«Бақытты отбасы» бақытқа бөлеуде
«Бақытты отбасы» бақытқа бөлеуде
331
оқылды

Шымкенттік Мұсаевтар отбасы жақында көптен күткен қуанышқа кенелді. Олар қалада «Бақытты отбасы» бағдар­ла­ма­сы бойынша алғаш болып пәтер кілтіне қол жеткізді.

Ақтолқын Төлегенқызы – ал­ты баланың анасы. Отағасы Ер­­бол екеуі үш ұл, үш қызды тәр­­бие­леп отыр, өзі қаладағы №2 Ә.Бөкейханов атындағы мек­теп мұғалімі. Биыл сәуір айын­да қуаныш иелері Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ке­ңес беру орталығына келіп, жа­­ңа бағдарламаның жаз айы­нан бас­тап жүзеге асырыла бас­тай­­ты­нынан хабардар болады. Де­по­зит ашып, бастапқы жар­на­ны жинай бастаған. Ал шілде айында бағдарлама бастала са­лы­сымен көпбалалы отбасы сана­ты бойынша қалалық тұрғын үй басқармасынан жолдама алып, төлем қабілетін растайды. Осы­­лайша, Мұсаевтар отбасы «Нұр­сәт» шағынауданынан екі бөлмелі пәтерге қол жеткізеді.

«Бақытты отбасы» Шымкентте алғашқы отбасын осылайша бақыт­қа бөледі. Жалпы, биыл Шы­м­кент қаласында 26 үй, 1164 пә­тер пайдалануға беріледі деп кү­тілуде. Тұрғын үй «7 – 20 – 25», «Нұрлы жер» бағдарламасы ая­­сында салынып, желтоқсан айын­да пайдалануға берілмек. Шым­кент қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы бас­қар­масының міндетін атқару­шы Мәлік Әбдінұровтың айтуынша, үшінші қалада тұрғын үйге мұқтаж 39 170 адам тіркелген.

– Бүгінде «Тұрғын үй қаты­нас­тары туралы» заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, «Батыр ана» атағын алған, «Алтын алқа», «Кү­міс алқа» алқаларымен мара­пат­­талған көпбалалы аналар мен отбасылардың тізімі бөлек шы­­ғарылды. Бұл санаттағы мұқтаж­дар­дың саны – 4 152 адам, – дей­ді М.Әбдінұров. Айта кетейік, «Ба­қытты отбасы» бағдарламасы бойынша биыл 17 шілде мен тамыз аралығында тұрғын үй кезе­гінде тұрған азаматтардан бағдарлама талаптарына сәйкес келетін 1010 азаматтан өтінім қабылданған.

     

Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы