеменшігіндегі пәтеріне өзінің келісімінсіз бөгде адамның тіркеліп алғанын байқапты. «Валиев деген адам заңсыз тір­кеуде тұр. Мен оны танымаймын. Ол кісіні тіркеуге өтініш берген жоқпын. Байламымша, ішкі істер органдары сыртымнан заңсыз түр­де тіркеген. Сол себепті ІІМ-нен Валиевті пәтеріме тіркеуден шы­ғаруды, осы оқиғаға бай­ла­нысты қызметтік тексеріс жүргі­зуді сұ­раймын», – дейді Н.Көшер­бай. Өз кезегінде, Ішкі істер ми­нистрі Ерлан Тұрғымбаев ресми блогында «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесінде азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы барлық мекенжай дерек­терін «мекенжай тіркеу коды» (МТК) негізінде бірыңғай қалыпқа келтіру шаралары қолға алынғанын хабарлады. Оның мәліметінше, Ішкі істер министрлігі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен, «Азаматтарға арналған үкімет» мемкорпорациясымен бірлесіп, тұрғылықты жері бойынша тіркеу­дің бизнес-процесін автомат­тандыру, сондай-ақ «электронды тұрғын үй кітабын» жүргізу мақ­сатында 2018 жылдан бастап МТК коды бойынша мекенжай мәлі­метінің бірыңғай форматына авто­матты түрде ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Министр Көші-қон қызметі комитеті Н.Көшербай шағымы бойын­ша тексеріс жүргізгенін айт­ты. Нәтижесінде, «электронды үкі­мет» порталында аталған ме­кен­­жай­да шынында Валиев деген адамның тіркелгені белгілі болды. – Бұған халықты құжаттандыру жүйесінің серверінде дәлме-дәл­дікті бақылау функциясының бұ­зылуына байланысты болған ап­­па­рат­тағы ақау себеп. Сал­дарынан оның тіркелуі туралы мәлі­мет «Же­ке тұлғалар» мемле­кеттік де­ректер қорына қате МТК коды­мен берілген және оны жүйе дұрыс деп таныған. Сонымен қатар ІІМ де­ректер қорының мәліметіне сәй­кес, Валиев Нұр-Сұлтан қала­сында басқа мекен­жайда да тір­келген. Яғни, оны басқа мекен­жайға тіркеу рәсімдерін көші-қон қызметінің қызметкер­лері жүргіз­ген жоқ. Ол ақаудың салда­ры, – деді Ішкі істер министрі. Қазіргі уақытта бұл азаматтың мекенжай мәліметтері өзектен­діріліп, түзетілген. Деген­мен үй ие­сі әр жаққа шағымданып шабыл­мағанда олқылық одан әрі қала беруі мүмкін еді. Жалпы, мұндай оқиғалар аз кездеспейтінге ұқсайды. Нұр-Сұл­тан қаласының тұрғыны Сымбат Жанбалтина керісінше өзінің өзге мекенжайға қате тіркелгенін біліп, оны түзеуге тырысуда. «Бала кезден елорданың оң жағалауында, «Алматы» ауданын­дағы оңтүстік-шығыс шағынау­данында өмір сүріп келемін. Тиі­сінше, осында тіркелгенмін. Еш­қайда көшкен емеспін. Әйтсе де, неге екені белгісіз, eGov.kz порта­лындағы салық төлеушінің жеке кабинетінде мені Нұр-Сұлтан қала­сының «Сарыарқа» ауданы «Колос» гараж кооперативі көше­сіндегі 77-үйге тіркеп қойыпты. Ол мекенжайға менің еш қатысым жоқ. Дерегімді түзету үшін ХҚКО-ға, «Азаматтарға ар­налған үкімет» мемкорпо­рация­сына, салық сала­сына жауап­ты Мемкірістер коми­тетіне жүгіндім, оның аяғы «фут­бол­­мен» аяқталды. Барлығы да жүйедегі әлдебір ақауға сілтейді. Бірақ жөн­демейді. Бұл неғылған жүйелі ақау?! Оны шеше алатын меморган не бір адам бол­ма­ғаны ма?», – дейді С.Жан­бал­тина. Халықтың осы кесір құбы­лыс­тарға күйінуі, шенеуніктер тір­лі­гіне көңілінің толмауы негізді. Қолжетімді баспана алу, жұмысқа тұру, баланы балабақшаға не мек­тепке орналастыру – бәрі-бәрі үшін елді мекенде тұрақты тіркелу талап етіледі. Азаматтар заңға бағынып, тіркелейін десе таудай проблеманың астында қалады. Енді Үкіметтің саланы бір үйле­сімге келтіргені маңызды. «Фут­болдың» билікке абырой әпер­мейтіні түсінікті болды.  

Елдос СЕНБАЙ