Жалақысын алмай жүр талай қазақ баласы

Жалақысын алмай жүр талай қазақ баласы

Елімізде жұмыс істеп тұрған 39 кәсіпорын екі мыңға жуық адамның еңбекақысына 683 миллион теңге берешек. Сонымен бірге, банкрот деп жарияланған мекемеден жалақы ала алмай жүрген 2,3 мың жұмысшы бар. Жалпы алғанда, бүгінде 125 кәсіпорын жұмыс­керлеріне 1,6 миллиард теңге қарыз.

Бұл жалған сөз емес, жоға­рыда келтірілген есепті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елорданың жекелеген кә­сіпо­рындарындағы еңбек қатынас­тарының проблемалық мәсе­лелеріне арналған кеңес бары­сында мәлімдеген болатын.

Иә, маңдай терімен тапқан жалақысын ала алмай жүрген­дердің басы екі-үш ай болса, арысы екі-үш жылға кеткендер де бар. Көбіне мемлекеттік Ең­бек инспекциясы немесе жер­гілікті әкімдіктер араласқанда ғана мәселе шешілетіні өтірік емес. Мысалы, банкрот болып, кә­сібін жауып, жалданған жұ­мыс­шыларына еңбекақысын бермей келген мекеменің бірі Ақтөбе бейметалл құбырлар зауыты болатын. Кәсіпорын 2016 жылдан бастап 135 қызмет­керіне 63,8 миллион теңге кө­лемінде жалақы бермеген. Осы жылдың алғашқы тоқсанында зауыт жұмысшылары күтуден шаршағанын, несиелерін өтей алмай отырғанын айтып, әкім­дікке барып шағымдарын жа­саған. Осыдан кейін ғана іс іл­гері жылжыған. Кездесу кезінде зауыттың банкрот болғаны, ал­ғашқы сатылымда өтпей қалғаны белгілі болды. Міне, осының арқасында мекеменің жаңа иесі анықталып, алдымен жұмыс­шылар алдындағы қарызы өтелген.

Қызылорда облысында 13 кәсіпорынның 784 жұмыс­шысына 136,7 миллион теңге кө­леміндегі еңбекақы дау туған соң ғана қолдарына тиген.

«Рязанов атындағы Мос­тос­троительный отряд – 25» ЖШС-дағы жанжалдың себебі де жа­лақыны ұзақ уақытқа кешіктіру кесірінен болған. Бүгінгі таңда еліміздегі бұл компанияның жал­пы берешегі 30 миллион тең­геден асып кеткен, оның 5 жа­рым миллион теңгесі астанаға тиесілі екен. Міне, осы бас қала­дағы жұмыскерлер осы жылдың қыркүйегінде тағы да наразылық митингісін ұйымдастырды. Тағы да дейтініміз – олар осының ал­дында, шілдеде көтеріліп, аштық та жариялаған болатын. Сонда күн өтпестен құрылысшылар жалақыларын алды. Бірақ толық емес. Іштерінде табан ақы, маң­дай терімен тапқанын тоғыз айдан бері ала алмай жүргендері бар. Бұл жолы наразы топ мер­дігер компанияның директоры Тимур Накусовты да шақырды. Төзімі таусылған кейбір құры­лысшы жұмыс орнын тастап кет­кен. «Бұған дейін тізімі жібе­ріл­ген жұмысшыларға жалақысы сол күні төленді. Жұмыс беруші еңбекақы бойынша 9 млн теңге берешегін қайтарды. Қазір 5 жа­рым миллион теңге әлі қалып тұр», – деп түсіндірді Нұр-Сұл­тан қаласының бас мемлекет­тік еңбек инспекторы Ерлан Исмағұлов.

«Шар құрылыс» компа­­ниясы кеңсесінің алдына да еңбекақыларын төлеуді талап етіп 50 шақты жұмысшы жинал­ған болатын. Олар кей жұмыс­шылардың «алты айдан бері ең­бекақысыз жүргенін» айтады.

«Кейбіреулерге төрт ай, енді біреулерге жарты жыл бойы төлеген жоқ. Өткен жолы өтініш жаздық. Бастық «осы аптада төлеймін» деген. Бірақ апта өтіп кетті», – дейді құрылысшы Әбілда Бидашев. Ол төлейтін ақшам болмағандықтан жалдап тұрып жатқан пәтердің иесі баспанадан шығуды талап етіп жатыр деп шырылдауда.

Құрылыс компаниясының директоры Берік Аманов болса, жұмысшыларға берешек ақшаны төлеуге уәде етеді. Сөзіне сенсек, олар төрт ай бойы еңбекақыны төлей алмаған, берешек 250 мил­лион теңге екен.

Бұл жағдай – Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­­лігінің бас ауруы. «Қазіргі уақытта республиканың жұмыс істеп тұрған 39 кәсіпорнында жа­лақы бойынша мерзімі өткен бе­решек сомасы 1,8 мың жұмыс­кер­ге 683 миллион теңгені құ­рай­ды. Елордада заң талаптарын ес­кермейтін және 2 айдан астам уақыт жұмысшыларына жалақы төлемейтін кәсіпорын басшы­лары да кездеседі. Бұл, ең алды­мен, «Шар-Құрылыс» ЖШС (326 жұмыскерге 206,5 миллион теңге) және «ДжиЭлБи» ЖШС (10 жұ­мыс­керге 59 миллион тең­ге), жал­­пы қарызы 265 мил­лион тең­ге», – дейді Біржан Нұрым­бетов.

Дегенмен өз құқығын толық білмей, «жабулы қазанды, ашпай қалдырып» кететін жұмысшылар жетерлік. Олардың көбі жалдан­ған кезде келісімшартқа отыр­май, артынан ақшасын ала ал­май­­ды да, өз еңбегін даулай ал­май қалады. Бірсыпырасы өз құ­­қы­ғын қорғауға да арланады. Бірақ маңдай термен тапқан ақ­шаның игілігін кім көргісі келмейді?

«Бүгінде жалақы бойынша берешек үлкен мәселе ретінде бақылауда тұр. Осы орайда әлеу­меттік әріптестер бірлесіп, құ­қық қорғау органдарымен бірге әр өңірде арнайы штабтар құр­ды», – дейді Біржан Нұрымбетов.

Айта кету керек, штабтар кез-келген ақпарат көздерінен алын­ған мәліметтерді ескере отырып, туындаған мәселелерді шешу бағытында жұмыс жүргізеді. Ендеше, әр жұмысшы еңбек қатынастарында құқығы бұзыл­са, бірінші Еңбек инспекциясына жазбаша түрде шағым қалдыруы керек. Арызда аты-жөніңіз, лауа­зымыңыз, қай мекемеде, қандай бөлімде жұмыс атқарып жатқа­ныңыз және қандай еңбек қате­лігі болғаны жайлы неғұрлым толық аппарат беруге тиізсіз.

Еңбек заңнамасын сақтау – кез келген кәсіпорынның тұ­рақ­тылығы мен табыстылығының кепілі. Ал уақытында еңбекақы төлемеген мекеме сенімге селкеу түсірсе керек.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ