Телеарнаның хабарлауынша, сол төбелесте жүрек тұсына пышақ сұғылған адам ауруханаға жетпей көз жұмған. Облыстың тәртіп сақшылары адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қоғалғанын ғана айтып, одан өзге ақпарат бермей отыр.
Төбелеске қатысқандардың барлығы анықталып, қамауға алынды. Дегенмен бүгін оқиға орнына криминалистер келіп, қылмыстық іске қатысты айғақ заттарды тағы іздестіріп жатыр. Қарағанды қаласының тұрғыны Ибрагим Воджиевтің басы, кеуде тұсы және аяғына бытыра оқ тиген.
Тіпті үш бытыра қолына ұстаған картинаға да тиіпті. Дәрігерлер қарауынан кейін үйіне жіберілген ол кешегі күнді қорқа-қорқа еске алады. Айтуынша, үйінің алдына көлікпен келіп тоқтағанда бірнеше адамның ерегесіп тұрғанын көрген. Қас пен көздің арасында бір жігіт екіншісінің кеуде тұсынан пышақ ұрған. Ол құлаған сәтте қасындағы жақтастары пышақ ұстаған адамды атып түсіріпті. Екінші оқ Ибрагимге атылған.
Зардап шеккен Ибрагим Воджиев: «Көліктің жүксалғышынан картинаны алып жатқанда, мені ана пышақ ұрған жігітке көмекке келді деп ойлағаны анық. Әп-сәтте болды. Картинаны алып үлгергенше, маған оқ атылды. Бытыра үш жерден тиді. Жан сауғалап үйге қарай қаштым. Ұлым жедел жәрдем шақырды», – дейді.
Жедел жәрдем оқиға орнынан Ибрагиммен қоса тағы екі адамды алып кеткен. Пышақ жарақатын алған азаматтың ауруханаға жеткенше демі үзіліпті. Ал жақын жерден бытыралар аяғына тиген екінші азамат есін бүгін жиды.
Қарағанды қалалық №1 ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Дмитрий Матюшко: «Жағдайы бірқалыпты. Белінен төмен қарай, сан мен тізеден төмен тұсына бытыра оқ тиген. Шокқа қарсы іс шара жүргізіп, бүгін жансақтау бөліміне ауыстырылды. Есін жиды», – деді.
Тәртіп сақшылары оқиғаға қатысты «Тергеу құпиясы» деп тіс жармай отыр.