«Мамин коронавируспен күреске бөлінген миллиардтардың есебін берсін» – Нұржан Әлтаев
«Мамин коронавируспен күреске бөлінген миллиардтардың есебін берсін» – Нұржан Әлтаев
Фото: Интернеттен алынды
227
оқылды
Телеарнаның хабарлауынша, Нұржан Әлтаев вируспен күреске бөлінген қыруар қаржының қалай, қайда жұмсалғанын премьердің өзі түсіндіріп беруі тиіс деп отыр. Өйткені денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктің жарасы Елжан Біртановты орнынан алып тастаумен бітпейді дейді депутат. Мәжіліс депутаты Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында төтенше жағдай кезіндегі отандық медицинаның мүшкіл халін де атап өткен. Көкейіндегісін бүкпесіз жеткізуге тырысқан депутат Үкімет қолда бар мүмкіндікті пайдалана алмағанын ашық айтты. Әлтаевтың айтуынша, елімізде қажетті медициналық құрал-жабдықтар жеткілікті. Сақтандыру жүйесінің жұмысы жүріп тұр, дәрі-дәрмектерді үйлестіретін құрылымдар да қамсыз емес. Әрі кадр даярлайтын оқу орындары да түлектерімен мақтанады. Бірақ соған қарамастан, отандық медицина вирустың соққысын тойтаруға қауқарсыз болып шықты. Осы салаға жыл сайын қарастырлатын қыруар қаржыны айтпағанда, коронавируспен күрестің өзіне бөлінген миллиардтардың есебіне жету қиын. Әлтаев вирус ушыққан уақыттағы ауруханалардағы орын тапшылығы мен дәрі-дәрмектің қолдан жасалған жетіспеушілігін де айтты. Осындай келеңсіздіктер мен кем-кетіктерді тізген ол, есепті енді Үкімет басшысының өзі берсін деп отыр.
Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев: «Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, мен сізді Парламентке келіп, халық алдында және халық өкілдері алдында коронавируспен күресте атқарылған жұмысқа есеп беруіңізді сұраймын. Қыруар қаржының қалай игерілгенін, коронавирус құрбандарының саны мен ауыр жағдайдың себебін айтып берсеңіз. Әйтпесе, Денсаулық сақтау министрін алып тастады да, сонымен бәрі тынышталып қалды. Ал болған жағдайға кім жауап береді?» – деді.