Бұл тұрғыдан келгенде мемлекет тәуелсіздік алған сәттен бергі уақытта жасалған тиісті реформалар мен құқықтық нормаларға енгізілген түзетулер жоғарыдан төменге қарай бағытталғанын байқаймыз. «Nur Otan» партиясы да саяси әдебиетте біріктіруші партия ретінде сипатталады. Яғни, мемлекет тәуелсіздік алған жылдар мен өтпелі кезеңдерде саяси процестің берік іргетасы рөлін атқару міндеті жүктелген ұйым болатын. Алайда тәуелсіздік алғаннан бергі 29 жыл ішінде Қазақстан басқару жүйесі мен құрылымдарын толық қалыптастырып, қоғамның біртұтастығын қамтамасыз етіп болды. Енді саяси реформалардың сипаты өзгеретін кез келді. Праймериз осындай қадам деп білемін. «Nur Otan» партиясының жергілікті мәслихаттар мен Парламент Мәжілісіне партиялық тізім арқылы ұсынылатын үміткерлерді партияішілік сайлау арқылы іріктеуді қолға алуы Қазақстандағы саяси реформаларға «төменнен-жоғарыға қарай» ұстанымы дендеп ене бастағанын көрсетеді. Бәлкім, бұл бастаманың маңызына қазір баға беру қиын болатын шығар, алайда жылдар өте бұл саяси қадамның әсері сезілетін болады. Праймериз арқылы белсенді азаматтарды іріктеудің екі түрлі әсері бар. Біріншіден, заң шығару және мемлекет басқаруда қабылданатын түрлі шешімдерге көпшіліктің өздері праймериз арқылы іріктеген азаматтар ықпал ету мүмкіндігі артады. Екіншіден, саясатқа жастар көптеп араласатын болады. Бірақ осы тұста жергілікті жерлерде астыртын түрде праймериз нәтижелеріне ықпал етуге, жастар мен әйелдердің саясатқа араласуына кедергі келтіруге тырысатын топтар пайда болуы мүмкін екенін естен шығармау қажет. Өз басым «Nur Otan» партиясы туындауы мүмкін кез келген кедергіні жоюға әзір деп ойлаймын. Ал праймериз Қазақстанның саяси тарихындағы бетбұрыс кезеңінің басы деп білемін.
Куршад ЗОРЛУ, профессор, саясаттанушы