Биыл 21-24 қаңтар аралығында Швейцарияның Давос қалашығында 50-рет Халықаралық экономикалық форум өтті. Бұл жолы 53 елдің басшысы мен жүзден аса миллиардер бас қосты. Бас-аяғы екі мыңдай қонақ келді. Осынша мейман 4 күн бойы жаһанды мазалаған мәселелерді талқылады. Мұнда әріптестер де, көзқарастары мүлде кереғар Д.Трамп пен Г.Тунберг те бар. Сонымен, саясат пен бизнестің серкелері жиналған Давос форумында биыл қай тақырыптар талданған? Жыл сайын қаңтардың соңында Швейцарияның тыныш жатқан Давос қалашығына әлемнің назары ауып, жүздеген жеке ұшақ осында ат басын бұрады. Қауіпсіздікке миллиондаған доллар жұмсалады. Президенттер, миллиардерлер, ғалымдар, түрлі саланың қайраткерлер, беделді журналистер ортақ мәселені талқылауға асығады. Ал Давостың маңайына пикет өткізуге оқталған белсенділер келеді. Олар да өздері көтерген мәселеге саясаткерлер мен медианың назарын тартуға талпынады. Қысқасы, 50 жыл бойы осы бір сценарий қайталанып келеді. Барлығының басы-қасында Давос форумының негізін қалаушы профессор, экономист Клаус Шваб жүреді. Айтпақшы, Шваб мырзаны сонау 2001 жылы Қазақстан 1-дәрежелі Достық орденімен марапаттапты. Алайда ол кісінің Альпі мен Алатау баурайындағы елдердің достығына қандай үлес қосқаны белгісіз. Биылғы форумның негізгі тақырыбы экология болды. Жаһандық жылыну, мұздық пен айсбергтің еруі, Австралия, Сібір және Амазонка ормандарының өртке орануы – барлығы да әлем халқын алаңдатып тұр. Алайда экология тақырыбында бас ауыртпауды жөн көретіндер де табылады. Соның бірі – АҚШ президенті Дональд Трамп. Ол экологиядан көрі экономиканы жоғары қоятын саясаткер екені мәлім. Осы Давос форумында ол экоқозғалыс өкілдерін сөзімен түйреп өтті. «Біз үнемі апатты болжап, ақырзаман төндіретін «пайғамбарларды» жоққа шығаруымыз тиіс. Қазір пессимизмнің емес, оптимизм уақыты. Біз социалистерге экономикамызды бұзуға жол бермейміз», – деді ол. Экономикамызды бұзады дегені экологтер көмір қышқыл газының ауаға бөлінуін азайту үшін зауыттарды жабу керек дейді. Зауыт жабылса, жұмыс жоғалады, экономика кері кетеді. Сондай-ақ бұл форумға Швециядан шыққан жас экобелсенді Грета Тунберг те шақырылды. Тунберг пен Трамптың жас айырмашылығы алшақ болса да, экология мәселесінде көзқарастары алуан түрлі. Сондықтан екеуінің пікір қақтығысы болуы әбден мүмкін еді. Тунберг форумның сессиясында Швециядағы 18 айлық митингі жайлы айтып, әлем көшбасшыларына ғалымдарға құлақ түруге кеңес берді. «Біз климаттың өзгеруін қазіргі дағдарыс ретінде сипаттамасақ, оны шеше алмаймыз. Біздің ұрпақ оңай берілмейді. Біздің үйіміз өртеніп жатыр, ал сіздердің бейқамдығыңыз отты үдете түседі» деп ұрандатып жіберді. Алайда форум басталмас бұрын Клаус Шваб климаттың өзгеруімен күрес мәселесінде популизмнің қауіпті екенін ескерткен еді. Форумға жас белсенділерден тек Г.Тунберг қана келген жоқ. Пуэрто-Рикодағы дауылдан зардап шеккендерге көмек қорын ұйымдастырған Сальвадор Гомеза-Колон, Замбияда әйелдер мен қыздардың құқығын қорғайтын Наташа Мванса, Канададағы Анишинаабе тайпасының ауызсу мәселесімен айналысатын Отем Пелтиер де шақырылды. Бұдан бөлек, жиын барысында америкалықтар Еуропаны газды қарсылас тараптан (Ресей) емес, АҚШ-тан сатып алуға шақырды. Ал Халықаралық еңбек ұйымының төрағасы Гай Райдер әлемде 188 млн жұмыссыздың болуына қарамай, еңбек нарығында аса қауіп жоқ деп мәлімдеді. Давос форумына алғаш рет қатысқан Украина президенті Владимир Зеленский Еуроодақтан шығып бара жатқан Ұлыбританияның орнына Украинаны қабылдау қажет деп мәлімдеді. Брюссельдегі еуробасшылар бұл месседжге құлақ аса ма, жоқ па, оны уақыт көрсетер. Сонымен, жаһандық мәселені жылына бір ретін талқылап, пысықтап алатын Давос форумы аяқталды. Жүздеген кездесу өтті, сессиялар ұйымдастырылды. Дегенмен бұл жиын жыл өткен сайын нақты пайдасы бар форумнан гөрі пиар алаңға айналып бара жатқандай. Нұрмұхамед БАЙҒАРА