Қымбат тұлпар жарға жықты
Қымбат тұлпар жарға жықты
160
оқылды
Оқиға орнына тергеушілердің жедел тобы аттанған. Оларға шаруа қожалығының 27 жасар басшысы аса қымбат тұратын, ағыл­шын тұқымына жататын атын түнде әлдекімнің ұрлап кет­кенін мәлім етті. Қылмыс орнын, ондағы айғақзаттарды мұқият зерттеген полицейлер бұл қылмысты сол құнды арғымақты бағып-күткен адам жасады деген байламға келіпті. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті, атап айтқанда 33 жасар жылқышы ұсталды. Тәртіп сақшыларының әбжіл қимылы арқасында қыл­мыскер жүйрік тұлпарды са­тып үлгермей қалды. Алақол малшының үстінен Қылмыстық кодекстің «мал ұрлау» деп ата­латын 188-1-бабы бойынша қыл­мыстық іс қозғалды. Бұл бап мүл­кін тәркілеуді және 3 мың АЕК-ке (8 млн 334 мың теңгеге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салуды немесе 5 жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды қарастырады. Қазіргі кезде тергеу жүргізілуде. Ал Алматы облысында авто­жол үстінде көкпар тартқандар жа­уапкершілікке тартылды. Осы­ның алдында әлеуметтік же­ліде Қарасай ауданындағы тас­жол үстінде бір топ аттының ав­то­көліктерге кедергі келтіріп, олардың алдарынан ойқастап, көкпар ойнаған бейнежазбасы жарияланды. Интернетке тұрақ­ты мониторинг жүргізетін поли­цейлер сол роликке жолығады. Бейнежазбада 20-30 аттылы адам жол қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті өрескел бұза отырып, Алматы – Бішкек автожолы бо­йында, Қарасай ауданының Бұ­лақты ауылының маңында рұқсатсыз жарыс ұйымдастырған. Полиция қызметкерлері оларды анықтау және жазалау үшін шара қабылдады. Қабылданған шаралар нәтижесінде көкпарды бастаған және оған белсенді атсалысқан Бұлақты кентінің 8 жергілікті тұрғыны табылды. Осы тұрғынның бәрі Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 434-бабының 1-бөлігіне сәйкес «ұсақ бұзақылық» жасағаны үшін жауапкершілікке тартылып, айып­пұлмен жазаланды.  

Елдос СЕНБАЙ