Білім Министрлігі vs UStudy: даудың басы 8 миллиард па?
Білім Министрлігі vs UStudy: даудың басы 8 миллиард па?
215
оқылды
Сөз басында бірден ескертейік, редакция ешбір жақтың сойылын соқпайды. Тек қоғамдағы кезекті мәселені зерттеуге тырысты. Орталықтың дегбірі қаш­қанын бірден байқауға болады. Олай болмай қайтсін, жеп отырған нанынан айырылып қалайын деп тұр. Өйткені Білім және ғылым министрлігі 35 тест орталығы мен ситуациялық орталықтың іргесін қалайтыны сөзімізге дәлел болады. Ең қызығы, ми­нистрлік осы ойын жүзеге асы­ру үшін Дүниежүзілік банктен 8 млрд 74 млн 880 мың теңге ал­мақ. Соманы оқу нәтижесіндегі алшақтықты жою үшін ауыл мек­тептеріне қолдау көрсету мен муль­тимедиялық жабдықтармен жабдықтауға жұмсамақ. Соның ішінде тест орталықтарын салу жайы бар. Соңғысы UStudy брендімен жұмыс істейтін U-FUTURE ком­паниясының шамына тиді. Өйткені қарамағында 300 білікті маманды біріктірген ұжым бірнеше жылдан бері мұғалімдердің арасында білік­тілік тестін өткізуді қолға алған-ды. Сонымен қатар орталық оқушылар арасында ерекше тестке дайындалу жүйесімен танымал. Себебі ком­пания мектеп оқушыларынан тест алуды 2009 жылы бастаған-ды. Қазір еліміздің 20 өңірінде UStudy орталығы жұ­мыс істейді. Ал тамыр жайып келе жат­қан компания не үшін ми­нистрлікке жақпай қалды?  

Тартыстан зардап шегетін кім?

Байқасаңыз, министрлік осы арқылы шығынды көбейтіп, артық жұмыс арқалағысы келетін тәрізді. Өйткені аталған компанияның арқасында 2019 жылы мектеп мұ­ғалімдерінің ұлттық біліктілік тестін өткізу бойынша 170 млн теңгеден астам қаражатты бюд­жетке қайтарылды. Ал 2020 жылы орталық 300 млн теңгеден астам қар­жы үнемдейміз деп отыр. Естеріңізде болса, UStudy 2019 жылы Білім министрлігімен бір­ге 10 жыл бойы мемлекеттік ем­тиханның 3 түрін тегін өткізуге келіскен-ді. Бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқасында жүзеге асқан еді. Жоғарыдағы көрсеткіш тек бір емтиханды өткізуде үнемделген қаржыны ай­қындады. Ал аталған емтиханның 2 жылда бір рет өтетінін ескерсек, компанияның  бюджетке салмақ салмайтыны белгілі. Кә­сіп­кер Қайрат Құдайбергеннің айтуынша, мемлекет 10 жыл ішінде біліктілік тестінен 3 млрд теңге үнем­дей ала­ды. Ал компания басшысы Олжас Хайроллаұлының айтуынша, ор­та­лыққа 4,3 млрд теңге жеке ин­вестиция тартылған. Жоба ау­ма­ғын кеңейту мақсатында өңірлік орталық санын 20-дан 53-ке дейін көбейту жоспарда бар екен. Ол үшін қосымша 1,5 млрд теңге ин­вестиция тарту көзделген. Ком­пания аталған 33 өңірлік орта­лықтың денін моноқалалар мен үлкен аудан орталықтарынан ашуды қалайды. Өйткені бұл ауыл балаларына сы­наққа лайықты түрде дайындалуға септігі тиетінін алға тартады. Әрі олар 2030 жылға дейін жобаның географиялық аумағын кеңейтіп, шетелдермен жұмыс істеуді мақсат тұтады. Ал амбициясы зор, жоспары ай­қын жобаны министрліктің ығыс­тыруына не себеп? Министрліктің жауабын біз­дің де білгіміз келді. Жауапты ор­ганның баспасөз қызметіне күні бұрын жазып, жауап күттік. Десек те, министрліктің неліктен елде бар жобаға шетелден қаржы алуға бел байлағанын біле алмадық. Хабары жоқ. Есесіне, UStudy орталығының басшысы Олжас Хайроллаұлы жағдайды тәп­тіштеп түсіндіріп берді.
«Егер министрлік Дүниежүзілік банктен қарыз алса, оның пайызы бар екенін ескерген жөн. Негізінен, ақша ауыл мен қала арасындағы алшақтықты жоюға жұмсалады. Ал министрлік соны бұрып, Үкімет қарамағында тест орталықтарын салуды көздеп отыр. Бірақ бұл инфрақұрылым бізде бар. Сөйте тұра шығынданса, министрлік бюджетке салмақ салады. Оған оп­ер­ациялық, капиталға қатысты шы­ғындарды қосыңыз. Мұның бәрі қыруар қаржыны талап етеді», – дейді Олжас Хайроллаұлы. Осыдан кейін зардап шегетін кім? Әрине, мұғалім мен оқушыға зияны тиеді. Орталық басшысы мемлекеттік тапсырыстан түскен ақшаны үнемдейміз деп отыр. Ай­туынша, компания статистиканың бәрін онлайн көр­сетеді. Орталықта оны бұрмалауға мүмкіндік жоқ. Бір сөзінде Олжас Хайроллаұлы биыл өткен ҰБТ-ға да сын айт­ты. «Кеудесімен камераны жа­уып көмектескен кезекші, оқушы қал­тасындағы телефонға көз жұма қа­раған қызметкер білім сала­сындағы жемқорлықтың тыйыл­мағанын көр­сетеді», – дей­ді ол. Ал UStudy  компьютерлік тестілеу орталығында мұндайға қатаң  шек­теу қойылған. Оқушы мен мұ­ғалімді металл анық­таушы құрал­дан  бастап түрлі тексеріс күтіп тұрады. Осылайша, компания объективті көрсеткіш жасауға құ­мар. Мәселен, бұрын мұғалімдердің біліктілік тестінен педагогтердің 60-70%-ы өтсе, қазір 44-45%-ы ғана дәрежесін дәлелдеп шығады. Олжас Хайроллаұлы мұны қа­таң тексеру мен академиялық ад­­ал­дыққа ұм­тылудың көрсеткіші екенін айтады. Ал цифрлардың өзгеруін бұрын көзбояумен жүр­гізілген есеп, жүр­дім-бардым ұйым­дастырылған курстың нәтижесі деп отыр. «Өр­леу» орталығы, НИШ өкілдері мұғалімдерді біліктілік курсынан өткізгенімен, сапа жоқ. Өйткені олар UStudy өткізген тесттен өте алмай жатыр. Мұның бәрі осыған дейінгі «бармақ басты, көз қысты» әрекеттің нәтижесі. Осылай жалғаса берсе, білім саласы дамымайды», – дейді компания бас­шысы.
 

Біліктілік тесті неге кейінге қалды?

Айтпақшы, биыл мұғалімдердің біліктілік тесті бірнеше рет кейінге қалды. Оған себеп министрліктің UStudy-ге қырын қарауы. Сал­дарынан мұғалімдер біліктілік үшін алатын қосымша ақысынан қағылған екен.
«Өздеріңізге белгілі, минис­трлік тест өткізуді тоқтатты. Жаз бойы бірнеше рет ауыстырды. Мұғалімдер біліктілік тестін тап­сыра алмай, 1 қыркүйекте үстеме­ақыларын ала алмай қалды. Ұстаз­дардың зардап шеккені тағы бар. Компанияның жағдайды жар са­лып, жанайқайын жеткізуінің бір себебі – осы. Сондықтан Елбасы мен Президенттен қолдау сұрап жатырмыз», – дейді Олжас Хай­ролла­ұлы.
Иә, мұны компанияның әлеу­мет­тік желідегі парақшасынан бай­қауға болады. Мұғалімдер мен елдегі беделді тұлғалар орталықтың жағдайын түсініп, жоғары жақтан араша сұрады. Соның бірі – белгілі кәсіпкер Қайрат Құдайберген. Ол бұл жағдай туралы UStudy-дің Facebook парақшасынан білген екен. Кәсіпкер министрліктің бұл әрекетін түсінбеген.
«Елімізде экономикалық дағ­дарыс болып жатыр. Бір жағынан індетпен күреске барынша күш салып жүрміз. Біз осы тұста 35 тест орталығын салу үшін Дүние­жүзілік банктен 8 млрд теңге қа­рыз алмақпыз. Ал елімізде за­манауи үлгідегі тест орталығы бар. Оның үстіне, оған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 4,3 млрд теңге инвестиция құй­дық. Нәтижелі жұмыс істеп отыр. Министрліктің  позициясын бай­қаған басқа да кәсіпкерлер енді МЖӘ жобаларды алуға аяқ тартып қалады. Бұл жағдайда мемлекет нәтижесіз оператордың күйін кеш­пек. Мұндай жобаның басым бөлігін бизнеске беру керек. Жо­баларға кедергі жасамаса игі. Өйт­кені мемлекет араласқан жерде жем­­қорлық пайда болуы мүмкін», – дейді Қайрат Құдайберген.
Әлеуметтік желіде пікір қал­дыр­ған оқырмандар да кәсіпкер пі­кірімен келіседі. Олар да мем­лекеттен еншісін бөліп алған жобаларда ғана даму барын айтады. Осы тұста министр Асхат Аймағамбетов қызметке келгелі бері академиялық адалдық туралы сан рет айтқанын білеміз. Ал тура жолмен жүруді мақсат еткен министрдің сөзден тайқуына не себеп болды? Расымен, білім саласы жемқорлықтан көз ашпағанының белгісі ме? Білуімізше, орталыққа білік­тілік тестін қайталап тапсырудан болмашы ақша түседі. Оның үстіне қайталап тапсыру ұстаздардың өз еркінде. Әрі тесттің жыл бойынша белгілі лимиті бар. Байқауымызша, жауапты орган тесттің негізгі жүгін UStudy-ге артқысы келмейді. Не­ліктен? Қауқарымыз келмей қалады деп ойлайтын сияқты. Жоғарыда айтқандай, саланы бизнеске берсек, жемқорлық дерегі азаяды. Ал бұл фактор кімге тиімсіз? Демек, солар білім саласындағы біраз ақшаны қармап қалғысы келеді. «Уысымда ұстасам, әмір беру оңай болады» дейтін сыңайлы. Министрлік пен UStudy орталығы арасындағы тар­­тыстың қалай аяқталатыны бел­гісіз. Сондықтан компания Мемлекет басшысына сөзіміз жет­­се дейді. Халық үніне құлақ асатын мемлекет жекеменшік ком­панияның арызын қарайтын болар. Ал министрлік өкілдері жағ­дай туралы мәлімдеме жаса­са дейміз. Өйткені 4,3 млрд ин­вестиция мен 8,074 млрд қарыздың арасында айыр­машылық бар емес пе?  

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ