Әкім орынбасарының айтуынша, облыста КВИ мен пневмония көрсеткіші айтарлықтай төмендеген. Қазіргі кезде облыс көлемінде 42 адам КВИ, ал 401 адам пневмониядан емделуде. Дегенмен індеттің болуы мүмкін екінші толқынына қарсы тұруға дайындықты естен шығармаған абзал. Осы отырыс барысында белгілі болғандай, індетпен күрес шаралары үшін медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 6,6 млрд теңге бөлініпті. Дайындық шараларының ішінде компьютерлік томограф, пульсоксиметр, виброакустикалық аппарат, рентген аппараты, жасанды тыныс алдыру аппараты, концентратор сияқты құрал-жабдықтар мен арнайы автокөліктер сатып алу жоспарланған. Алдағы кезде КВИ-ді емдеуге жұмылдырылған медициналық ұйымдардың жанынан кислородтық стансалар орнатылады және 140 «жедел жәрдем» автокөлігін сатып алу қарастырылған. Қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған 8 ПТР зертханасында күніне 1 500 зерттеу жүргізілсе, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 3 500-ге жеткізуге мүмкіндік бар екенін айтқан Б.Байжұманов облыста 1 айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар екенін, оған қоса тағы екі айлық қор болатын дәрі-дәрмекке тапсырыс берілгенін де баяндай кетті. Талдықорғанда жаңадан салынып жатқан инфекциялық аурухананың жабдықталуы, кадрлық қамтылуы жайлы да мәлімет берді. Аталмыш ауруханада 452 штаттық бірлік белгіленсе, соның біраз бөлігі облыстағы медициналық ұйымдардан, 143 медицина қызметкері жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа алынады. Сонымен бірге еліміздегі медициналық жоғарғы оқу орындарымен де келісімшарттар жасалып, жас мамандар тарту көзделіп отыр. Облыс әкімі Талдықорған көпсалалы ауруханасы мен Алматыдағы облыстық көпсалалы клиникалық аурухананың КВИ емдеуде өңірдегі негізгі екі орталық болатынын баса айтты. Сондықтан осы екі ауруханада індетті емдеуге қажетті аппараттардың санын, қажеттілігін түгендеуді және соған сәйкес сатып алынатын аппараттардың түрлері мен көлемін анықтауды тапсырды. – Өңірдегі екі аурухана КВИ-дің екінші толқынына толық дайын болуы үшін олардағы барлық қажетті құрал-жабдықтар түгел болуы тиіс. Коронавирус инфекциясы әсіресе, созылмалы аурулары бар сырқаттарға ауыр тиетіндіктен, бізде инфекционистер ғана емес, басқа да маман дәрігерлер ем шараларына әзір тұрғаны жөн. Әсіресе, ауыр науқастарды емдеп, өлім-жітімді болдырмауда мұның маңызы аса зор. Сондықтан құрал-жабдықтар бойынша жасаған талдау-есептеріңді қайта қарап, толықтырып, нақтылауды тапсырамын. Жаңа инфекциялық аурухананың құрылысы, оған қажетті қаржы, жабдықталу мәселесі толығымен шешілген. Сондықтан ол мекемеде біз кадрлық құрам жасақтауға бірден кірісе беруіміз керек. Инфекциямен күресте негізгі күш осы ауруханаға түседі. Сондықтан онда мықты кәсіби мамандар топтастырылуы тиіс. Сырттан тартылған мамандардың әлеуметтік жағдайын да назардан тыс қалдырмауымыз керек, – деді Амандық Баталов.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы